Жарқын болашаққа бастар жол

Жасыратыны жоқ, жер бетінде тіршілік иелері көбейген сайын өмір сүру де қиындай түседі. Өйткені, адамдардың жер асты-үсті байлықтарын есепсіз пайдаланып, қоршаған ортаны қоқысқа толтыруы табиғатқа кері әсерін тигізуде. Бұл жағдайларға бей-жай қарауға болмайды. Осы мәселеге алаңдаған ғалымдар «жасыл экономика» терминін қолданысқа енгізді. «Жасыл экономика» – адамның жер ресурстарына жауапкершілікпен қарауын көздейтін экономикалық даму моделі. Тұрғындардың әл-ауқатының өсуі мен табиғи ресурстарды сақтауы арасында өзара ымыраға келуі табиғаттың тепе-теңдігін ұстап тұруға мүмкіндік береді. Бүгінде әлем «жасыл экономиканы» қолдап отыр. Қазіргі уақытта сарқылуға шақ қалған ресурстарды, мәселен, пайдалы қазбалар саналатын мұнай, газ, электр энергиясы, су көздерін тиімді пайдалану маңызды. Ауаны ластайтын мұнай мен газды табиғатқа зиянсыз баламалы заттармен алмастыру, электр энергиясын қолдануды азайтып, күн энергиясын пайдалану секілді қарапайым тірлікке көшу бүгінгі күннің басты талабына айналып отыр. «Жасыл экономика» таза немесе жасыл технологияларға негізделгендіктен, әсіресе, ауаға көміртекті газдарды шығаратын технологиядан бас тарту маңызды. Ғалымдардың айтуынша, болашақтың қуат көзі саналатын баламалы электр көздері бүгінде өз өміршеңдігін дәлелдей бастады. Сол үшін елімізде «жасыл экономиканы» дамытуға ерекше екпін беруде.
Бүгінде елімізде «жасыл экономикаға» көшу, экологиялық мәселелерді шешу бойынша түрлі жобалар қолға алынуда. Кез келген мемлекеттің «жасыл экономикасы» тұрақты даму тұжырымдамасының негізі саналады. Бұл жоба Жер шарындағы табиғи экожүйелерді сақтау және қалпына келтіру, қоршаған ортаға қысымды азайту арқылы табиғи капиталды арттыруға бағытталған. Тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту және әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуді көздейтін тұжырымдаманың берері зор. Бүгінде әлемдік деңгейде «жасыл экономика» жобасы кеңінен таралып, ол қаржы институттары, кәсіпкерлер, үкімет өкілдері және тұтынушылар арасында қолдау тапты. Физика заңдылықтарына сүйенсек, жер бетіндегі барлық тіршілік бір-бірімен өзара тығыз байланыста. Демек, «жасыл экономика» түсінігі тек өсуді ғана көздемейді, тұрақты дамуды қамтамасыз етудің мүмкін екенін де көрсетеді. Қанша қиын болса да біздің елде экономикалық жүйенің жетілмегендігін мойындауымыз керек. Қазіргі кезде ел экономикасында көптеген оң нәтижелер байқалады. Алайда, экологиялық проблемалар, табиғи ресурстардың сарқылуы, әлеуметтік теңсіздік және энергия тапшылығын болдырмау секілді жұмыстар әлі де дұрыс жолға қойылмаған. Бүгінгі таңда адамдардың әл-ауқатын көтеретін ұзақ мерзімді перспективалы тұрақтылыққа қол жеткізетін жүйеге көшу қажеттілігі туындап келеді.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында «жасыл экономиканы» дамытудың маңыздылығына ерекше тоқталды.
«Үкімет энергетикалық тиімділік саясатын түбегейлі қайта қарауға тиіс. Онда Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттары ескерілуі керек. Энергетиканы тиімді пайдалануға және басқа да ресурстарды үнемдеуге қатысты нақты нормативтік талаптарды біртіндеп енгізу қажет. 2029 жылға қарай энергияны тұтынуға және энергия шығынына байланысты негізгі көрсеткіштер кемінде 15 пайызға азаюға тиіс. Біз «жасыл экономиканы» дамыту мәселесімен мықтап айналысуымыз керек. Болашақта бүкіл әлем таза энергетикаға көшетіні сөзсіз» деп Мемлекет басшысы осы Жолдауында Үкіметке ерекше тапсырма жүктеді.
Демек, энергияны тиімді пайдалану және басқа да ресурстарды үнемдеу бойынша атқарылатын жұмыстарды тағы бір нақытылап алу керек. Адам өміріне күнделікті қажет электр қуатын, суды, жылуды үнемдеу мен тиімді пайдалану – «жасыл экономиканың» басты басымдықтарының бірі.
Бүгінгі уақытта Түркістан облысында да «жасыл экономиканы» дамытудың, «жасыл аймақ» секілді жобалардың игілігін халық біртіндеп көруде. Табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, энергия үнемдеу және қалдықтарды өңдеу бойынша инновациялық шешімдер қабылданып, өңір тұрғындарының болашағын жарқын ететін жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Өңірдегі ауыл шаруашылығы саласында да «жасыл экономика» маңызды рөл атқарады. Экологиялық таза агротехнологиялар мен биотехнологияларды дамыту арқылы топырақтың құнарлылығын сақтауға, сапасын жақсартуға мүмкіндік молаяды. Ауыл шаруашылығы саласының мамандары «жасыл экономиканың» арқасында, әсіресе, климаттың өзгеруіне қарсы тиімді шаралар қолға алынып отырғандығын айтады. «Мәселен, «жасыл экономика» атмосфераға парниктік газдардың шығарылуын азайтудың және климаттық тепе-теңдікті сақтаудың тиімді әдістерін ұсынып, табиғат пен адамзаттың арасындағы тепе-теңдікті сақтауды көздейді. Табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға және қоршаған ортаны қорғауға бағыттайтын маңызды жүйе бүгінгі күнге ғана емес, болашақ ұрпақтың денсаулығы мен жарқын өмірі үшін де керек» дейді сала мамандары.
