Тәртіп сақшысы. Бұл – жай ғана мамандық емес, бұл – миссия!

23 маусым – тәртіп сақшыларының кәсіби мерекесі. Осы мереке қарсаңында Түркістан қалалық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Жасұлан НЫСАНБАЕВПЕН сұхбаттасқан едік.
– Жасұлан Қаржаубайұлы, жақында ғана алған полковник шеніңізбен шын жүректен құттықтаймыз!
– Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында осындай мәртебелі шен алу бақыты бұйырды. Қандай да бір жетістікке жетіп жатсақ, оны елге істеген қызметімізге берілген баға деп білемін. Осы ретте сенім білдірген жандарға алғысымды білдіре кеткенді жөн көріп отырмын.
– Еліміздің Ішкі істер министрі Ержан Сәденов 2025 жылды «Профилактика жылы» деп жариялағаны белгілі. Мұндай іс-шаралардың қылмыстың алдын алуға, қоғамдық тәртіптің сақталуына әсері қалай болып жатыр?
– Иә, биылғы жыл Ішкі істер министрлігінің бастамасымен қылмысқа қарсы профилактика жылы деп жарияланды. Өз басым мұндай іс-шаралардың берері мол деп айта аламын. Мұндағы мақсат – қылмысты анықтау немесе айыппұл арқалату емес, қандай да бір орын алуы мүмкін қылмыстың алдын алып, қоғамдағы жат қылықтарға тосқауыл қою. Осыған орай жыл басынан бері қоғамдық тәртіп, жол-көлік оқиғалары, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық, алаяқтық, зорлық-зомбылық, есірткі, вандализм секілді қылмыс түрлеріне қарсы алдын алу шараларын күшейтіп жатырмыз.
Осы ретте қала тұрғындарына рейд, профилактикалық іс-шаралар жиілесе, оған түсіністікпен қараңыздар дегім келеді. Себебі, көп жағдайда ұсақ құқық бұзушылықтар үлкен қылмыс алдындағы саты іспетті. Көбінесе мұндай ұсақ оқиғалар қастандық, бопсалау, ұрып-соғу, тонау сияқты қылмыстарға жол ашып береді. Сондықтан қала тұрғындарының қауіпсіздігі үшін бәрін бақылауда ұстап, ұсақ-түйек деген мәселелердің өзін назардан тыс қалдырмауға тырысып жатырмыз.
– Жыл басынан бергі қаладағы қылмыстық ахуалды айтып өтсеңіз. Түркістандық полицейлер көбіне қандай қылмыстармен бетпе-бет келеді?
– Жыл басынан бері қала аумағындағы қылмыстық құқық бұзушылықтардың тіркелімі 288-ден 389-ға немесе 35,1 пайызға өсіп отыр. Бұл, әрине, қуанатын жағдай емес. Есесіне, ауыр және аса ауыр дәрежелі қылмыстардың ашылу деңгейі жақсарып келеді. Кісі өлтіру қылмыстарының тіркелімі де 4-тен 1-ге, яғни 75 пайызға төмендеп отыр.
Дегенмен, қала аумағында бөтеннің мүлкін ұрлау оқиғалары белең алып барады. Оның ішінде пәтерге ұрлыққа түсу, ұялы телефон ұрлау, мал ұрлығы сияқты оқиғалар жиі тіркеледі. Яғни қылмыстық құқық бұзушылықтардың 38 пайызын ұрлау деректері құрап отыр. Сонымен қатар, интернет алаяқтық қылмыстары да өршіп барады. Қала тұрғындарымен кездесу барысында алаяқтардан сақ болуды жиі ескертіп жатамыз. Өзіміздің тарапымыздан да алаяқтық қылмыстарды болдырмау және алдын алу іс-шаралары жүйелі түрде жүргізіліп тұрады. Осындай ескертулерге қарамастан тұрғындар алаяқтарға жиі алданып жатады.
