Кітап деген әлем бар...

Мақсат Қарғабай,
«Оңтүстік Қазақстан».

Кітапхана – жұмбақ әлемнің кілті, барлық жақсылықтар мен қуаныштардың мекені. Ол адамдардың бір-біріне сыйластығын, құрметін арттырады. Кітапхана, кітапханашылар десе, менің есіме бірден Эльмира Бейсеқұлова жетекшілік ететін созақтық кітапханашылар түседі. Шеттерінен іскер, бәрі де өз істерінің мамандары. Жаңа келіп жатқан жас мамандар ұжымға тез сіңісіп кетеді. 

1998 жылғы 11 қарашада Созақ ауданына атақты жазушы, қайраткер тұлға Шерхан Мұртаза сапарлап келіп, осы кітапханаға бас сұққан, жұмыстарымен танысқан. Сол сапарында Шерағаң «Сәуірбек атындағы кітапхананы көріп, қызметімен танысып, осы жерде жұмыс атқаратын қарындастардың өз ісіне пәруана берілгендігіне дән риза болдық. Білім бұлағы, иман ұясы, тәрбие бесігі кітапхана – халықтың рухани ошағы. Оның оты сөнбесін!» деп өз қолтаңбасын қалдырыпты. 
Созақ ауданындағы орталық кітапханаға келген сыйлы қонақтар, елге белгілі қаламгерлер, өзге ұлт өкілдері тек жылы сөз айтады. Өйткені, мұнда кітап қоры баршылық, кітапханашылар да іздеген дүниеңді тез тауып бере қояды. Олардың қатарында Алмара Мырзатаева, Сәуле Бораншиева, Айжамал Баймұрзаева, Алтын Ақбалаева секілді нағыз өз ісінің мамандары бар еді. Бәрі салмақты, салиқалы, байсалды, білікті, терең білімді, жан дүниелері бай кітапханашылар болатын.
Аузын айға білеген, қолын күнге сермеген Шыңғыс хан, Әмір Темір дәуірлерінде, одан бергі қалмақ-жоңғар шапқыншылықтары басталмай тұрған қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған замандарда әлемнің түкпір-түкпірінен келген жиһанкездер, саяхатшылар мұнда өздерімен бірге кітап әкелмеуі мүмкін емес қой деген де ойға берілем кейде. Бір кездері Созақта да үлкен кітапхана болған шығар, бәлкім. Болса қай жерде екен?..
Бір замандарда Созақ шаһарына мына шеті Орта Азиядан, мына шеті Ресейден Түркістан қаласы арқылы керуендер келген. Олар Созаққа Суындық асуы арқылы келіп, сахараға ілім нәрін өздері әкелген кітаптар арқылы таратқан.
 Сонымен қатар, Бабата ауылындағы Ысқақ баб кесенесінің іргесіндегі медреседе кітапхана болғанын көнекөз қариялар айтып отырушы еді. Сол кітаптар жоңғар шапқыншылығында, кешегі қызыл өкіметтің әпербақан саясаты кезінде жоғалып, жыртылып, өртеніп, көрінген қуысқа көміліп, шіріп кетті.  Ендеше, неге Созақ аудандық кітапханасына «Фараб кітапханасы», «Отырар кітапханасы» сияқты «Созақ кітапханасы» деген ат бермеске?
Созақ елінің аяулы қызы, Теріскей жұртының шуақ шашар сәулесіне айналған перзенті «Құрмет» орденінің иегері, Созақ ауданының құрметті азаматы Сәуле Еденбаева кезінде журналистерге берген бір сұхбатында «Кітапханаларды жапқанда барлық кітаптарды балабақшаның жертөлесіне сақтадық. Бір кітаптың шашауын шығармадық. Бұл жерде марқұм Айжамал Аймұрзаеваның еңбегін ерекше айтуға болады. Екі мыңыншы жылдары халықтың әлеуеті біршама көтерілгенде біз ауданда он екі кітапхана аштық. Сақтаған кітаптарды кітапханаларға қайтадан өткіздік» дегені бар еді. 
Бір замандарда Сәуле сияқты кітаптарды аман сақтап қалған ізгі ниетті адамдар болған шығар. Сол кітаптар ғайыптан табыла кетсе, үлкен жаңалық болар еді деп тағы да қиялға берілесің...
Иә, кітап – білімнің ортаймас тайқазаны, ілімнің қайнар көзі, дананың сарқылмас сыйы, жан-дүниеңнің жаһұтты жамалы. Ендеше, жүрген жерімізде кітап іздеп жүруді дағдыға айналдырып, бір-бірімізге кітап сыйлап үйренейік, ағайын!

Пікір қалдырыңыз