Созақтың бір сақысы Сатан еді
Түркістан облысының құрметті депутаты, Созақ ауданының құрметті азаматы, ауданда ұзақ жыл адал еңбегімен ел ықыласына бөленген, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан Шу бойы ауылдарынан алты рет аудандық мәслихатқа 27 жыл халық қалаулысы болып сайланған, тоқсаныншы жылдардың ортасында, нарықтың қиын-қыстау кезінде «Иман» қайырымдылық қорын ашып, жұмыссыз жерлестеріне көмек қолын созған, зейнеткерлікке шыққан соң да аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі, «Жуантөбе» ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы болып, елдің ынтымақ-бірлігінің артуына атсалысқан жомарт жүректі азамат Сатыбалды Қуандықұлы Жанұзақов өткен жылы қазан айында 68 жасында өмірден өткен болатын. Арда азаматтың жарқын бейнесін жерлестері бүгінде сағына еске алысады. Жалындаған жас шағында аудан жастары арасындағы өнер байқауында жігіт сұлтаны атанып, алтын сағат жеңіп алған азамат еңбек жолын шопандықтан бастап, әр салада еңбек етіп, ауданның дамуына қомақты үлес қосты.
Дана халқымызда «Сенің тірлігіңде қандай адам болғаныңды жаназаңа жиылған адамның қарасынан білемін» деген тәмсіл бар. Сатыбалды өмірден өткенде ел көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің қазасына жиылғандай «Жуантөбені» төрт жағынан адам қарасы басып қалды. Сатыбалды інім айтушы еді: «Отбасы жағдайымен кезінде оқи алмай қалдым, мектептен кейін шопан болып, еңбекке араластым. Одан кейін әскерден қайтып келіп, әр салада жұмыс істедім. Дүние жимадым, адам жидым!» деп.
Сатыбалдының ел жиылған жерде үнемі киіп жүретін аспан түстес көкшіл кәстөм-шалбары болатын. Көк түс – ашық аспан, бейбіт өмірдің символы, Тәуелсіз еліміз көк байрағының белгісіндей болып көрінетін осы түсті Сатыбалды бостан-босқа таңдамаса керек. Таулар алыстаған сайын биік көрінеді, Сатыбалды бізден ұзаған сайын оның азаматтық тұлғасы биіктеп барады. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында жақсылық жасау үшін жаратылған періште жан күніне тарығып отырған бір адамға жақсылық жасаса, содан рахат табатын. Асып-тасып жатқан байлығы жоқ, балаларының несібесінен жырмыштап, ауылдастарымен бөліскісі келіп тұратын. Әрбір азамат тіршілігінде дүние жимастан, тапқан-таянғанын халқымен бөлісіп, елмен араласудың озық үлгісін Сатыбалдыдай көрсете білсе, елдің ынтымақ-бірлігінің артуына еселеп үлес қосқан болар еді.
Сатыбалды тұрған «Жуантөбе» ауылы тоғыз жолдың торабына орналасқан. Солтүстікке қарай «Қыземшек» пен «Тайқоңыр», шығысқа қарай «Тасты» мен «Шу» ауылдары, одан әрмен «Ұланбел» арқылы Жамбыл облысына шығып кетесіз. Сол көрші облыспен жалғасатын қасқа жолдың бойындағы елді мекенде жүрегі жомарт, жан дүниесі дарқан жанның берекелі шаңырағы көпшіліктің қона жатып кететін құтты мекеніне айналды. Қыстың аязды күндері жолда қалып, көлігі бұзылғандар «осы ауылда қайырымды жан бар еді!» деп келіп, Сатыбалдының үйін табатын. Қиналып келгендерді жылы үйінде қонақ етіп, тамағын алдына қойып, көлігін жөндеп, жарылған доңғалағын ауыстырып, қаржыдан қысылғанының қалтасына ақша салып беретін Сатыбалдының сақылығын ел аңыз етіп айтады. Сатыбалды еске түскенде «Атың барда жер таны, желіп жүріп, асың барда ел таны, беріп жүріп» деген халық даналығы ойға оралады. Тоқырау жылдары Сатыбалды тарыққан талай ауылдасының қолтығынан демеп, тоқшылық заманға жалғап жіберді. Ол әр жылдары сайлау науқанында басшымен де, қосшымен де, қалталы азаматпен де дауысқа түсіп, маңдайы жарқырап, озып келіп жүрді. Пайғамбар жасына жетіп, зейнеткерлікке шыққанда «болды, жетер осы! Бізден кейін де өсіп келе жатқан жастар бар, соларға орын берейік!» деп аудандық мәслихат сайлауынан бас тартуы да оның ақыл-парасатының қандай екенін көрсетсе керек. Адал еңбегімен халқының зор сеніміне ие болған Сатыбалды одан кейін де соңғы демі біткенше аудандық қоғамдық кеңестің белді мүшесі, «Жуантөбе» ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып, қоғамдық жұмыстан қол үзбестен халқымен бірге болды. Міне, бұл елмен араласудың озық үлгісі. Халық оны шын жүректен жақсы көрді. Сатыбалды Жанұзақовтың есімі аудан тарихында алтын әріптермен жазылып қалды. Бұл халықтың ілтипаты мен құрметі еді.
Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан және Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, композитор, жазушы, музыкатанушы Ілия ЖАҚАНОВ:
– Сонау ерте заманнан ағатын Шудың төменгі сағасында Созақтың «Жуантөбе» ауылында еліне белгілі, беделді, иманжүзді, жан дүниесі сондай таза, көрікті Сатыбалды деген азамат сыртымнан бұрыннан естіп-біліп жүреді екен. Әрине, туыстық жағынан жақын, алыста жүріп, маған ылғи сәлем айтып, еліне, жеріне шақырушы еді. Соңғы жылдары көне Созақтағы Қарабура әулие бабамыздың дәстүрлі асында кездесіп, әңгімелесіп, пікірлесіп жүретінбіз. Мұндай асыл азаматты тану үшін көп уақыттың керегі жоқ. Жақсы адамдардың жай ғана сәлемінің өзі о бастан көріп-біліп жүрген жандай жақын тартатын ерекше сезім ғой, бұл. «Жақсы адаммен отырған жарты сағат, өтіп кеткен жаманның өміріндей» дегендей, сол Сатыбалды сонау «Жуантөбеде» жатып сәлем жолдағанда өзінің елі мен жері, даласы мен суына дейін, ол өңірдің ертедегі тіршілігі, сол Шудың төменгі сағасында отырып, Бетбақдала арқылы Арқадағы ағайындармен тонның ішкі бауындай араласып, туысқандық байланысын үзбеген екен. Өзі кеңқолтық, жүрегі жомарт, дүниенің бәрін жадыратып, жан-жағына нұрын шашып жүретін жігіт еді. «Жуантөбе» – халқы сүттей ұйып отырған шағын ауыл екен. Ауылға кіре берісте біздің көзімізге оттай басылған үлкен екі көшенің қиылысқан жерінде суретім ілініп, маған арналған үлкен баннер орнатылғанын көріп қалай тебіренбейсің, қалай толқымайсың! Сатыбалды бізді сондай жарқын сезіммен қарсы алып, үйіне алып келді. Шу бойы үш ауылының беделді азаматтарын шақырып, үлкен дастарқан да жасап қойған екен. Жайғасып отырып, елдің азаматтарына сәлем беріп, жақынырақ танысып, арғы-бергіден әңгіме қозғалды. Бір-бірімізге деген ілтипатымыз, ықыласымыз жарасып, «Жуантөбе» ауылында түннің бір уағына дейін әңгіме қозғалып, есте ұзақ сақталар сәттер болды. Ертеңіне ол бізді жолға алып шықты. Жол үстінде Сатыбалды керемет есте қалатын әңгімелерді кеңінен толғап, бұл даланың ғажайып сырларын айтып отырды. Бетбақдаланың бастау алар өңіріндегі ата-бабаларымыздың көне қорымы басына барып, дұға жасадық. Бір кездерде Қоқан хандығының билігі жүріп тұрғанда жойқын сұрапыл соғыста қаза тапқан талай батырлардың есімін атап, оның ішінде біздің аталарымыз, Таманың Тұяқ деген батырының басына Сарысудағы ағайындар құлпытас қойғанын көрсетіп, Құран оқыдық. Осы жолда Сатыбалдының бұл өлке жұртымен ертеден етене араласқан жан екеніне көзім жетті. «Сарысумен қанаттасып жатқан «Шығанақ», «Қамқалы» мен «Жайлаукөлді» жалғайтын жолды жөндетудің қамында жүрмін, екі ауданның әкімдеріне талай рет айтып, осы жолды жөндеп тастайық, асфальт болмаса да қиыршық тас төсеп, трактормен тегістеп, даңғыл жол етсек, шекаралас жатқан екі ауылдың халқы ел-жұрт болып араласып-құраласып тұрсын, одан әрмен Мойынқұмға қарай қатынас жақсарады, өрісіміз кеңейіп, кәдімгі тұрақты