Қайраткер ана
Ажар Бермұханова,
«Оңтүстік Қазақстан».
Ұстаз, ҚР білім беру ісінің үздігі, Қазығұрт аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, қызылқиялық Ардақ Бижанованың есімі республикада жарық көрген «100 қайраткер әйел» атты анықтамалық энциклопедияға енгізілді.
Бар ғұмырын болашақ ұрпаққа тәрбие мен білім беру жолында сарп еткен зейнеткер ұстаз бүгінде Қазығұрт ауданының іскер әйелдер кеңесін басқара жүріп, Қызылқия ауылдық округінен «Айару» бебекжай-балабақшасын ашып, бала тәрбиесіндегі қызметін жалғастыруда.
Ол Сарыағаш ауданы, Жылға ауылының тумасы. Әкесі Пердебай Бижанов 40 жыл мал дәрігері болып еңбек етті. Ал, анасы Күнімай Бижанова 9 баланы дүниеге әкелген Батыр ана.
Ардақ Пердебайқызы Жылға ауылындағы С.Сейфуллин атындағы мектепті бітіргеннен кейін Алматыдағы Абай атындагы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының математика факультетіне оқуға түседі. 1976 жылы институтты қызыл дипломмен тәмамдап, өзінің білім алған мектебінде алғашқы еңбек жолын бастайды. Қызылқия ауылындағы Серік Нүсенов деген азаматқа тұрмысқа шыққаннан кейін осындағы «Комсомол» орта мектебінде математика пәнінің мұғалімі болып жұмысын жалғастырады. Мұнда «Жылдың үздік мұғалімі» аталады. 1995 жылы «Комсомол» орта мектебінің директоры қызметіне тағайындалады. 2013 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін осы қызметті абыроймен атқарады.
1995 жылдары өте ауыр кезең еді. Ұстаздар 5-6 айлап жалақы алмайтын. Көпшілігі тіршілік қамымен әр жаққа кетті. Осындай қиын шақта алға қойған мақсат – әрбір ұстаз өз шәкірттерін отансүйгіштікке тәрбиелей отырып, тәуелсіз мемлекетіміздің ертеңгі іргетасын қалайтын мирасқорларын даярлау жолында еңбек ету керек екені түсінікті еді. Қоғамдық негізде түрлі үйірмелер жұмыс істеді. Әсіресе, драма, би, спорт үйірмелерінің жұмысы жанданды. Мұғалімдер уақытпен санаспай жұмыс істеді. «Түркістанның 1500 жылдығы», «Қобыз пірі Қорқыттың 1300 жылдығы», «Күй атасы Құрманғазының 175 жылдығына» орай ұйымдастырылған фестивальдерде драма, би ұжымдары облыста аудан намысын қорғады. Оқушылардың биге деген қызығушылығы артты. Мектепте 1999 жылы «Жұлдыздар», 2000 жылы «Таңшолпан» би топтары құрылып, қалыптасуы үшін атқарылған тірліктер аз смес. Бүгінде бұл өнер топтары «Халықтық би ансамблі» атағын алып, республикамызда және шетелдерде өнер көрсетуде.
Ардақ Пердебайқызы 1993 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, 1994 жылы «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. 2005 жылы «Әйел басқаратын ең үздік кәсіпорын» атты республикалық байқаудың «Білім» номинациясы бойынша жеңімпазы дипломымен, 2011 жылы ҚР Президентінің Алғыс хаты және «ҚР Тәуелсіздігіне – 20 жыл» мерекелік медалі табысталды. Ардақ Пердебайқызы әр істе шебер ұйымдастырушылығымен, қоғамдық жұмыстарда белсенділігімен танылды.
2012 жылы Қызылқия ауылдық округінің Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы қызметін атқара жүріп, «Қазақстан әйелдері кедейшілікке қарсы» атты акциясын жыл сайын өткізіп, тұрмысы төмен отбасыларға кайырымдылық жасады.
2013 жылы зейнеткерлікке шыққан соң Елбасының «Балапан» бағдарламасына қолдау көрсете отырып, «Айару» бөбекжай-балабақшасын ашады. Мұнда бүгінде 25 ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып отыр.
Республикалық ардагерлер кеңесінің 35 жылдығында Түркістанда өткен «Жыр жауһарлары» атты хор ұжымының байқауына қатысып, 3-ші орынды иеленді. Былтыр Түркістан облысының 5 жылдығына арналған байқауда ұмыт болған дәстүрлер: алаша тоқу, киіз басу, ши тоқу сияқты түрлі қолөнер бұйымдарын көрмеге апарды. Абай тағлымы бойынша «Жастар тәрбиесі – ұлт болашағы» атты облыстық семинар өткізді.
– Ата-анамыз бізді кішкентайымыздан ұқыптылыққа баулыды. Бала кезімізден бойымызға сіңген дағдымен келеміз. Мен үшін ең қымбаты –отбасымыздың қуанышы. Әйел адам бәріне үлгеруі керек. Өмірдегі ұстанымым – адалдық, мейірімділік, көпшілдік, – дейді байырғы ұстаз.
Бүгінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырған «Күміс алқа» иегері 2 қыз, 4 ұлдан 26 немере сүйіп отыр.
Парасаттылығының арқасында қай мәселені қолға алса ол асқан ыждағаттылықпен атқарады. Ұлағатты ұстаз ұлт мүддесі үшін кейінгі толқынға ізгілік шуағын шаша бермек.
Қазығұрт ауданы.