Білікті басшы, білгір маман
Ұлысымыздың ұйытқысы саналатын Оңтүстік өлкесіндегі қасиетті қарашаңырақ, ұстаздар ұстаханасы, 90 жылға жуық тарихы бар Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті – сан мыңдаған жастардың өмірден өз орындарын адаспай таба білуіне жол сілтеп, бағыт-бағдар беріп келеді. Оқу ордамызда білім алған Қазақстанның Еңбек Ері, ақын Мұхтар Шаханов, атақты шығыстанушы ғалым, таяу күндері ғана кітапханамызға аты берілген Әбсаттар Дербісәлі, Исраил Сапарбаев, Ханбибі Есенқарақызы, Әкім Ысқақ секілді халық мақтан тұтатын тұлғалар аз емес. Оқу орны түлектерімен мақтанады. Соның бірі – бүгінде оқу орнының білікті басшысы болып отырған – Гүлжан Сүгірбаева.
Гүлжан Дәулетбекқызы 1964 жылы ОҚО (қазіргі Түркістан облысы), Төлеби ауданы, Леңгір қаласында үлгілі де өнегелі отбасында дүниеге келді. 1982 жылы Леңгір қаласындағы В.М.Комаров атындағы орта мектепті алтын медальмен тәмамдаған. Әкесі Дәулетбек Білісбеков партия қызметкері, аудан, облыс көлемінде жауапты басшылық қызметтер атқарған. Мектеп бітіретін тұста мамандық таңдау барысында әкесі Гүлжан қызының зеректігін ескере отырып, жан азығы бай болсын деген оймен әл-Фараби атындағы Шымкент мәдениет институтына кітапханашы мамандығына түсуге кеңес береді. Гүлжан әкесінің сөзін жерге тастағысы келмеді, бірақ өзінің көкейінде жүрген арманы тарихшы болу еді. Арманын жүзеге асыру үшін М.Әуезов атындағы Шымкент педагогикалық институтына Жұмағали ағасымен бірге барып, бір орынға 15-20 адамнан келетін тарих мамандығына құжат тапсырады. Облыстық атқару комитетінің жауапты бөлімін басқаратын әкесі қызының бұл мамандыққа түсетініне мүлде сенбейді. Әйтсе де, оқуда озат, алғыр қыз өзі армандаған мамандығына түседі.
1987 жылы Шымкент педагогикалық институтын үздік дипломмен бітіргенде де бірден әке қанатының астына барып, оңай жол іздемеді. Еңбек жолын Шымкент қаласындағы №29 орта мектепте пионер ұйымының жетекшісі қызметінен бастап, кейінірек №41 орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеді. 1994 жылы Шымкент педагогика институтының «Жалпы тарих» кафедрасына оқытушы болып орналасты. 1995 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аспирантурасына түсіп, 2000 жылы «Узбекское население Казахстана в 20-30 годы ХХ века: проблемы истории и культуры» тақырыбындағы кандидаттық диссертациясын «Қайнар» университетінде сәтті қорғады. Осы ғылыми ізденістер үстінде кенже ұлы Мадиярды жетектеп алып, Шымкент пен Алматының арасын жол қылғаны да бар.
Докторлық диссертациясын қорғағаннан соң 2000-2002 жылдары Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті Шымкент институты «Бүкіләлем тарихы» кафедрасының оқытушысы, аға оқытушысы, 2002-2010 жылдары аталған кафедраның меңгерушісі қызметін атқарды. 2010-2011 оқу жылында Академиялық-инновациялық университеті «Қазақстан тарихы» кафедрасында, 2012-2013 оқу жылында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Археология және этнология» кафедрасында доцент болып жұмыс істеді.
«Бүкіләлем тарихы» кафедрасының меңгерушісі кезіндегі қызметін әріптестері «ұжымның алтын кезеңі» деп есептегені туралы әдемі әңгімелер бар. Гүлжан Дәулетбекқызы кафедра ұжымындағы әрбір қызметкердің қабілеті мен жақсы қасиеттерін дұрыс жолға бағыттай білген мықты менеджер болуымен де қадірлі, құрметті. Қалалық, облыстық семинарлар, «дөңгелек үстел» мәжілістері, оқушылар олимпиадасы, республикалық, халықаралық конференцияларды жоғары деңгейде өткізуде Гүлжан Дәулетбекқызының ерекше қолтаңбасы бар.
