Мамандығының мәртебесін асырған жан

Өңірімізде 40 жыл бойы кітапханашы болып жұмыс істеген Раушан Нұрпейісқызы үшін былтырғы жыл жарқын естеліктерге толы жыл болды. Кейіпкеріміз Қазақстан кітапханашылар одағының «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгісімен марапатталды.

Раушан Нұрпейісқызы Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтының «Кітапханатану және библиография» факультетін бітіргеннен кейін еңбек жолын Түркістан аудандық комсомол комитетінде нұсқаушы болып бастады. Аудандық партия комитетінде 18 жыл кітапхана меңгерушісі болып жұмыс істеп, облыстық «Кітап» қоғамының жауапты хатшысы қызметін де абыроймен атқарды.
1993 жылы аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне директор болып қызметке тағайындалды. Балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында орталық кітапхананың тізгінін ұстаған Раушан Нұрпейісқызы өңірдегі кітапханаларды жабылып қалмауы үшін аянбай тер төкті.
1997 жылы ауданның тарауына байланысты қалалық кітапханалар жүйесінің бөлім меңгерушісі қызметін атқарып, 1999 жылы Түркістан қалалық мәдениет бөліміне бас маман болып ауысты. 2008 жылы зейнеткерлікке шықты.
Бүгінде Раушан Нұрпейісқызы зейнеткерлік демалыста. Алайда, зейнеткермін деп қарап отырмай, қоғамдық жұмыстарға белсенді түрде араласып, игілікті істердің бел ортасында жүреді. Бұл жайлы Сауран аудандық аналар алқасының төрайымы Нышанкүл Жұманова былай дейді: 
«Раушан Нұрпейісқызы өңіріміздегі жас кітапханашыларға үлгі боларлық жан. Ол әлі күнге дейін қала, аудан көлемінде өткізілетін іс-шараларға қатысып, жастардың бойына салт-дәстүрлерімізді сіңіріп, оларға рухани тәлім-тәрбие беруге атсалысып келеді. Жасыратыны жоқ, қазіргідей елдің бәрі әлеуметтік желіге байланып қалған уақытта, кітапхана ісін қайта жаңғырту кезек күттірмейтін мәселе. Саналы ғұмырын кітапхана саласына арнаған Раушан Нұрпейісқызы секілді ардақты аналарымыз ұрпағымызды кітап оқитын ұлтқа айналдыруға үлкен үлес қосуда». 
Әрине, Раушан Нұрпейісқызының бұл еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол 2015 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесінің шешімімен «Аялы әже» медалімен, 2022 жылы «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісімен, 2024 жылы «Аяулы ана» орденімен марапатталды. Сонымен қатар, Раушан Нұрпейісқызының есімі облыстық ақсақалдар алқасы шығарған «Аялы әжелер», «Түркістанның жұлдызды қыздары», «Өмірлері өнеге», «Ұлы Жібек жолы бойындағы рухани кітапхана» атты жинақтарға енген. Бүгінде кейіпкеріміз Түркістан қалалық әйелдер алқасының мүшесі ретінде де бірқатар іс-шараларды атқарып келеді. 
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде берген тапсырмасына орай Оқу- ағарту министрлігі «Оқуға құштар мектеп» республикалық жобасын қолға алған болатын. Бәріне бірдей топырақ шашуға болмас, десек те, мектептердің көбінде бұл жобаның жүзеге асырылуы көңіл көншітпейді. Білім ошақтары оқушыларды кітап оқуға шақыратын бұрыш ұйымдастырумен ғана шектеліп қалмаса екен деймін. 
Мұғалімдер, сынып жетекшілері ата-аналармен бірлесіп, жас буынның кітап оқуға қызығушылығын ояту мақсатында нақты да жүйелі жұмыс жүргізсе екен. Айталық, оқырмандар конференциясын, «Мені қызықтырған кітап» тақырыбына эссе жазуды, «Кітап оқуға құштар сынып» атты байқау ұйымдастыруды дәстүрге айналдырса, «Оқуға құштар мектеп» жобасын жүзеге асыру анағұрлым нәтижелі болар еді. 
Иә, кітап оқуды дағдыға айналдырған жанның өмірден ұтары көп. Кітап – рухани қазына, баға жетпес құндылық. Олай болса, сол құндылыққа жақын болу, оны үнемі жанына серік ету – адами қасиеттердің біріне айналғаны абзал, – дейді Раушан Нұрпейісқызы.

Ләззат САРЫБАЕВА.
Пікір қалдырыңыз