Бопованың бір ауыз сөзі

1986 жылғы желтоқсан оқиғасы кезінде мен Шымкент қалалық комсомол комитетінде екінші хатшы болатынмын. Сол күні орталықтың бастауыш комсомол ұйымдарына практикалық көмек көрсету жөніндегі тапсырмасына байланысты «Прессавтомат» зауытына барып, комсомол хатшысы екеуміз тапсырманың жай-жапсарын ақылдасып отырғанбыз. Кенет телефон безек қаға жөнелді. Телефонның арғы жағындағы Шымкент қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, яғни бастығым Арсеньев екен. Маған «Шұғыл жетсін!» депті. Дереу жетіп бардым. Кірген бетте «Бүгін Колбиннің тағайындалуына қарсылық білдіріп Алматыда жастар бас көтеріпті, естідің бе?» деді сұраулы жүзбен. Қапелімде аузыма қайдан түсе қалғанын білмеймін, «Колбиннің тағайындалуы негізі дұрыс шешім болмады» дедім жайбарақат кейіп танытып. Әлгінде ғана моп-момақан күйде отырған Арсеньевтің өңі лезде өзгеріп, бейнелеп айтқанда қаны басына шапшып шыға келді. «Не тантып тұрсың, бұл қаланың білдей идеологы айтатын сөз бе?» деп ашу шақырды. Мен жағдайды ушықтырып алмайын деп үндемеуге тырыстым. Аз-кем үнсіздіктен кейін жоғары оқу орындарының жатақханаларына кезекшілік ұйымдастыру жөнінде тапсырма беріп, шығарып салды. 
Сол уақытта «Жасың отыздан асқан соң партия органдарына өсуің қажет, болмаса мамандығыңа сай қызмет істеуің керек» дейтін комсомолдың өз ішінде өзгелер біле бермейтін қағида болатын. Енді екі-үш айдан кейін, яғни 1987 жылдың ақпанында отызға толмақпын. Соның алдында қалалық партия комитетінің кадр бөлімі Дзержинский аудандық партия комитетіне ұсыныс жолдап, мені жұмысқа алуды сұранған-тын. Қабылдауға барғанымда аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы жылы шыраймен қарсы алып, ұйымдастыру бөліміне нұсқаушы болып қабылданатынымды қуана жеткізген еді. Тек біраз күтуімді өтінді. 
Күндер жылжып өте берді. «Күтіңіз!» деген хабардың ауылы бірте-бірте алыстай берді. Амал жоқ, аудандық партия комитетіне барып, істің мән-жайын білуге тура келді. Алдыңғыдай емес, бұл жолы бірінші хатшы салқын қабылдады. