Әділдік – ел дамуының тұғыры

Осыдан төрт жыл бұрын елімізде 24 маусым – Судья және сот қызметкерлерінің күні болып бекітілуі осы сала қызметкерлерінің мерейін үстем еткені анық. Судья мен сот қызметкері – сот саласының тірегі.

Қазақта «Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» деген сөз бар. Еліміз тәуелсіздік алған соң зайырлы мемлекет құру және жаңа үлгідегі сот жүйесін қалыптастыру бағытында бірқатар даму жолынан өтті. Кәсіби мереке қарсаңында егемен еліміздің сот жүйесінің, соның қатарында Түркістан облыстық және Шымкент қалалық соттарының ілгері дамуына күш салған, еселі еңбегімен көзге түскен сала ардагерлері, судьялар мен сот мамандары туралы айта кетсек деп едік.
1992 жылдан 2018 жылдың 18 шілдесіне дейін бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облыстық сотына Марат Нұрбеков, Бекет Тұрғараев, Жарылқасын Достаев, Мұсабек Әлімбеков, Тілектес Бәрпібаев, Абай Рахметуллин, Нұрсерік Кәрімов, Талғат Баратбеков сынды әділдік таразысын ту еткен азаматтар төрағалық етті. Ал, 2018 жылдан бастап Шымкент қалалық сотының төрағасы Ербол Рахымбеков болды. Соттар әкімшілерінің басшылары Орынбасар Лештаев, Әділ Лебаев, Нұрсұлтан Байтілесов, тағы басқалар да әділдік айнасы деген атқа кір келтірген жоқ. Олардың барлығы да сот саласының дамуына өз үлестерін қосып, есімдерін сот тарихында қалдырды. 
Бүгінгі күні Түркістан облыстық сотының төрағасы Айдос Сұлтанов, Шымкент қалалық сотының төрағасы Әділхан Шайхисламов және Сот әкімшілігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Берік Мейірхановтың басшылығымен облыс пен Шымкент қаласында сот билігін жүзеге асыруда еселі еңбегімен көзге түсіп жүрген судьялармыз бен сот мамандары жетерлік. 
Қазақ еліндегі қара қылды қақ жарған сот тарихы көне заманнан –  халықтың әдет-ғұрпы мен діни көзқарастары қалыптасқан кезеңнен бастап жүзеге асырылып келеді. Ертедегі билер соты бүгінгі халық сотының негізі болып саналады. Байырғы заманнан би-шешендердің айтқанына бас иіп, олардың шешімін бұлжытпай орындауға дағдыланған қазақ халқының сол кездегі сот жүйесінің кереметтігі әлемді таң қалдыруда. Ол кезде қазақ даласында түрме болмаған, жазаның үлкені халықтың талқысы мен елден аластау еді. Өткеннің өнегесі – болашаққа батыл қадам демекші, бүгінгі сот жүйесі өткен ғасырларда қазылық айтқан билердің үрдісін жалғастырып, қазіргі таңда еліміздегі заңның үстемдігі мен адам құқығының сақталуына үлес қосып келе жатқан мемлекеттік биліктің бір тармағы.                                              
2018 жылғы 18 шілдедегі ҚР Президенті Жарлығымен құрылған Шымкент қалалық сотына биыл 7 жыл толады. Осы жылдары Мемлекет басшысы сот жүйесінің алдына қойған стратегиялық міндеттерді орындау мақсатында Жоғарғы Соттың басшылығымен республика соттарында, соның ішінде Шымкент қаласының соттарында да ауқымды жұмыстар атқарылды. Қаладағы барлық соттарда 2018-2019 жылдары кейбір сот отырыстарын онлайн өткізу басталған-ды. Пандемия кезінде (2020-2022 жылдары) көп істер онлайн түрде өткізіліп, бұл жұмыс одан әрі жалғасын тапты. 2020 жылы алдыңғы қатарлы деген елдердің өзінде сот процестері мүлдем тоқтап қалғаны белгілі.  Ал, біздің елде  бұл жаңашыл тәсіл өзін-өзі ақтап келеді. 
