Қазығұрттың ғана емес, қазақтың Қалаубегі еді

«Дүние – үлкен көл, Замана соққан жел, Алдыңғы толқын ағалар, Кейінгі толқын інілер, Кезегімен  өлінер, Баяғыдай  көрінер...» деген  даналыққа  көп  мағына  сыйып тұр-ау! Шындығында да, кеше ғана  қатарымызда  жүргендерді  замананың  соққан  желі  кезегімен әкетіп  жатыр. Бастапқыда жылап-сықтап, қайғырса  да,  тірі  адам өз  тіршілігінің  күйбеңімен оларды  бірте-бірте ұмыта бастайды. Сөйтіп, көбі өмірде болмағандай  уақыт  шаңына көміліп қала  береді. Бұл жаратылыс заңы.
Десек те, өлді деп айтуға  болмайтын, артында  өшпестей  із қалдырған азаматтар аз  емес. Солардың бірі – кеше ғана  қасымызда  жүрген  Қалаубек  Құдайбергенұлы Тұрсынқұлов. Ол  тым қарапайым еді. Үндемей  жүріп-ақ  ел  қамы үшін  көп тірлік  тындырды. Ісін  міндетсінбеді, дабыра  етпеді. Сол  үшін  атақ-абырой да, шен-шекпен  де  сұраған  жоқ. 
Барша жанды бауырындай сүйді. Алыс-жақын деп бөле  қарамады. Сонау Якутия  жеріндегі түріктік  тегі  бір  Саха   халқымен қазақты бауырластырып, тонның  ішкі бауындай  жақындастыруға тер төкті. Жемісті  еңбегі  үшін «Якут  АССР-інің  еңбек  сіңірген мәдениет  қызметкері», Саха  Респубикасының  еңбек  сіңірген  қайраткері  атағы  берілді. Екі халықтың  туыстығы  әдеби  шығармаларды  саха тілінен   қазақшаға, қазақтан саха тіліне аударып, оқырмандарға  таныстыру  арқылы  бұрынғыдан  да беки  түсті.
Қалаубек  аға  жаратылысынан  жұртқа  жанашыр болды. Оның қазақты жүзге, руға бөлгенге жаны қас болатын. Тіпті, түбі  бір түркітілдес  халықтардың – түріктердің, татарлардың,  сахалардың, гагауыздардың  туысқандығы артып, жоғала бастаған ортақ  мәдениетін, салт-дәстүрін  орнықтыру  жолдарын  ойластырды.

