Оқушылар органикалық тыңайтқыш өндіреді

Жуырда Қазығұрт ауданындағы Жамбыл Жабаев атындағы жалпы білім беретін мектепте тәжірибелік семинар өтті. Облыс көлемінде ұйымдастырылған іс-шараға өңіріміздегі мектептердің биология, химия және физика пәндерінің мұғалімдері қатысты. 

Семинарда негізгі пәндерді оқытудың заманауи әдіс-тәсілдеріне және жасанды интеллектіні қолдануға басымдық берілді. Біз өз тарапымыздан семинарға қатысқан ұстаздар қауымына табиғи жолмен үй жағдайында биогумус өндіру және химикатсыз таза өнімді пайдалану жолдарын ұсынып, биология, химия және физика пәндерін кіріктіріп оқытудың ұтымды тұстарын көрсеттік. 
Биогумус – ауыл шаруашылығына ең қажетті органикалық тыңайтқыш саналады. Тұрмыстық қалдықтардан дайындалатын жоба экологиялық проблемаларды шешуге арналған. Яғни біз осы әрекетіміз арқылы қоршаған ортаның ластануына бей-жай қарамайтынымызды білдіріп, оған өз үлесімізді қосқымыз келеді. Биология сабағында оқушыларға биогумус өндірудің жолдарын көрсетіп, олардың білім алумен қатар болашақта кәсіпке деген қызығушылықтарын да оятуды мақсат етіп отырмыз.  
Айталық, күз мезгілінде мектеп айналасында желмен ұшып, шашылып жататын ағаш жапырақтарын бір жерге жинап, биогумус өндіруге болады. Өйткені, шұбалшындар жапырақтармен қоректенеді. Сонымен қатар, мектеп асханасынан шығатын тамақ қалдықтарын да осы жобаға пайдалана аламыз.  
Қарасаңыз, кез келген жоба қаржыны талап етеді ғой. Ал, биогумус өндіру үшін ешқандай ақшаның қажеті жоқ. Асханадан шығатын тамақ қалдықтары да, малдың көңі де – бәрі-бәрі тегін. Тек осыны оқушыларға тиімді қолдануды үйретсек болғаны. 
Ал, енді дайын болған биогумусті сыныптағы бөлме гүлдерінің топырағын құнарландыруға, мектебіміздің айналасына егілетін көшеттердің түбіне тыңайтқыш ретінде пайдалануға болады. Биогумус олардың тамырының жақсы дамуына септігін тигізеді. Және де тыңайтылған топырақты бірнеше жыл сақтап, қолдануға болады. Оның адам денсаулығына ешқандай зияны жоқ. 
Бүгінде биогумус өндіруге мектеп оқушыларының қызығушылығы оянып келеді. Олардың арасында мұны жоба ретінде ғылыми жарыстарда қорғап, нәтижеге қол жеткізіп жатқандары да бар.

Нұрзия ҚАСТАЕВА, 
Жамбыл Жабаев атындағы жалпы білім беретін
 мектептің биология пәнінің мұғалімі. 
Қазығұрт ауданы. 
Пікір қалдырыңыз