Сот жүйесіндегі цифрландыру жайына келсек, бүгінде құжаттардың 90 пайыздан астамы «Сот кабинеті» электронды сервисі арқылы сотқа бармай-ақ беріледі. Сонымен қатар, ол мемлекеттік бажды онлайн төлеуге, іс материалдарымен танысуға, сот шешімдерін қабылдауға және олардың шынайылығын тексеруге мүмкіндік береді. Барлық функция смартфон арқылы қолжетімді әрі оны Қазақстанның ғана емес, әлемнің кез келген жерінен де пайдалануға болады.
 Кейінгі жылдары еліміздегі сот реформасы одан әрі жетілдірілді. Ата Заңымызға сай, азаматтардың мүдделерін қорғауда барлық мүмкіндіктер қолданылуда. Соның нәтижесінде халықтың сотқа деген сенімі арта бастады. Салада қазір бірыңғай сот практикасын қалыптастыру, халықпен кері байланысты күшейту шаралары жүзеге асырылуда. Оған қала соттарының судьялары мен мамандары да өз үлестерін қосып келеді. Бұдан басқа да азаматтардың сотқа деген сенімін арттыру бағытында атқарылған жұмыстар аз емес. Шымкент қаласы соттарының ұжымы сот төрелігін іске асыруда кәсіби деңгейлерінің өскендігін күнделікті қызметімен дәлелдеп жүр. Соңғы уақытта қаладағы соттарда мемлекеттік органдармен болған дауларда жеке тұлғалар мен кәсіпкерлер көбірек жеңіске жетуде. Соттарда медиация мен IT-технология дамып келеді және ақтау үкімдері де көбірек шыға бастады. Сонымен қатар, соңғы 3-4 жылда кейбір аудандық және мамандандырылған соттардың ғимараттарына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, материалдық-техникалық жағынан толық қамтамасыз етілді. Бүгінгі күні судьялар мен сот мамандарының жұмыс істеуіне толық жағдай жасалып, сот мәжілісінің залдары қажетті техникалармен, сондай-ақ, бейнебайланыс жүйесімен жабдықталған. 
Сөз соңында Жоғарғы Соттың Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Н.Шәріповтің жуырда «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатына тоқтала кеткенді жөн көрдім. Нұрсерік Кәрімұлы жұрт біле бермейтін кассация ұғымына тоқтала келе: «Жалпы кассация дегеніміз – жергілікті соттардың шығарған сот актілерімен тараптар келіспеген жағдайда қайта қарап, оларға құқықтық баға беру. Президент кассациялық сатыға шағымданудың және сот актілерін «тұтас кассация» қағидаты бойынша қайта қараудың бірыңғай ережелерін енгізетін сот ісін жүргізудің барлық түрі бойынша заңдарға өзгерістер енгізуге қол қойды. Кассация істі тараптардың шақыруымен алты айдан аспайтын мерзімде қарайды. Бұл соттарға жүктеменің айтарлықтай өсуіне әкеледі деген болжам бар. Сондықтан қазіргі шектеулер кезең-кезеңімен жойылады: біріншіден, биыл 1 шілдеден бастап кассациялық іс алдын ала қараусыз «тұтас кассация» болады, ал, 2 жылдан кейін азаматтық істер бойынша азаматтардың мүліктік мүдделеріне шектеу қойылмайды. Дербес кассациялық соттар қызметі сот төрелігін жүзеге асыру сапасын жақсартуға, әрбір сот сатысының жауапкершілігін күшейтуге бағытталған және соттарға деген сенімді арттыруға септігін тигізетініне сенімдімін» деп ойын түйіпті.
 Еліміздің сот жүйесіндегі қазіргі үлкен жаңалық осы.

Қабыл ДҮЙСЕНБИ, 
журналист-жазушы.
Пікір қалдырыңыз