Анасы бар адам – алтын тәждің иесі

Анам көп сөйлемейтін, ерекше сұлу, тірлігі тап-тұйнақтай әйел еді. Нағыз ақылшы, өте сауатты, сөздің қадіріне жететін, екі сөйлемейтін нағыз сырбаз, сыршыл кісі болатын. Өзі 1972 жылы Ақбастау ауылындағы Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектепті күміс медальға тәмамдаған.
Бір сабақтан төрт алсақ, жетекшіміз Мырзатай Өтенбекұлынан ескерту келсе, бізге оңай болмайтын, ол кезде көмекке әкем келетін.
Біз мектепке жаяу баратын едік. Бірде бір топ оқушы мектепке дейін жаңа жауған қармен атысып, ойнап бардық. Сірә, көп жүріп қалсақ керек, біз жақындаған кезде қоңырау соғылды. Қоңырау үні естілісімен жүгіріп-ақ барғанбыз, сонда да кешігіп қалдық.
Барлығымызды мұғалімдер бөлмесіне тұрғызып қойып, ұстаздарымыз үйімізге телефон соға бастады. Ағайымыз бәріміздің үйдегі телефон нөмірін жатқа білетін еді.
Біздің үйге қоңырау соққанда тұтқаны анам көтерді. Анамның биязы дауыспен телефонға жауап бергенінің өзі қандай ерекше еді. «Телефонды әкем алса екен» деген тілегім орындалмады. Ағай: «Қызыңыз 54 секунд кешікті. Ерте тұрып, қадағаламайсыздар ма?» деп жатты. Анамда әдетінше үн жоқ, ол сөйлемеген сайын мен қорқып барамын. Қысқасы, сол күні үй де жиналды, тамақ та істелді, кір де жуылды…
Мен қателессем, еңбекпен «жазалаған» анашым өмір бойы ең сенімді, ең ақылды, ең үлкен жанашырым болды. Соңғы сәтіне дейін өмір жолымда кезіккен әрбір сынағымда орнымнан тұрғызып, демеп, күш берді. Бүгінде анамды тек сағынышпен еске алып, ойша сөйлесемін, қиялмен еркелеп, бір жылап, бір күлемін.
Маған анасы бар адамдардың барлығының басында алтын тәж бар секілді болып көрінеді, не деген бақытты жандар десеңізші!
«Әкесі бар – қалқанды батыр, анасы барлар – алтын тәждің иесі. Жандарыңызда жүрген жұмақ иелерін құрметтеп, сыйлай біліңіздер» дегім келеді.
Ал, менің жұмағым, сырласым, ақылшым, орны толмас сағынышым әрдайым жүрегімнің төрінде
сақталады.
Айнұр ӘУЕЛБЕКОВА.
Бәйдібек ауданы.