Ұлттық намысты ұран еткен шығарма
Жақында әл-Фараби атындағы орталық кітапханада әлем халықтары жазушылары одағының мүшесі, қазығұрттық қаламгер Нұрғали Рахайдың «Уақыт бағаны» және «Алмауыт» атты екі томдық кітабының тұсаукесері өтті.
Әдебиет есігін кештеу ашса да, өзіндік жазу мәнерімен ерекшеленетін жазушының алғашқы кітабы өткен ғасырдағы зобалаң заман – ашаршылық жылдарындағы қазақ халқының басынан кешкен жағдайларды баяндайды. Ашаршылық ақиқатын бала қиялымен суреттеген жазушының «Балапан сорпа» хикаяты мен «Апамсыз өткен алты күн» әңгімесі оқырманды еріксіз кешегі күндерге жетелейді.
Ал, «Алмауыт» атты екінші кітабында өткен ғасырдағы қазақтың бетке ұстар тұлғалары мен сайыпқыран ұлдарының ары мен ұжданына дақ түсірмей өткен деректі хикаялары әрі көркем, әрі нанымды баяндалған. «Ұлтым үшін жаным пида» деп ноқтаға басы симай кеткен қазақтың өр тұлғалы, кесек бітімді арда азаматтарының өмір белестері, тағдыр-талайы оқырманның санасын бір сілкіп өтері сөзсіз. Әсіресе, батыр Бауыржан атамыздың кешегі Ұлы Отан соғысындағы көзсіз ерлігі, шалт шешімдері мен қылдан таймайтын қасиеттері суреттелген шығарма бір романның жүгін көтеріп тұр десе болады.
Кітап «Жебе» баспасынан жарық көрген.
Н.ҚҰЛБЕК.