Ғанидың әруағы үшін

 Өзбекәлі  Жәнібековпен бірге  облыстық, өлкелік, республикалық  комсомол басшылығында  қоян-қолтық  бірге  істеді. Ақылдаса, келісе жүріп, ұлтқа үлгі  боларлық  көптеген  игі идеяларды  жүзеге асырды. Соның бірі – кезінде қазаққа ғана емес, шығыс  жастарына қамқорлық  жасап, белгілі  азаматтар тәрбиелеген  Ғани  Мұратбаевқа ескерткіш  орнату еді. Облыс  мектептерінде  «Ғани  әруағына  арналған  күн» жарияланып, сол күнгі табысы  ескерткіш қорына аударылды. Мәскеуден Ғани ескерткішін  жасайтын  мүсіншіні  іздеп  тауып, елге  арнайы  ертіп  келіп, тиесілі гонорарын  есебіне  аударып  та  жібереді. Бірақ, ескерткішті  әкелу  де, оны  орнату  да  оңайға  соқпайды. ҚКП ОК екінші  хатшысы  М.Соломенцев, Шымкент  облыстық  партия  комитетінің  бірінші  хатшысы  В.Ливенцов идеяны  жақтыра  қоймайды. Ол кезде Шымкентте  Ленин  мен  Калининнің  ғана  ескерткіші  тұрғанын, басқа  да  ұлы тұлғалардан бұрын Ғаниға ескерткіш  қою  асығыстық  екенін  алға  тартады.
Өзбекәлі Жәнібеков республика комсомолы  Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып Алматыға  ауысады. Ғанидың ескерткішін  жасату  мен  орнату міндеті Шымкент обкомолының бірінші  хатшысы қызметіндегі Қалаубек Тұрсынқұловқа  жүктеледі. Қалекең Алматыға  барып, Өзбекәлімен  ақылдасады. Екеуі мүсінді қалайда металдан  құйғызуды  ұйғарады. Облыс  басшыларына  мүсін   дайын тұрғанын мәлімдейді. Мәскеудегі  мүсіншімен  де  мәмілеге келіп, облыс, республика  басшылары  сұрастыра қалған жағдайда мүсіннің  дайын  болғанын  құптауы  керегін  пысықтайды.
Сыры ашыла  қалса ауыртпалықты Қалекең  мойнына алатын болады. Қазақстан  комсомолы Орталық Комитетінің  екінші  хатшысы И.Зарубин «Өтірігің   әшкере  болса – жазаланатының  анық. Біз  сені  барынша  қорғаймыз. Партия  қатарынан  шығартпауға   күш  саламыз» деп жанашырлық танытады. Жәнібеков асығыстық пен албырттыққа  салынып, істі бүлдіріп алмай, барынша  сақтықпен  қимылдауға  кеңес  береді.
Қайтып  Шымкентке  келісімен Оңтүстік  Қазақстан  өлкелік  және  Шымкент  облыстық  комсомол  комитеттерінің есеп-қисап  бөлімінің  меңгерушілері  Әбдіқадыр Мұстафаев пен Әбдіжаппар  Әбдіқұловты іссапарға  жібереді.Олар Мәскеудегі гипстелген  мүсінді Ленинградтағы  зауыттардың  бірінде  қоладан құйғыздырады. Екі аптада тапсырманы  тап-тұйнақтай орындаған екі  қызметкер  Шымкентке  оралады.  Солай  алдымен мүсіннің гипстелген  нұсқасын алдырады.
Алайда, қола мүсінді әкелу жайы сиырқұйымшақтанып, созылып кетеді. Тағы  да  бір  айла  жасап, мүсіншіні  СОКП  ОК  хатшысы М.Сусловқа  баруға  үгіттейді. Ол есебін  тауып  Сусловтың  қабылдауында болады. Оңтүстік Қазақстан жастары  мүсін  жасатуға  тапсырыс  бергенін, Ғани  мүсіні дайын  болғанда Қазақстан басшылары ескерткішті қоюға рұхсат етпегендіктен алмай, келісімшартпен  берген  20 мың сомнан аса қаржысын қайта сұратып отырғанын айтып  арызданады. Ол  қаржыны мүсінші отбасылық қажетіне жаратып  қойғандықтан  қайтаруға мүмкіндігі  жоқтығын жыларман  күйде  жеткізеді. Төлемесе – көпшіліктің  ақшасын жегені үшін қылмыстық  жауапқа тартылатындығын айтып, көмектесуді  сұрайды. Түкірігі жерге түспей, айтқаны  заңдай  көрінетін Суслов Мәскеудегілердің Ғани ескерткішін  қоюға қарсылығы жоғын Қазақстан  басшыларына  хабарлаттырады.  
 Ескерткішті Шымкентке қойғызбау пиғылындағы Ливенцовтың демалыста жүрген кезін  пайдалануға тура  келеді. Облыстық  партия  комитетінің екінші  хатшысы  Әділ  Сасбұқаевтың  келісімімен  Ғани  ескерткіші  ашылады. Мұны бір  күн  бұрын  ғана есіткен Ливенцов амалсыз салтанатта сөз сөйлеуге мәжбүр болады. Ескерткіштің  ашылуына  Мәскеу, Өзбекстан, Қырғызстан  комсомол  ұйымдарының  өкілдері   қатысады.  Комсомолдар сол  уақытқа  дейін  сырткөзден оқшау жүрген  Ғанидың  жұбайын  іздестіріп  табады. Сөйтіп, ескерткіштің ашылуы үстінде ол жүрекжарды лебізін  білдіреді. 
Осылай Өзбекәлі мен Қалекеңнің басын  бәйгеге тіккендей көзсіз тәуекелге баруымен Ғани ескерткішін  қою ісі  оңынан  шешіледі.   

