«Ән аға – жан аға»

Жуырда Шымкент қаласындағы «Tulip hall» кешенінде «Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармониясының өнер ұжымы «Ән аға – жан аға» атты концертін өткізді. Концертке келген қала халқын скрипкашылар ансамблі Шәмші әндерінің әуенімен қарсы алды.  Әнсүйер қауым Шəмші Қалдаяқов атындағы музей үйі әзірлеген көрмеде сазгердің тұтынған заттарымен, таңдаулы 6 әнінің шығу тарихымен танысып, өмірі мен шығармашылығына арналған бейнероликтерді тамашалады.

Ән кешіне арнайы қатысқан Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев пен Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек филармония ұжымына шығармашылық табыс тіледі. Сондай-ақ, концертке арнайы шақырылған ән падишасының қарындасы Райхан Қалдаяқоваға құрмет көрсетілді.
Кеш барысында Шәмшінің шығармаларынан өзге халық әні, классикалық туындылар мен әлемдік саз әуендері шырқалды. Өнерпаздарды 22 жылдық тарихы бар Сүгір атындағы қазақ ұлт-аспаптары мен «Алаш» вокалды аспаптар ансамблі сүйемелдеді. Сонымен қатар, кеште «Фараб», «Ғасыр» би ансамбльдері өнер көрсетті. 
Қазақ музыка өнеріне 300-ден астам туынды олжалаған Шәмші атамыздың әндері ешқашан тыңдаушысыз қалмақ емес. Ал, алпыс жылдық тарихы бар Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармониясының өнер ұжымы маусым сайын жоғары деңгейдегі ауқымды ән кештерін көрерменге ұсынып келеді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Пікір қалдырыңыз