Тұскілем

Қазақ халқының күнделікті тұрмыста қолданған заттарының барлығы көшпелі және жартылай көшпелі өмірге лайықталып жасалған. Киіз үйдің жасау-жабдықтарынан бастап қолданылатын барлық бұйымдары жүннен тоқылып, мақта-матамен кестеленеді. Сондай бұйымдардың бірі – тұскілем. Ол – қазіргі кезде музейлерден ғана тамашалай алатын, көпшілік ұмыта бастаған қазақтың құнды қолөнер туындысы.

Тұскілемді көбіне төсектің үстіңгі жағына кілем орнына ілетін болған. Оның астыңғы етегі төсектен көрінбейтін болғандықтан жиектелмейді. Бұл бұйым пүліш немесе барқыт сияқты матадан тігіліп, өрнектеліп жасалады. Сонымен қатар, оны ел ішінде жылқы терісінен және терінің арнайы өңдеуден өткен күдері деп аталатын түрінен жасайтын шеберлер болған. Мұндай бұйымдарды көбінесе ауқатты адамдар сонау ХVIII-ХIХ ғасырларда жасатқан. 
Х.Арғынбаевтың «Қазақ халқының қолөнері» атты еңбегінде келтірілген осы үлгідегі (ХIХ ғасырда былғарыдан жасалған) тұскілемнің бірі Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік музейінің қорында сақталған. 
Тұскілем бұйымдардың ішіндегі ең көрнектісі болып табылатындықтан, ол үйге сән беретін болған және үй иелерінің тұрмыс жағдайы мен дәрежесін білдірген. Ол қыз жасауы қатарына қосылған, кейде қыздың өзі тігетіндіктен қалыңдықтың шеберлігін, ісмерлігін де көрсететін болған. 
 «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының қорында сақталған тұскілемнің өлшемі 112х208 сантиметр. 
– Тұскілем «П» әрпі тәрізді болып келген. Ол түрлі-түсті жіптермен кестеленген. Ақ пен қызыл түсті жіпті кезек түсіріп айналдыра шеңбер жүргізілген. Шеңберлердің ішкі бөлігіне қошқар мүйіз оюы қарама-қарсы түскен де, арасына су жүргізіліп, ішкі бөлігі бес жұлдыз пішінді етіп бейнеленген. Жиектемеде оюлармен гүл тәрізді өрнектер кезектесіп түскен. «П» әрпінің ішкі бөлігіне де тұскілемнің негізгі оюы орналасқан. Оюы өте нәзік, дәлме-дәл дөңгелек шеңбер пішінді болып келіп, сыртқы бөлігі төртбұрышты болып біткен. Тұскілемнің өн бойына қошқар мүйіз, құс қанаты, гүл ою-өрнектері түрлендіріліп түскен. Тұскілемнің барлық өрнектері «біз кесте тоқу» әдісімен тоқылған. Жасалуы үлкен шеберлік, ыждағаттылық пен төзімді талап ететін тұскілем музейдің сирек кездесетін құнды жәдігері, бірегей өнер туындыларының қатарына жатады, -- дейді  «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының бас қор сақтаушысы Н.Әшірбекова. 

Д. ТОЙЛЫБАЙҚЫЗЫ.
Пікір қалдырыңыз