Шәмшіні елге танытты

Шымкент облыстық комсомол комитетінің  бірінші  хатшысы Қалаубек Тұрсынқұлов 1963 жылы елге әлі таныла қоймаған Шәмші  Қалдаяқовтың талантына мән беріп, іш тартады. Алматыдағы жағдайы мәз еместігін сезіп, Шымкентке келуге ықпал жасайды. Оңтүстік  Қазақстан өлкелік  партия  комитетінің   хатшысы  Екейбай Қашағановқа ертіп барады. Мән-жайды  асықпай  тыңдаған  Қашағанов мүмкіндігіне  қарай  көмектесуге уәде береді. Сол кісінің жөн  сілтеуімен Шымкент қалалық Кеңесі атқару комитетінің  төрағасы  Ж.Тыныбаевқа  барады. Ол өтініштерін тыңдамақ түгілі қабылдамай қояды. Өлкелік партия  комитеті бөлім меңгерушісінің  орынбасары Әмірсейіт Әлиевке хабарласып, жағдайды айтады. Арада  жарты сағаттай уақыт  өткенде Тыныбаевтың өзі шығып, кабинетіне  шақырады. Шамасы Екейбай  Қашағанов  телефон  шалса  керек. 
Бұлардың әңгіме ауанымен танысқан соң  облыстық комсомол комитетіне кезектен тыс үш  бөлмелі үй бөлдіреді. Ол Қалекеңнің  басшылығындағы  жастар  ұйымының  келісімімен  Шәмшіге  тиеді. Алматыдан жұбайы  Жәмила  мен  үлкен ұлы Қасым келеді. Бірақ, олар   балаларының қамын  ойлап, екіге бөлінеді. Даңғыраған үйде  Шәмшінің бір өзі жұпыны тұрып жатады. Жалғыз мандолинасының  құлақ  күйін  келтіріп, жаңа  әндерінің нобайын ойнатады. Сәйгүлігі жоқ шабандоздай Шәмшінің пианиносыз бабы  болмай жабырқап жүргенін Қалаубек сезеді. Бірақ, қомақты қаржы жоқтығы қолбайлау  болады.
Шәмшіні қанша құрметтегенмен мемлекет  қаржысын жеке адамға  пианино  әперуге   жарату  қылмыс  саналады. Ойласа  келе  Шәмші  дүниеге  келген Қызылқұм ауданындағы «Арыс» совхозының  жастары   бастамасымен  сенбілік  өткізіп, лайықты қаржы жинақтайды. Ол қаржының  қазына мүлкіне  тиесілі  еместігін, соған  қоса өзге шаруашылық емес, неге  тек «Арыс» совхозының  жастары  Шәмшіге  құрмет  білдіріп  отырғанын  дәлелдейтін  құжаттар  әзірлейді. Шәмші   Мұхтар  Шахановпен  бірге  Арыс  туралы  ән  жазатын  болады.
Солай қаржы көзі табылғанмен ала  қоятын пианино жоқ. Облыстық белді мекемелердің  басшылары немесе  облыстың  бірінші  басшысы  ғана  бұл  мәселені шеше алады. Там-тұмдап  сұрастырғанмен  өзгелерден  қайран  болмай, Қалаубек аға облыстық  партия  комитетінің бірінші  хатшысы  В.Ливенцовтың өзіне  шығады. Мән-жайды түсінген басшы  облыстық  тұтынушылар  одағының  төрағасынан  пианино  тауып  беруді, өздерінде жоқ болса Алматыдан  жедел  алдыруды  қатаң  тапсырады.
Алайда, жыл аяғы келіп қалғандықтан фондымен  бөлінетін лимит біткен. Таяуда  түскен  екі  пианиноның екеуі де сатылып кеткен. Қалаубек  аға қазбалай  сұрай  жүріп, соңғы  пианиноны   кеше  ғана  облыстық  мәдениет  бөлімінің  бастығы  Күлдан  Сәрсенбаева  алып  кеткенін  біледі.
Түсінігі мол, ірі  қызметтер  атқарған Күлдан Сәрсенбаева жастардың қалай ақша топтастырғанын, пианиноның  Шәмшіге  берілетінін  естігенде бірден келіседі. «Мен Шәмшімен  таласпай- ақ қояйын» деп пианиноны  кері  қоймаға  қайырады. Сөйтіп, бағалы  музыкалық  мүлік облыстық театрға апарылады. Алдын-ала  жоспарланғандай, облыстық комсомол конференциясы өтіп, жаңа құрамын сайлайтын кезеңдегі  үзілісте «Арыс» совхозының  жігіттері Шәмшіге пианиноны сыйға тартады. Оған жауап  ретінде  Шәмші «Арыс жағасында» әнін арнағанын  жария  етеді. Студент қыздар шырқаған ән  әуеніне (ән тексі күні бұрын көбейтіліп, делегаттарға таратылып  берілген  еді,  залдағы  бүкіл  жастар  қосылады. Дүниеге тамаша ән  келтірген  Шәмші қарымтасына пианиноға ие  болады.