– Қазір қоғамды есірткі мәселесі алаңдатып отыр. Президент те бұл жағдайға аса алаңдаушылығын білдіріп, құзырлы органдарға күресті күшейтуді тапсырды. Сіздердің тараптарыңыздан осы қылмысқа қарсы күрес қалай жүріп жатыр?
– Жасыратыны жоқ, бүгінде есірткі бизнесі белең алып тұр. Президент тапсырмасынан кейін оған қарсы күрес ширай бастады. Былтыр қалада есірткіге қатысты 32 құқық бұзушылық фактісі тіркелсе, биылғы бес айдың көлемінде 26 құқық бұзушылық анықталды. Дәлірек айтар болсақ, жыл басынан бері ҚК-нің 296-бабы (есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) бойынша 29 дерек анықталып, оның 18-і сотқа жолданса, 7 қылмыстық іс өндірістік сатыда тұр, 4 қылмыстық іс қысқарды. Бұдан бөлек, ҚР ҚК-нің 297-бабы (есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау, оларды жөнелту не өткізу) бойынша жыл басынан бері 7 дерек анықталды. Оның екеуі сотқа жолданса, 5 қылмыстық іс өндірісте. Әсіресе, соңғы кездері синтетикалық препараттарға, оның таралу жолдарына ерекше назар аударып отырмыз. Жақында ғана криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері синтетикалық есірткі тасымалдаған үш азаматты анықтап, олардан 300 грамм мефедрон тәркіледі.
– Жол-көлік оқиғаларына да тоқтала кетсеңіз. Қала көшелерінің бейнебақылау жүйелерімен жабдықталуы қай деңгейде? Олардың жол апаттарының алдын алуға ықпалы қандай?
– Қала көшелеріндегі бейнебақылау жүйелері жол апаттарының алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Қалада апта сайын «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп тұрады. Іс-шара барысында полицейлер көлік жүргізушілеріне құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Қазір Түркістан қаласында 200-ден астам бейнекамера бар. Олардың жол-көлік оқиғалары мен құқық бұзушылықтардың алдын алудағы көмегі өте мол. Соның нәтижесінде жол-көлік оқиғаларының саны 9,3 пайызға төмендеп отыр.
– Ішкі істер саласында қызмет етіп жүргеніңізге 20 жылдан асыпты. Бірқатар аудандарда басшылық қызметтерде болдыңыз. Өзіңіз білесіз, полицияның беделі туралы қоғамда әртүрлі пікірлер айтылады. Сіздіңше, полициямыз сенімді әрі айбарлы болуы үшін не істеген жөн?
– Полицияның қоғамдағы беделі халықтың сеніміне байланысты. Егер бұл сенім әлсіресе, заң үстемдігіне деген құрмет те әлсірейді. Дегенмен, Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған реформалардың нәтижесінде полицияның беделі бірте-бірте көтеріліп келеді. Әрине, бұған бір-екі жылда қол жеткізу мүмкін емес. Бұған бір жағынан халықтың қолдауы да аса қажет. Қоғамдық тәртіпті сақтап, елдің амандығы үшін қызмет ететін полицейлерді үнемі қолдап отырған жөн.
– Мереке қарсаңында әріптестеріңізге қандай тілек айтар едіңіз?
– Полиция – бұл жай ғана мамандық емес, бұл – миссия! Біздің полицейлер осы міндетті абыроймен атқарып жүр деп айта аламын. Олардың қылмыс пен құқық бұзушылықтарға тосқауыл қойып, заңдылық пен құқық тәртібін қамтамасыз етудегі жанқиярлық еңбектері қандай құрметке болса да лайық. Сондықтан полиция қызметкерлерінің күш-жігер мен төзімділікті, әділдік пен жауаптылықты талап ететін еңбектеріне алғыс білдіремін. Барша әріптестеріме абыройлы қызмет, зор денсаулық, отбасыларына амандық тілеймін!
– Әңгімеңізге рахмет! Көне шаһардың қоғамдық тәртібін сақтаудағы еңбектеріңіз жемісті болсын!
Әңгімелескен Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ,
«Оңтүстік Қазақстан».