Түлектер жұмыссыз қалмайды

Аман Жайымбетов,
«Оңтүстік Қазақстан».
Әдетте жоғары немесе арнаулы оқу орындарын бітірген түлектердің алдында өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасу мақсаты тұрады. Бірақ, бұл мақсатты жүзеге асырудың машақаты көп. Егер оқу орны осы мәселені үйлестіре білсе, бұл екіжақты тиімді қадам болмақ. Яғни жұмыс берушілер қажетті мамандарын тапсырыс беру арқылы оңай тапса, жас түлек қолына диплом алысымен жұмысқа орналасады.
Өз түлектеріне арнаулы білім беріп қана қоймай, оның одан әрі жұмысқа орналасып, кетікті дүниенің кірпіші болып қалануына жағдай жасап отырған екі колледж болса, соның бірі, жалғыз болса нақ өзі Түркістан жоғары көпсалалы аграрлық колледжі десек, асыра айтқандық емес. Іргесі қаланғанына жарты ғасырдан асқан қарашаңырақ оқу орны заман талабына сай жұмысын да жетілдіріп келеді. Осыдан алты жыл бұрын «Dala Fruit.kz» ЖШС-не сенімгерлік басқаруға берілген колледж бүгінгі таңда қажетті мамандарды өздері даярлайды. Бір жақсысы, бұл оқу орнында білім алған жас мамандарға сұраныс жоғары. Оған таяуда өткен «Жас маман – 2025» бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде тағы да көз жеткізгендей болдық.
Жәрмеңкеге жиналған көпшілік алдымен өздеріне қажетті мамандар бойынша толыққанды мәліметтермен танысты.
Жалпы, колледжде екі мыңнан астам студент оқыса, соның алты жүзден астамы биыл диплом алып, маман атанып отыр. Колледж директоры Наржан Әліпбековтің айтуынша, ауыл шаруашылығы саласына қажетті мамандар даярлағанда олардың біліктілігіне, теорияны практикамен ұтымды ұштастыра білуіне ерекше мән беріледі. Сенімгерлік басқаруға алған мекеменің егістік алқаптары мен бау-бақшалары болғандықтан жас мамандар сол жерде тәжірибеден өтіп, әрі жұмыс істеп, әрі табыс тауып, жан-жақты жетіліп шығады. Ал, ондай дайын мамандарға қай кезде де сұраныс жоғары болатыны белгілі.
Сондай-ақ, бұл оқу орны өңіріміздегі ірі өндіріс орындарымен де тығыз байланыста жұмыс істейді. Сол күнгі жәрмеңкеге олар да қатысып, өздеріне қажетті мамандарды жұмысқа шақырып жатты. Атап айтқанда, «Dala Fruit.kz» ЖШС-нен бөлек, «Turkistan fruit» ЖШС бау-бақшаны жетік білетін мамандарды жұмысқа шақырса, «Асыл Агро трейд» ЖШС – мал шаруашылығын, «Eco Invest SA» жылыжай жұмысын жандандыратын маман қажет екенін мәлімдеді. Одан бөлек, «Бадам орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ мен «Асанбай Асқаров атындағы Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағы» МКҚК, «Бөрте милка», «Nurym group», «Қайып ата» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Ет Агро Манкент», «Қарасай батыр-2» өндірістік кооперативтері де өздеріне қажетті мамандардың осы колледж қабырғасында даярланғанын қалайды. Сонымен бірге, «Ай Сервис Транс», «Оңтүстік Жарық Транзит», «DALA CONSTRUCTION.KZ», «Арман Құрылыс групп», «Элек-трозавод» мекемелері мен «Шымкент бас басқарушы компания», «Радуга Транспорт», «Т-бас» және «Қаз Элит Строй – 2025» серіктестіктерінде де аталған колледждің көптеген түлектері жұмыс істеп жүр. Олар «Агрономия», «Орман шаруашылығы», «Ветеринария», «Электр жабдықтары және электрмен қамтамасыз ету», «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандықтарын бітірген болса, «Тамақтандыруды ұйымдастыру» саласы бойынша білім алған түлектер бүгінде «Барыс – 2007», «Гранд Береке», «Ксюша», «Мадлен KZ» және «Сафия» нан өнімдерін өндіру кәсіпорындарында мақтаулы маман ретінде қызмет атқарып жүргенін де айта кетейік. Соңғы кездері «Өрт қауіпсіздігі» мен «Төтенше жағдайлардан қорғау» саласына мамандар жетіспегендіктен, колледж басшылығы осы салаларды қамтуды да қолға алды. Бұл мамандық бойынша білім алған түлектердің алды бүгінде өз салалары бойынша жұмыс істеп жүр.
Иә, жұмыс берушілер мен жас түлектер арасындағы алтын көпірге айналған жермеңкеге тиянақты дайындалып келген Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы бойынша жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Нағима Досанова мен төтенше жағдайлар департаментінің кадр және тәрбие жұмыстары басқармасының аға инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Әбдірасул Мақсатұлы өз салалары бойынша мазмұнды баяндамалар жасаса, колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Құрбан Камалов осынау ізденіс пен еңбектің арқасында бітіруші түлектердің басым бөлігі жұмыспен қамтылғанын жеткізді. Солтүстік Қазақстан облыстық ветеринария басқармасының басшысы Жанат Әміржанов колледждің оқу-өндірістік базасының өте жоғары деңгейде екенін айта келе, бұл оқу орнының мол тәжірибесін басқа колледждермен бөлісу керек екеніне тоқталды. Жоғары оқу орындарынан келген өкілдер бітіруші түлектерге білімін одан әрі жетілдіруге мүмкіндік бар екенін жеткізді.
Міне, осылайша «Жас маман – 2025» жәрмеңкесі бітіруші түлектер мен жұмыс берушілер арасында өзара тиімді серіктестік орнатуға сеп болды. Бұл жұмыс істеуге ынталы жас мамандарды қолдауға, олардың еңбек нарығына бейімделуіне және кәсіби маман болып қалыптасуы бағытындағы маңызды қадам екенін де ерекше айта кеткеніміз абзал. Бір сөзбен айтқанда, бітіруші түлектердің бос сандалып қалмауы үшін жасалған бұл қадам өз жемісін бере бастады. Агроколледж түлектерінің басым бөлігі өз мамандықтары бойынша жұмыс тауып, өмірдің кетікті тұстарына бір-бір кірпіш болып қаланып жатса, оған осындай іс-шаралардың да оңтайлы әсері болғаны анық.