Жүгері өңдейтін зауыт салынбақ
Шардара ауданындағы «Шардара» индустриалды аймағында жүгері дақылын терең өңдеу зауытының құрылысы жүргізіліп жатыр.
Шардара ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков «Шардара» индустриалды аймағында болып, аталған зауыттың құрылыс барысымен танысты. 35 гектарға орналасатын өндірістің І кезеңінде «Казкрахмал» ЖШС дәнді кептіру және сақтау кешенінің қабырғасын қалап, іске қосқан. Қазіргі таңда ІІ кезеңнің жоспарына сәйкес, зауыт ғимаратының құрылысы жүргізілуде.
500 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын өндіріс кешені 2025 жылы аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды мақта шаруашылығын дамыту, мақта талшығының сапасын арттыру, жаңа инновациялық әдістерді пайдалануды тапсырған болатын. Тапсырмалардың орындалу барысын бақылау мақсатында Н.Тұрашбеков «Шардара мақта» ЖШС-нің мақта қабылдау бекетінде болып, диқандармен кездесті. Кәсіп иелеріне мақтаны қабылдау кезінде сапасына мән беруді, сұрыптаудан өткізуді тапсырып, мақта бағасы оның сапасына да қатысты екенін айтып өтті. Мұнда
10 адам жұмыс істейді. Мақта қабылдау пункті өткен жылы жиын-терім науқанында 3 мың тонна көлемінде мақта қабылдаған. Биыл 2 мың тонна мақта қабылдау жоспарланып отыр. Мақта өлшеу таразысы арнайы мекемемен аккредиттеліп, тексеруден өткен.