қарым-қатынас орнайды деумен келемін» деді. Сатыбалды өзінің жәй ғана қарапайым өмірі, кешегі кеңшар кезінде мәдениетке, өнерге жетекшілік еткен жылдарын да қызықты етіп әңгімелеп отырды. Елмен қоян-қолтық араласып, ел ішіндегі беделінің арқасында ауыл ағасы болып, аудандық мәслихаттың алты сайлауында халық сенім артып, аудан ғана емес, облыс көлемінде танымал азамат болғанын байқадық. Осы жылдар ішінде ауылды көркейту, әлеуметтік жағдайын көтеру, елдің мұң-мұқтажын жоғары орындар алдына қойып, көп шаруа тындырғанын білдік. Жасымыз үлкен болғанымен Сатыбалдының ерте есейіп, ерте жетіліп, бір қауым елге тұтқа болып отырған кемеңгер қасиетімен еліне ардақты болуы – ғажайып өмірдің үлкен мысалы екен. Сондықтан да Сатыбалдыны еске алғанда бір-екі күндік, аз күндік кездесуде ғана емес, сонау ертеден жақсы білетін, етене жақын араласқан, бір-біріміздің сенімімізге кірген, бір-бірімізге сергек қарайтын ағайын-туыс екенімізді біліп, иә, Құдай, осы қарапайым маң далада, кең далада жайбарақат қарапайым ғұмыр кешкен Сатыбалдыдай ер азаматтар, кемеңгер азаматтар көп болса екен деген игі тілекпен «Жатқан жерің жайлы, рухың пейіште шалқысын, Сатыбалды інім! Ел мен жерге деген ықыласың мен мейірімің өзіңді осындай ардақтайтын үлкен дәрежеге жеткізді. Сені әр кез еске алып отыратын асыл азамат ретінде ұмытпаймыз!» дегім келеді.
Түркістан облысының құрметті азаматы, ел ағасы Сексенбай қажы ТҰРЫСБЕКҰЛЫ:
– Ауданда еңбегімен елге сыйлы, қадірлі болған Сатыбалды інімізді өмірден ерте кетеді деп кім ойлаған?! Арамызда жайраңдап, орнықты сөзін айтып, елмен қоян-қолтық араласып жүре бергенде әлі талай игілікті шаруаны тындырар еді. Алла тағаланың әркімге өлшеп берген өмірі бар, Сатыбалды ініміздің ортамыздан ертелеу кеткені өкінішті, әрине. Сатыбалды інімнің өзім жақсы білетін қасиеті мен атқарған шаруасының бастысы – Созақтағы Қарабура әулие кесенесінің төңірегіндегі қайырымдылық шараларының басы-қасында болып, жалпы жұртшылықпен бірге өзінің де ниеттес екенін білдіріп, жақын араласып жүргені болды. Қолдан келген көмек-жәрдемін аямады, ел ішінде ортақ шаруаның белсенді насихатшысы болды. Жалпыхалықтық имандылық шараларын жүзеге асыру, келешекте қандай шаруа атқарылуы тиіс деген мәселеде ойларын айтып, сенімді көмекшіміз болды. 2013 жылы Қарабура әулие бабамыздың басында Сатыбалды інім ағайындарының бас көтерер азаматтарын ұйымдастырып, отызыншы жылғы Созақ көтерілісінде жазықсыз жазаланған Бұзау ата ұрпақтарының оннан астам боздақтарының аты-жөнін анықтап, құлпытасқа жаздырып, әулие бабамыздың кесене ауласына орнатып, Құран оқытқаны елдің есінде қалды. Одан бөлек, сол Созақ көтерілісінің 85 жылдығы қарсаңында ауданда бұл тақырыпты зерттеп, жазып жүрген Шымкент пен Алматыдан тарихшы-қаламгерлердің басын қосып, көтеріліс болған қанды жерлерді аралап, естеліктерін жинақтап, Созақ теледидарында арнайы хабар ұйымдастырғанын да ұмытпаймыз.
