Басты бағыттар айқындалды

Сот жүйесінің алдағы бағыт-бағдарлары әр төрт жыл сайын өтетін судьялар съезінде айқындалып тұрады. Осы алқалы жиындарда қабылданған шешімдер кезең-кезеңімен орындалып, сот жүйесінің жұмысын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Жақында судьялардың ІХ съезі болып өтті. Биылғы басқосу «Әділетті Қазақстан» бастамасына орай әділ сот төрелігін қалыптастыруға арналды.  Жиын шын мәніндегі сындарлы ой-пікірлердің алаңына айналды деуге болады. Осы алқалы жиынға Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, сот жүйесін жетілдірудің басты стратегиялық мақсаттарына тоқталды. «Заң мен тәртіп – әділетті қоғамның негізгі өлшемі. Бұл – заң алдында бәрі бірдей, тең құқылы деген сөз. Сол себепті, сот органдары азаматтардың басты қорғаны болуы керек. Елде заң үстемдігі орнаса, халықтың билікке деген сенімі нығая түседі» деп атап өткен Қасым-Жомарт Кемелұлы сот жүйесі алдында тұрған бағыттарды белгілеп берді. Бұл – елдегі заң нормаларын халықаралық стандартқа сәйкестендіру, сот құрылымын одан әрі жетілдіру, сот төрелігінің халыққа қолжетімділік аясын кеңейту, кассациялық соттар құру, Қазақстанның сот корпусының кәсіби біліктілігін жоғарылату.
Сондай-ақ, Президент біздегі сот жүйесінің озық елдердің сот жүйесімен бірдей болуы керек екенін де тапсырды. Мемлекет басшысының «Егер де біз реформа жасағанда сот жүйесін, жалпы құқық қорғау жүйесін түземесек, көздеген мақсатымызға жете алмаймыз. Біздің азаматтар сот жүйесінде барлық мәселелерді шешуі керек, өзінің құқығын қорғай алуы керек» деген еді.
Бүгінде сот жүйесіндегі ілкімді қадамдар ел тұрғындары үшін сот жүйесінің барынша ашық әрі қолжетімділігін қамтамасыз ете отырып, сотқа жүгінушілердің уақыты мен қаржысын үнемдеу және қағазбастылықтан арылуға мүмкіндік беріп отыр. Съезде Мемлекет басшысы судьялардың жаңа Әдеп кодексін қабылдауға қолдау білдірді. Бұл құжатта судьяның кәсіби және моральдік деңгейіне қойылып отырған барлық талаптар ескерілді деуге болады.

Серік СЕЙІТЖАНҰЛЫ,
Шымкент қаласының мамандандырылған 
ауданаралық экономикалық сотының судьясы.
Пікір қалдырыңыз