2013 жылы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының «Қазақстан және әлем тарихы» кафедрасында доцент, 2014-2016 жылдары аталған кафедраның меңгерушісі, 2016-2018 жылдары «Ғылыми-зерттеу бағдарламаларын сараптау» бөлімінің, 2018-2020 жылдары «Менеджмент және мониторинг» бөлімінің басшысы, 2020 жылы ғылыми істер және инновациялар жөніндегі проректор қызметтерін атқарды.
Бірнеше жауапты қызметтерді атқара жүріп, ғылыми-әдістемелік жұмыспен айналысуға да уақыт тапты. Ресей, Түркия, Қытай мемлекеттерінің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында тағлымдамадан өтіп, біліктілігін арттырған Гүлжан Сүгірбаева – 4 оқулық, 5 оқу-әдістемелік құрал, 60 ғылыми мақаланың авторы. Халықаралық деңгейде рецензияланатын ғылыми журналдарда 3 мақаласы жарияланды.
2004-2005 жылдары Ресей ғалымдарымен бірлесе отырып орта мектеп оқушыларына арналған орыс және қазақ тілдерінде жазылған «Қазіргі заман тарихы», «ХХ ғасырдағы әлем» атты оқулықтары жарық көрді. Сонымен қатар «Тарих және қоғамтану терминдерінің қазақша-орысша түсіндірме сөздігі» студенттер мен жас мамандар үшін таптырмас құрал саналады.
2010 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантына ие болды. 2020 жылы университетімізге оқу орнымыздың түлегі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлжан Дәулетбекқызы басшылыққа келгенде, ұжым қатты қуанды. Ұрпақтар сабақтастығының алтын арқауын жалғап, ұстаздарды алға ұмтылдырып, жастарды ізгі істерге құлшындырып, оларға әр кез демеу болып жүрген басқарма төрағасы – ректор Гүлжан Сүгірбаева оқу орнының барлық құрылымы мен деңгейлері үшін «жайлы университет» жасау бағытында тынымсыз еңбек етті. Оған ұлттық атауға ие болған «Шаңырақ», «Қазына», «Тұмар» ғимараттарын заманауи нақышта көркемдеп, безендіруі, жастарға арналған коворкинг орталығы мен «Мейірім» денсаулық орталығының, «Ұстазға тағзым» кіші архитектуралық формасының ашылуы, жабық спорт кешені, тағы басқа игі істері дәлел. Сонымен қатар оқу орнын бұған дейін басқарған ректорлар аллеясы мен қонақтар аллеясын қолға алып, ағаштар отырғызып, айналаны абаттандыруы да көңілге қуаныш ұялатады. Ректорлық қызметінің алғашқы кезеңі әлемді жайлаған пандемияға, оның ауыртпалықтарын көтерумен тұспа-тұс келді. Гүлжан Дәулетбекқызы ең алдымен ОПҚ мен қызметкерлердің, студенттердің хал-ахуалына ерекше назар аударып, әлеуметтік көмек беруді қолға алды. Сонымен қатар ректор бастамасымен «Университет білім алушыларына білім беру қызметінің төлемақысы бойынша берілетін жеңілдіктер туралы Ереже» әзірленіп, 2020 жылдың 16 наурызында Ғылыми кеңес шешімімен бекітілді. Ережеге сәйкес арнайы комиссияның ұсынысымен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көп балалы отбасыдан шыққан студенттерге, спорт пен өнер саласынан үздік жетістіктерге жеткен және ата-анасы университетте қызмет ететін білім алушыларға әр оқу жылы 30-100% аралығында оқу төлемақысынан жеңілдік жасалды. Оқу орнын таңдап, ҰБТ-дан жоғары балл жинап, мемлекеттік грантқа іліге алмаған «Алтын белгі» иегерлері мен дарынды балаларға оқу орны ректорының гранты беріле бастады.
