«Қиямет-қайым» – дәуір шындығы
Бұрындары көпшілік арасында өздерінің оқыған кітаптарынан алған әсерін айтып, өзара талқылап жататындар көп еді. Қазір де оқырман аз емес, бірақ олардың ой-пікіріне баспасөз беттерінен көп орын беріле бермейді. Егер әлдебір шығарма туралы өз ойымызды жазып жатсақ, оның өзі жастарды кітап оқуға жетелеген болар ма еді деген де ой келеді. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде Баян Тіленшинаның таяуда өзім оқыған «Қиямет-қайым» романы туралы үндемей қала алмадым.
«Киіз үстінде етпеттей жатқан Апақай шошып оянды». Романның осы алғашқы сөйлемі бүкіл шығарманың психологиялық табиғатынан хабар береді. Басты кейіпкер Апақайдың ауыр тағдыры, сергелдеңге түскен өмірі... Тағдыры тәлкекке, ғұмыры азапқа айналған кейіпкердің бұл жағдайына тек соғысты кінәлай алмайсың, адам-қасқырдың (Байжан шолақ) қатыгездігінен жалғыз ұлынан айырылып, есі ауысып кеткен қайран Апақайдың қасіретті тағдыры ешкімді бей-жай қалдырмайды.
Автор өз шығармасында өмір шындығын көркем шындыққа айналдыра білген. Характерлерді шебер ашуы қаламгердің қазақи болмысты жыға танитындығын аңғартады.
Иә, болыстың қызы Апақайға кезінде қызықпаған жігіт жоқ, бірақ ол Әуелбектей азаматты таңдайды. Кенеттен басталған соғыс оны бар бақытынан айырады. Азаматын майданға аттандырған Апақай перзенттерін жетілдіру үшін бар қиындыққа, бар азапқа төзіп бағады. Шолақ белсенді Байжанның жымысқы әрекеті арқылы автор сол замандағы әйел образының азапты болғанын әдемі жеткізеді. Осындағы кейбір эпизодтар еріксіз езу тартқызғанымен, өмір шындығы екеніне иландырады. Өз дегені болмаған Байжанның адам айтса сенгісіз қиянатқа (үйін кішкене баласы Орынбасармен қоса өртеткізіп жіберуі) баруы оқырманды бей-жай қалдырмайды. Бұл азапқа шыдамаған Апақай ақырында майданнан оралған күйеуін танымай қалады. Қайран Апақайдың делқұлы жағдайы оны Сайрамдағы жындыханадан бір-ақ шығарады. Оқиға желісінде айтылатын мекенжайлар мен диалектілер таныс болғандықтан оқырман құдды оқиға ортасында жүргендей әсерге бөленеді. Бір ғана Апақайдың басынан өткен жағдайларды суреттеу арқылы автор оқырманның көз алдына сол уақыттың шындығын әкеледі. Қаншама адамға азап шектірген соғысқа кім кінәлі деген сұрақ туады.
Романда Апақайдың делқұлылау өмірінде өзіне медеу, көңіліне жұбаныш берер жалғыз үміті бар. Ол тұрмыстағы жалғыз қызы Жәмила. Бірақ, оның да тағдыры мәз емес. Сағынып барғанда қызының басындағы сөлекеттеу жағдайды көріп, тағы да көңілге селкеу түсіріп алудан қорқады. Оңашада қызына қайрат беріп, «Олар да адамнан туылған ғой, неғыпты. Балдарыңды сүйіп отырғанда, шыли қорлай бермес. Енең мен байыңды сыйлай біл» деп ақылын айтады. Бұл ана жүректің ешкімді жамандыққа қимайтын алғаусыз көңілінен туған лепес емес пе?!
Апақайдың басындағы азапты дерті мен ауыр қайғысын айналасынан гөрі мақұлық та болса қара күшігі көбірек сезетін секілді. Бұл автордың ұтқыр көркемдік тәсілі десек, шығарманың тағы бір жерінде Апақайдың өлең болып төгілген зарының (шолақ Байжанның өзіне күйеуге шығуға ұсынысына, қоқан-лоққысына шыдай алмай көз жасына ерік беріп, өлеңдеткен сәті) тыңдаушылары ақ ұлпа мақталар. «Кең далада жүйек жүйелеп тізілген аппақ үлпілдек мамық мақталар бес құлағын бірдей едірейтіп, Қызтумастың зарын тыңдады».
Автордың портреттік суреттеулерінің өзінен кейіпкер характерінен көп сыр түйгендейсің. «Іркілдей кеңкілдеген әйелдің көзі зәрлі еді». «Күлгендегі кескінінің өзін жылап тұр ма деп қалғандай, сызбеттеніп тұрар еді».
Бұл – Апақайдың құдағиы, яғни қызы Жәмиләның енесі. Оның аярлығы сол кішкентай бауыры Орынбасардан өлідей айырылып, есі ауысқан шешесінен тірідей айырылып, есеңгіреген Жәмиланы өз баласына зорлықпен қосуы, зымияндықпен өз шешесінен алыстатып, тек өз дегенімен жүргізіп-тұрғызып, тіпті баласына таяқтатқызып алуы, бәрі-бәрі Апақайдың жанына батады.
Романда, сондай-ақ фольклорлық элементтер белгілі бір дәрежеде көркемдіктің жүгін көтеріп тұр деуге болады. Кейіпкерлерінің аузында жиі кездесетін қазақтың мақал-мәтелдері, ритуалдық наным-сенімдері, қыз бен жігіт айтысы, Апақайдың өлең болып төгілетін мұң-наласы, қазақ халқына тән салт-дәстүрі (Қызтумастың жеңгесі Қалампырдың Аппақ ай деп еркелете ат қоюуымен байланысты Апақай атануы), жас баланың қойнына мақта салып, «мақтадай ақ жолды болсын» деп тілек айтуымен бала ата-анасы оған жиын өткізуі, жүйке ауруының қатты қозуы мен басылуын шілденің түсуі, шығуымен, құс қайтуымен байланыстыра суреттеуі. Балаға бата берілуі сияқты көркемдік детальдар романның поэтикалық қуатын да аңғартқандай.
Бір сөзбен айтқанда, Б.Тіленшинаның «Қиямет-қайым» романы оның прозадағы қаламгерлік қуатын айқындап берген туынды. Автор соғыс кезіндегі бір ауылдың тыныс-тіршілігін суреттеу арқылы бір кезеңнің шындығын жайып салады. Мұны автордың алға қойған мақсатының орындалғаны десек, қателеспейміз.
Жадыра ОРАЗАЛИЕВА,
кітапханашы.