Қаржы институттары, бизнес өкілдері, ел Үкіметі, кәсіпкерлер мен тұтынушылар «жасыл экономикаға» бет бұрып жатқандығының бір дәлелі тұрғын үй секторында анық байқалады.
«Жасыл экономиканың» еліміздің білім-ғылым саласына да қосар үлесі зор. М.Әуезов атындағы ОҚУ-дің экология кафедрасының меңгерушісі, техника ғылымының кандидаты, профессор, Рае Квон Чунг атындағы жаңа климаттық экономика және тұрақты даму орталығының директоры Жадыра Шыңғысбаева былай дейді:
«Бүгінде ғылыми-техникалық прогрестің дамуына және климаттың қарқынды өзгеруіне байланысты бүкіл әлем «жасыл экономикаға» бет бұруда. Бұл тұрғыда Еуропа, АҚШ, Шығыс Азия елдері көш бастап тұр. Аталған елдер осы жоба аясында белгілі бір табысқа да қол жеткізіп отыр. Демек, дамыған елдердің қатарына қосылу үшін біздің мемлекетіміз де шетелдің тәжірибесін тиімді пайдалануы керек. Мұның ішінде соңғы кезде нәтижесін көріп жүрген жел электр стансалары, балама қуат көзін пайдалану арқылы энергия үнемдеу, тұрмыстық қалдықтарды өртеу арқылы жылу қуаттылығын алу, суды үнемдеу, өндірістік қалдықтарды қайта өңдеп, кәдеге жарату да бар. Сол себепті біздің университетімізде Нобель сыйлығының лауреаты, «Жаһандық энергетика» сыйлығы жөніндегі халықаралық комитеттің мүшесі, БҰҰ Бас хатшысының климаттың өзгеруі бойынша кеңесшісі Рае Квон Чунг атындағы жаңа климаттық экономика және тұрақты даму орталығы ашылған. Бұл орталықты ашудағы басты мақсат – тұрақты өсу, жасыл технологиялар, көміртегі зиянын азайту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және климаттық өзгерістердің қоршаған ортаға әсерін азайту негізінде экономикалық дамудың жаңа принциптерін енгізу бойынша ғылыми-зерттеу және білім беру институтын құру болып табылады. Бұл орталықта «жасыл экономика» бойынша жобалар әзірленіп, ол іске асырылуда. Соның бірі – ақылды жасыл ферма. Бұл интеллектуалды фермада күн, жел энергиясына негізделген жаңартылатын электр энергиясын және суды тұтынуды 90%-ға қысқартуға мүмкіндік беретін аквапоникалық технологияларды қолдана отырып, органикалық және көміртексіз салынатын жеміс түрлері, соның ішінде мақта, васаби, құлпынай өсірілетін болады. Нәтижесінде жиналған мақтаны Еуропадағы атақты Люкс-премиумдағы сән үйлеріне жоғары бағамен сату көзделіп отыр, бұл – Қазақстанның мақта өнеркәсібінің қосымша құнын арттыруы үшін үлкен мүмкіндік. Профессор Чунг Smart Farm, Aquaponics және Wind Tower үшін құны бір миллион доллар тұратын жабдықтар мен компоненттерді жеткізетін кореялық инвестициялық компанияны ұйымдастырды. Бұл материалдарды кореялық компания ақысыз жеткізеді. Ақылды жасыл ферманың пилоттық сынақ учаскесі ашылып, оны бір жыл бойы М.Әуезов атындағы ОҚУ профессорлары мен зерттеушілері бақылайды және пайдалылығы расталса, «жасыл» мақтаны коммерциялық тұрғыдан көптеп өсіреді» деді Жадыра Әтірханқызы.
Экологиялық проблемалар, оның ішінде климаттың өзгеруі, жердің шөлейттенуі, жер шарының өзгеруі, биоәртүрліліктің жоғалуы, табиғи капиталдың сарқылуы, тұщы судың, азық-түліктің, энергияның жетіспеушілігі секілді құбылыстардың алдын алу мақсатында «жасыл экономика» табиғи қорларды тиімді пайдаланудың, сарқылуға жақын пайдалы қазбаларды үнемдеуге, сарқылмайтын тіршілік көздерін пайдаланудың тиімді жолдарын қарастырып отыр.
Әлем елдерінде экономикалық жаһандану қарқыны жоғары. Сондықтан шетелде экология мен тұрақты даму мәселелері өзекті тақырыпқа айналған. Қоршаған ортаға залалды барынша азайтуға бағытталған «жасыл экономиканы» қолдау мен қолдану өте маңызды. Ғалымдар да «жасыл экономикаға» көшудің маңыздылығын қайта-қайта ескертуде. Электр қуаты, су және жылу адамның күнделікті тұрмысына ауадай қажет екендігі белгілі. Оларды үнемдеп тұтынудың тиімді тәсілдерін қарастыру күн тәртібінен түспейтін мәселе.
Экономика бөлімі.