ЗАҢ ҮСТЕМДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕДІ

Аталмыш соттар заңның дұрыс қолданылуын тексеріп, егер қажет болса, шешімді өзгертіп немесе күшін жойып, сот шешімдерін қабылдау кезінде заңдардың дұрыс қолданылуын қамтамасыз етеді.

Соңғы жылдары сот саласында көптеген оңды өзгерістер болып жатыр. Соның бірі кассациялық соттардың құрылуы дер едік. Алдағы шілде айынан бастап Астанада 3 кассациялық сот өз жұмысын бастағалы отыр.

Бүгінгі сот жүйесі қоғамда заң үстемдігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Мемлекет басшысы да елде әділеттілік қағидаларын күшейтіп, қарапайым азаматтардың құқықтарын әділетті әрі сапалы қорғауды үнемі айтып келеді. Бұл ретте Президент бастамасымен қолға алынған кассациялық сот органы — әділеттілікті қалпына келтіріп, сот шешімдерінің заңдылығын қамтамасыз ететін ерекше сот сатысы. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында құрылған аталмыш сот органы ең алдымен заң бұзушылықтарға жол бермеуді көздейді.

Жалпы, кассациялық сот — төменгі сатыдағы соттардың (аудандық, қалалық, апелляциялық) шешімдеріне қатысты арыздарды қарайтын жоғары тұрған сот органы. Аталмыш соттар заңның дұрыс қолданылуын тексеріп, егер қажет болса, шешімді өзгертіп немесе күшін жойып, сот шешімдерін қабылдау кезінде заңдардың дұрыс қолданылуын қамтамасыз етеді. Әрі  елдегі құқықтық жүйенің дамуына ықпал етумен қатар сот төрелігінің сапасын арттырып, азаматтардың соттарға деген сенімін нығайтады. Бір сөзбен айтқанда, кассациялық соттарды тәжірибеге енгізу сотқа кететін қаржыны үнемдеп, азаматтардың ұсыныс-талабын ескере отырып шешім шығаруға жол ашады.

 Айта кетерлігі, Астана қаласында жұмысын бастайтын кассациялық соттар толықтай дербес қызмет атқарады. Ондағы ең басты артықшылық арыздарды кассациялық сатыда алдын ала қарау сатысы алынып тасталады. Себебі, бүгінге дейін істерді бір судья қарап, оны алқа қарауына жіберу де соның пайымдауымен шешіліп келгені белгілі. Бұл өз кезегінде азаматтар мен кәсіпкерлердің ренішін туындатқаны белгілі. Адвокаттар қауымы да барлық санаттағы істерді қарауға тараптар міндетті түрде қатысуы керек, әрі істі алқалы құрам жүргізуі тиіс деген ұсыныстарын алға тартқан болатын. Жалпы, кассациялық соттардың құрылуы Жоғарғы Соттың да рөлін өзгерткелі отыр. Ұсынылып отырған жаңа тетік Жоғарғы Сот төрағасының ұсыным енгізу мүмкіндігін де шектемек.

Әрине, сот процесінде екі тараптың мүддесі қозғалғандықтан, жеңілген тарап міндетті түрде наразылығыны білдіреді. Олар осындай жағдайда кассациялық сотқа жүгініп, әділдікке жету үшін сот шешімін қосымша тексеру арқылы заңдылық пен әділдікке қол жеткізе алады деген сенім мол.

Гүлнұр ТАБИРОВА,

Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі

 мамандандырылған ауданаралық

соты әкімшісінің бас маман –

 сот отырысының хатшысы.

 

Пікір қалдырыңыз