Қамшы

Қамшы – халқымыздың өмірінде маңызды орын алған тұрмыстық құрал ғана емес, сонымен қатар мәдени-рухани мәнге ие қасиетті бұйым. Ол көшпелі тұрмыста жылқыны айдауға, жауынгерлік өнерде қару ретінде қолданылғанымен, оның символикалық мағынасы тереңде жатыр.

Қазақ қоғамында қамшы негізінен атқа мінгенде қажет құрал ретінде пайдаланылады. Ол мал айдауға да, аңшылыққа да, тіпті өзін-өзі қорғауға да жарайтын әмбебап бұйым болды. Қамшының бірнеше түрі бар:

Жай қамшы – тұрмыстық мақсатта қолданылса, дойыр қамшы – қалың әрі қатты, көбінесе қайыстан өрілген, кейде сабына қорғасын құйылып жасалатын ауыр болады. Ал, бестай қамшы – бес таспадан өрілетін сәнді әрі берік болып келді. Күмістелген қамшы әшекейленген, көбінесе сыйлық ретінде берілетін немесе салтанатты жиындарда қолданылады.

Жаугершілік заманда қамшы қару ретінде де пайдаланылған. Әсіресе, дойыр қамшы қарсыласты есінен тандыратындай соққы бере алатын қару ретінде де саналған. Халқымыз үшін қамшы тек тұрмыстық құрал емес, оның әлеуметтік, діни және наным-сенімдік мәні де зор.

Қамшы биліктің, көшбасшылықтың символы ретінде қарастырылған. Қазақ хандары мен билері қамшыны қолынан тастамайтын. Оны төрге іліп қою – үй иесінің беделін көрсету деген мағына беретін.

Аталарымыз қамшының ұшын қара жерге ұрып тұрып айтылған бата мен дұғаның ерекше күші бар деп сенген. Кейбір әулиелер мен бақсылар қамшыны тылсым күштің құралы ретінде пайдаланған.

Қазақ халқы қамшыны бәле-жаладан сақтайтын қасиетті бұйым деп білген. Оны үйдің кіреберісіне іліп қою арқылы жын-шайтаннан қорғануға тырысқан. Жаңа туған баланың бесігіне қамшы іліп қою – жын-періден сақтау үшін жасалған ырым.

Ежелде қазақ арасында «қамшыға сүйену» деген дәстүр болған. Қыз ұзату кезінде қалыңдыққа қамшы ұстатып, «осы шаңырақтың иесі – ерің» деген ишара білдірген. Сондай-ақ, қамшыны төрге іліп қою – отбасыдағы татулықтың белгісі ретінде қарастырылған.

Қазақтың жыр-дастандарында, мақал-мәтелдерінде, шешендік сөздерінде қамшы сөзі жиі кездеседі. Мәселен,  «қамшының сабындай қысқа ғұмыр» – адам өмірінің өткінші де қысқа екенін білдіретін сөз. «Қамшы басу» жылдамдықты арттыру деген мағынада айтылса,  «қамшы салдырмау» жұмысын біреудің қайта-қайта айтуынсыз-ақ өзі бітіріп салу дегенді білдіреді.

Қамшы – қазақ халқының мәдениетінде ерекше орын алған, тұрмыстық құралдан бөлек, рухани мағынаға ие болған қасиетті бұйым. Ол биліктің, ерліктің, татулықтың және қорғаныстың белгісі ретінде қарастырылған. Бүгінгі таңда қамшы ұлттық мұра ретінде сақталып, қолөнер бұйымы ретінде жоғары бағаланады.


Досхан ЖҰМАХАНҰЛЫ, 

Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығының ғылыми 

қызметкері.

Пікір қалдырыңыз