Мұхтардың талантын шыңдады

Қалаубек аға талантты ақын Мұхтар Шахановты жас  шағында тракторшының  жәрдемшісі болып жүрген жерінен көрген екен. Өлеңдерін  оқытып, тыңдағаннан  кейін буырқанған өзендей  шиыршық  атып, ішкі  дүниесі толықси, арнасынан  асып төгіліп, қайнап  жатқан нағыз  ақындық  қабілетін  бірден сезеді. Обкомолдың бірінші  хатшысы  Дүйсенкүл Боповаға болайын деп тұрған жігітті  қолтығынан демеуді  ұсынады. Ол  Мұхтарды  облыстық  партия  комитетінің  бөлім  меңгерушісі  Байеділовке ертіп апарады. Орта  білімі де, арнайы мамандығы да жоқ балаң жігітті жақауратып  шығарып салу әрекетіне  көшкенде Мұхтар орнынан атып тұрып, арқалана жігерленіп, бір өлеңін  оқиды. Байеділов содан  соң ғана  редакцияға телефон соғып, қалайда  бір жұмысқа алуды  тапсырады.
 Қалекең оны үнемі  бақылауында  ұстайды. Орта  мектепті  «экстренно»  бітіруіне,  институтқа  түсіп, жоғары  білім  алуына, әдеби жолын  ашатын жұмыстарға жайғасуына себепші болады. Алматыға  жұмысқа  ауысқанында  үйлі  болуына да  көмектеседі. Туған  екі  інісінен  кем  көрмей, «үшінші інім» деп  үнемі  қамқорлық  жасап  жүреді.
Мұхтар  Шаханов қасиетті Қазығұртта  Қалаубек  ағаны мәңгілік сапарға шығарып саларда 16 жасында өзіне бақ болып жолығып, талантын  ашуға Қалекеңнің қосқан үлесін әңгімеледі. Жиналғандарға жұпыны киімін байқап, дүкенге ертіп барып, бір  костюмді «бұл менің саған сыйлығым» деп кигізгенін, сонда қуаныштан көзінен жас  шыққанын, ол өміріндегі ең бірінші әрі бағалы  сый болып есінде қалғанын тебірене жеткізді.   

Бейітте қалған  белгілер

Белгілі қаламгер, ғалым Құлбек Ергөбек өз  естелігінде Қалаубек ағамен бірге сексенінші  жылдардың  аяғында  Батыс Украинаға барғанын жазады. Демалысқа  барып, тамашалау жайына  қалады. Ертеден  қара  кешке дейін бауырластар  бейітін  аралап, ондағы  мәрмәр тастағы қашап  жазылған есімдерге шұқшиып, «осы қазақ болар-ау»  дегендерін қойын дәптеріне  түсірумен  әуре  болады. Алғашқыда бұл тірлігіне ренжігенмен, кейін  келе  Құлбек өзі  де туған ағасы Дүйсеннің  есімі кезігіп қала ма деп құлпытастағы жазуларға  қызыға  үңілгенін жасырмайды.
Елге келген соң әскери комиссариат, мұрағаттар арқылы қойын дәптеріне түскен  фамилиялар мен есімдерді деректестіріп, салыстыра жүріп, хабарсыз  кеткен  бірқатар  жауынгер жерлестерді табады. Қалекеңнің  қажымас ізденістері арқасында документальді кітаптар жазуына жол ашқанын бәріміз  де  білеміз.
 1992-1995  жылдары  Қазақстан Жазушылар одағының  қалу-қалмауы сынға түскен  кезеңде Одақты таратпай, сақтап қалуға күш  салғандардың  бірі болды. Содан тұрғыластары арасында «Қалаубек аман  болса – Қазақстан Жазушылар одағы орнында тұрады» деген қанатты  сөз  қалды. Тәуелсіздіктің  алғашқы  жылдарында  ақын-жазушылар едәуір қиындық көрді. Көбі  еңбекақысын ала алмай, мардымсыз зейнетақыға  көңілі толыңқырамай күн кешті. Сол  жай  қабырғасына  батқан  Қалекең  Жазушылар  одағының хатшысы  ретінде  қаламгерлердің  материалдық  жағдайын  көтеру  жайында көп ізденді. Талай беделді мекемелердің табалдырығын тоздырып жүріп, сонау  1930-1940 жылдары шыққан бір заңды тауып, ақын-жазушылардың  алғашқы  шығармасы   баспасөз  бетіне шыққан күннен бастап еңбек өтілі есептелуін орайластырды. Сол заңның күшімен  мақаласы, өлеңі не  әңгімесі жарық көрген ақын-жазушылардың сол жылдан еңбек өтілі  есептеліп, әр жылы үшін зейнет-ақысына бір пайыз қосылуына қол  жеткізді. Бұл олар  үшін едәуір  қомақты қаржы еді.   
Ел-жұртын, жерін риясыз сүю арқылы  қазақтың  бел баласына айналған Қалаубек  ағаның  іскерлігі  жалындаған Ғаниды, жазуға құштарлығы Саттарды  еске  салатынын   қоғам  қайраткерлері  де, қаламдастары да мойындады. Одақтас  республикалар  мен  халықаралық жиындарға, мерейтойларға баратын топтарға жастарды  қосып, ағалармен  бірге ел, жер көріп, өздерін ширатып, ұстамдылыққа, үлкен мінберлерде  сөйлеп үйренуге баулитын. Азаматтарды додалы  топтарда шашасын  шаң  шалмаған қас жүйріктей  шешендігімен,  таланттылығымен, жоғары  мәдениеттілігімен көрінуге  бағыт сілтейтін. Қайраттандырып, қанаттандыратын.
 
