Жаңа технологиялардың мүмкіндігі мол

Сот саласын заманауи технологияларды мейлінше кеңінен қолданып келе жатқан мемлекеттік мекемелердің ішіндегі ең үздіктерінің бірі десек, артық айтқандық болмас. Өйткені, қарапайым халық бұрынғыдай сот мекемелерінің табалдырығын тоздырмай, интернет жүйесі арқылы өз істерінің қай сатыға келгенін, оларды қарау тәртібімен және сотқа келмей-ақ өз арыз-шағымдарын тіркеуге мүмкіндіктері бар. Бүгінде мұның барлығы «Сот кабинеті» ақпараттық сервисі арқылы іске асырылып жатыр.
Заманауи ақпараттық технологияларды сот жүйесіне енгізу және оны одан әрі жетілдіру сот билігінің беделін биіктетіп, халықтың сотқа деген сенімін арттыруға септесері анық. Қазір заманауи ақпараттық технологиялар арқылы электронды іс қағаздарын жүргізу бойынша үлкен жұмыстар атқарылып келеді. Оған дәлел, тараптар қалта телефонын пайдала отырып, бейнебақылау құрылғысы арқылы сот отырысына қашықтан қатыса алады. Сондай-ақ, сотқа қандай да болмасын талаппен жүгінгісі келетін азаматтар үйінен шықпай-ақ «Сот кабинеті» ақпараттық сервисі арқылы талап-арыз беруіне болады. Бұл сервис сот өндірісін жеңілдетумен бірге саладағы ашықтықты қамтамасыз етеді. Осы арқылы азаматтар сот актілерін жүктеп, басқа да қажетті ақпараттармен таныса алады. Әрі шалғайда тұратын азаматтар қаржыларымен әрі уақыттарын тиімді пайдалана алады.
Саладағы тағы бір ақпараттық технологияға тоқталсақ, ол – соттағы электронды шақырту қағаздары. Бұған дейін сот отырысына қатысатын тұлғаларға шақырту қағаздарын жазып, қолма-қол немесе пошта арқылы жөнелту қажет болса, қазіргі таңда электронды шақырту қағазы іске қосылды. Пошта арқылы жолданған шақырту қағаздары иесіне табысталып болғанша біраз уақытты қажет ететін болса, SMS хабарламасын ұялы байланыс нөмірі арқылы жолдау уақытты үнемдеумен қатар, жұмыстың оңтайлы ұйымдастырылуын қамтамасыз етіп отыр.
Қорыта айтқанда, жаңа технологияларды пайдалану сот ісін жүргізуді жеңілдетіп, қызметкерлердің азаматтармен байланысын азайтады. Бұл бір жағынан сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуге де септігін тигізеді.
Нұрдәулет ЕРКІНБЕКОВ,
Түркістан қаласының мамандандырылған
ауданаралық тергеу сотының сот отырысының хатшысы.