Әлемнің 47 университетінің грантын жеңіп алды

«Жалын» мектебінің түлегі Бергей Өмірбай білім бәйгесінде тыңғылықты дайындықтың, табанды еңбектің үлгісін көрсетті. Еңбексүйгіш жас талапкер әлемнің 47 беделді университетінен оқу грантын жеңіп алып, жалпы құны 979 мың АҚШ долларын құрайтын білім грантына ие болды. Бұл – жас түлектің ғана емес, қазақстандық білім жүйесінің де үлкен жетістігі.

Математика пәнін ерекше жақсы көретін Бергейдің ғылымға, ізденіске деген ынтасы оны биік белестерге жетеледі. Ол «білім алып, шетелде тәжірибе жинаған соң, туған елімнің дамуына өз үлесімді қосқым келеді» дейді.
Мектеп директоры Нұрлан Асыловтың айтуынша, Бергей – өзгелерге үлгі боларлық шәкірт. «Оның оқуға деген талпынысы, жауапкершілігі мен еңбекқорлығы өз қатарластарына үлкен мотивация береді. Осындай оқушылар – еліміздің ертеңі» дейді директор.
Бергей Өмірбайдың жетістігі – қазақстандық жастарға мүмкіндіктің шексіз екенін дәлелдейтін тағы бір жарқын мысал. Оның табандылығы мен ғылымға деген қызығушылығы бүгінгі жастардың ғылым- білімге ұмтылысы артқанын көрсетеді. Әлемнің алдыңғы қатарлы университеттері таңдаған қазақстандық оқушы – еліміздің зияткерлік әлеуетін танытатын жас буынның жарқын өкілі. Жалынды түлекке болашақта биік белестерді бағындырып, ел абыройын асыратын азамат болуына тілектеспіз.

Е.ҚОЖАХМЕТҰЛЫ.
Пікір қалдырыңыз