«Сүйер  ұлың  болса – сен  сүй 

Сүйінерге  жарар  ол»  деген хакім  Абайдай  өз  ұлтының абыройын аспандатып, қазақ  жастарының  даңқын  асыруға  құлшынатын. Қалаубек Тұрсынқұлов  ағамыз орыс тілі  мен  әдебиетінің  маманы  бола  тұра  шығармаларын ана тілінде, қазақ  тілінде жазды. Мектеп  мұғалімі, аудандық, облыстық, өлкелік, республикалық комсомол  ұйымдарында басшылықта  жүрсе  де, республикалық баспа, полиграфия және  кітап  саудасы істері  жөніндегі мемлекеттік  комитеті  төрағасының орынбасары, Қазақстан КСР мемлекеттік телерадио  компаниясы  төрағасының  орынбасары, ширек  ғасыр Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының ұйымдастыру жұмыстары  жөніндегі хатшысы болғанда да қолынан қаламын тастаған  емес. Соның  арқасында онға жуық көркем  әдеби шығармалары жеке кітап болып  шықты. Кейінгі  жылдары  қаламынан  туындаған  әулиелі  Қазығұрт тауы  туралы тың зерттеулер мен  пайымдауларға  толы «Қазығұрт: аңыз  бен  ақиқат» атты әдеби-танымдық эссесі, «Қазығұрт»  энциклопедиясы  ел  мен  жердің  шежіресі  деуге  тұрарлық  құнды  дүние болып қалды.
 Бұған қоса аударма саласында да өнімді  еңбек етті. Орыстың атақты жазушылары  Л.Толстойдың, И.Тургеневтің, С.Даниловтың, өзбек жазушылары К.Яшен, Рахмат Файзи, Хамит  Гулямның, өзге де туысқан халық жазушыларының көркем  шығармаларын қазақ тіліне аударды. Әдебиет саласындағы еңбегі  жоғары  бағаланып, С.Сейфуллин атындағы, халықаралық  «Алаш» сыйлығы, Саха  Республикасы мемлекеттік  сыйлығы мен Эрилик Эристин  атындағы әдеби  сыйлығы берілді.
Қалаубек ағамыз жазушылығы мен негізгі  қызметінен  тыс  игі  істерге  ұйтқы  болуы арқылы  белгілі қоғам  қайраткері  деңгейіне  көтерілді.  Жоңғарға қарсы үш жүздің  басын қосып, жауға жұдырықтай жұмылдырып, жеңіске  бастаған, қазақ халқының тұтастығы мен тәуелсіздігін сақтап қалуда  маңызды рөл атқарған   Ордабасы төбесін ойрандалудан аман қалуға  күш  салған  да  осы Қалекең еді. Қазір ол  жерде  зәулім  ескерткіш орнатылып, мемориалдық кешен құрылған. Президенттің  1993 жылғы 26  мамырда  қол қойған қаулысына сәйкес «Ордабасы» ұлттық  тарихи, мәдени және табиғи  қорық  жұмыс істейді. Ақсу-Жабағылы  қорығын, Қазығұрт  тауын, Отырар, Домалақ ана ескерткіштерін  мемлекет қамқорлығына алу  жөніндегі бастамалары  қолдау тапты. Қазығұрт тауы асуына Нұһ пайғамбар  кемесінің  монументі орнатылды. Қазығұрт  ауданы орталығындағы саябақтан Батыр бабалар аллеясы бой көтерді. Орынбай Тайманов пен  Саттар Ерубаевты қазақ оқырмандарына  оралтуға түрткі  болды.
Қалекең құдай қосқан жары Нағима  жеңгемізбен бірге Оңтүстік Қазақстан облысы  мен  Қазығұрт ауданында ұйымдастырылған іс-шараларға белсене қатысатын. Қысқа жіп күрмеуге келмей жатқан тәуелсіздіктің  алғашқы  жылдарынан бастап көптеген іс-шараларға демеушілік етіп, өзгелерді де үн қосуға  шақыратын. Қазығұрт ауданындағы өзі оқыған Ленин атындағы  орта мектепте жиі болып, ұстаздармен, оқушылармен сұхбаттасатын. 1999 жылдан ақтық  сапарға аттанғанға дейінгі аралықта үздік  мұғалімдер  мен  оқушыларға өз  атынан арнайы  стипендия тағайындап, салтанатты түрде  тапсырып  келді. Облыста  жүлделі  орындарға  ие  болған  шәкірттерді  де ынталандырып отыратын. Қазір «Болашақ» аталатын осы мектеп  мұражайында Қалекеңнің өмірі мен шығармашылығы жайлы  екі  бөлімнен тұратын бұрыш ұйымдастырылған. Ол  үнемі толықтырылып, жаңартылып  тұрады. 