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор, академик Әбдірахман ОМБАЕВ:
– 1992 жылы Қазақстанның басқару саласына әкімдік жүйе енген кезде мен Созақ ауданының алғашқы әкімі болып тағайындалдым. Келесі жылы Созақ ауылынан Колхоз аға Сағындықов «Жуантөбе» кеңшарының шопаны Сатыбалды Жанұзақовты ертіп келді. Ол өзінің ата-бабасына ас беріп, бәйге, ұлттық спорт түрлерінен жарыс өткізбек ниетін айтты. Сатыбалдының әрбір сөзі ерекше әсер етті. Ішімнен неткен азамат, жастайынан әке-шешесінен айырылып, енді міне, есін жиғанда оларға бағыштап Құран оқытып, ұлан-асыр ас бермекші, неге қолдамасқа деген ойға келдім. Күз айында Сатыбалды кең көлемде ата-анасының әруағына арнап ас беріп, Құран оқытты, ат жарысын өткізді. Елдің шалғайында жатып-ақ дос-жаран, ағайын жинаған азамат екен, асқа адамдар мол жиылып, ниеттерін білдіріп жатты. Маған қарапайым қазақтың кең-байтақ ұлы даласында өсіп, азаматтық жасқа келгенде еліміздің тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында ел-жұртты жиып, марқұм болған ата-анасына ас беріп, Құран бағыштауы – Сатыбалды бауырымның жас болса да бойындағы үлкен парасаттылықты көрсетті. Одан кейін республикалық «Қарабура әулие» қоғамдық қоры құрылып, Созақ ауылындағы бабаның кесенесін жаңартып, ағайындардың бас қосуында да Сатыбалды «Жуантөбеден» келіп қатысып, азаматтығын танытып жүрді. Ия, ол үлкен жүректі бауырмашыл азамат еді. Сатыбалды депутаттық мандатын да адал атқарды. Ол керемет әке, асыл жар да бола білді. Кездескенде балаларымен мақтанатын. Бірде: «Аға, қызым қазір Астанада, Жоғары сотта қызмет істейді, ұл-қыздарым еліміздің шалғай ауданында оқып-ақ білімді болып өсті!» деді. Әке үшін одан артық бақыт бола ма?!
...Иә, ел мақтаған Сатыбалды Жанұзақов орта мектептен кейін Созақтағы кәсіптік мектепте механизаторлық мамандық алып шыққан еді. Уран өндірісінде қатардағы жұмысшы, ауылдағы Мәдениет үйінің меңгерушісі болды. Аудандық мәслихат депутаты болған жылдары «Жуантөбе», «Тасты» және «Шу» ауылдарында іргелі өзгерістер орын алды. Ауылдық әкімшілік ғимараттары, мектеп пен балабақша, мәдениет үйлері бой көтерді. Жолдар асфальтталып, таза ауыз су жеткізілді. Ауылдың жұмыссыз жүрген жастары өндіріс орындарына жұмысқа орналасты. Осылардың бәрінде Сатыбалды Жанұзақовтың да ерен үлесі бар. Аудан мен облыс әкімдерінің, өндіріс орындары басшыларының алдына халықтың мұң-мұқтажын жеткізумен тыным көрмеді. Ел оны осы адал еңбегі үшін құрмет тұтты.
Өтеш ҚЫРҒЫЗБАЕВ,
Қазақстанның құрметті журналисі,
Созақ ауданының құрметті азаматы.
бердібек жақыпов
ағамыздың иманы саламат болсын
Есен Оспанов
Жаны жомарт жақсы. Кісі еді ағамыз. Үлкенге іні кішіге аға елге қамқор бола білді. Елге істеген жақсылықтары бала шағаларына еселеніп жақсылық боп қойтсын.