Университеттің байланыс көкжиегі кеңейіп, Ресей, Түркия, Қытай, Еуропаның озық университеттерімен екіжақты меморандумға қол қойылды. Оқу орнының базасында Гүлжан Дәулетбекқызының бастамасымен, Түркиядағы жетекші оқу орындарының бірі де бірегейі Гази университетінің филиалын ашу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Екі университет арасындағы өзара ынтымақтастық осыдан үш жыл бұрын басталған болатын. 2021 жылы 13 қазанда Гази университетінің ректоры, профессор Мұса Йылдыздың оқу орнымызға ресми сапары барысында өзара ынтымақтастық туралы келісімшартқа және Erasmus бағдарламасы бойынша өзара серіктестік туралы институтаралық келісімшартқа қол қойылып, жоғары білім мен ғылым саласындағы бірқатар бастамаларға жол ашылды. Осы уақыт аралығында университетіміздің бірнеше студенті академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында білім алуға Гази университетіне жіберіліп, бірнеше докторантымыз Гази университетінде ғылыми тағлымдамадан өтті.
Ең бастысы, Гүлжан Дәулетбекқызының мұрындық болуымен университетімізге ұлт жанашыры, руханият сардары Өзбекәлі Жәнібековтің есімі берілді. Университет жанынан Жүсіпбек Аймауытов атындағы көпсалалы колледж ашылды. 2018 жылы ашылған әскери кафедра жеке ғимаратқа қол жеткізді. Тізе берсек, оқу, ғылым, тәрбие саласында жетістіктер көп, болашақта атқарылар ілкімді істер одан да көп...
Ұрпақ тәрбиелеу мен білім, ғылым саласын дамытудағы, біліктілігі жоғары кәсіби мамандарды даярлаудағы жетістіктері, сіңірген еңбегі үшін Гүлжан Сүгірбаева «Қазақ хандығына – 550 жыл» (2015), Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің (2017), Түркістан облыстық мәслихатының Алғыс хаттарымен (2018), «Халық алғысы» (2020) медалімен, «ҚР Тәуелсіздігіне – 30 жыл» (2021) мерейтойлық медалімен, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы «Салалық қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген айрықша еңбегі үшін» (2022), ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» (2023), «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» (2024) төсбелгілерімен, Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен марапатталды. 2022 жылы қаңтарда Түркиядағы Гази университетінің Құрметті профессоры атағы берілді.
Гүлжан Дәулетбекқызының басшылығымен ағарту саласының алтын тұғыры – Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті білім, ғылым және тәрбие саласында әлі талай шыңдарды бағындырады деп сенеміз.
Баршагүл ИСАБЕК,
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы
Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің Стратегиялық даму және әлеуметтік істер жөніндегі проректоры.
Нахай Гулшат Ауелханквзы
Үлгi алатын оқытушыларым
Пернебекова Гулдана
Керемет мақала, бір демде оқып шықтым! Гулжан Дәулетбекқызы, сізғе денсаулық, отбасыңызға амандық, бақыт тілеймін!!! 100 жасаңыз!!!
Әбдісаттар әліп журналист ақын аудармашы. Республикалық шымкентім шырайлым журналының бас редакторы
Гүлжан ханым сәлем. Жарық дүние есігін ашқан күніңіз құтты болсын. Сізге Бақыт Табыс тілеймін.
Жумабек
Еліміздің даму жолында жасап жатқан игі бастамаларыңызға сәттілік. Төл мерекеңіз туылғар күніңіз құтты болсын.
Лес Марина
Гүлжан Дәулетбекқызының өмірге келген күнімен құттықтаймын! Туылған күн - ең керемет мереке. Мерей той иесіне отбасылық бақыт, үйдегі жайлылық, мықты денсаулық және таусылмас жақсылық тілеймін. Аса қадірлі де құрметті Гүлжан Дәулетбекқызына тағы да көп жылдарға мейірімді, жанашыр, сүйкімді және тартымды қалпында қалсын деген тілек білдіремін.