Бізден де бір тілек

Биылғы 25 наурызда Қалаубек Тұрсынқұловтың туғанына – 90 жыл, өмірден  озғанына 30  қаңтар  күні  15 жыл  толды. «Өз ұлын, өз  ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын  кемеңгерді» деп  Ілияс  Жансүгіров  жырлағандай, қарапайым ауылда өсіп, қоғам қайраткері  деңгейіне  көтерілген  Қалаубек  ағамыздың елге сіңірген еңбегін ескеру – елдің парызы. Ол армандаған, іске  асыра  алмай  кеткен ізгі  ниеттері қаншама. Солардың бірі –   Термез–Алматы тасжолының Қазығұрт тауын кесіп өтетін  асуына қазақтың хандары мен  билерінің, батырларының  мүсіндерін бейнелейтін тұтас галерея  тұрғызсақ, олардың өмір сүрген  жылдары және ел үшін еткен еңбегі  мен  ерліктері, өсиет сөздері жайында  қысқаша  мәлімет жазып қойсақ – тарихи  маңызы  бар іс тындырған болар едік. Өткен жолаушылар мен туристер тоқтап, тамашалап, әруақтарына бас иіп, халқымыздың  өткенінен  хабардар  болар  еді.  
2023 жылы үлкен игілікті іске қол  жетіп, өзі оқыған «Болашақ» мектеп-гимназиясына  Қалаубек  ағамыздың есімін беру  заңды шешімін тапты. Ендігі жерде Қалаубек ағамыз ұзақ  жылдар  тұрған Алматыдағы үйіне  мемориалдық тақта  орнатып, Алматы, Шымкент қалаларының  Қазығұрт ауданындағы Қазығұрт кентінің  бір көшесіне, өзі туып-өскен Шарбұлақ ауылдық округіндегі  «Шарбұлақ» орта мектебіне есімін беруді заңдастыру мәселесін зиялы қауым мен ел билігіндегі  азаматтардың қолға алғаны  жөн-ақ. Бұл қадірлі қайраткерімізді естен шығармай, қастер  тұтуымыздың шынайы көрінісі болар еді. 

Бектай ШЕТЕНОВ,
 журналист, Қазығұрт ауданының құрметті азаматы.

Пікір қалдырыңыз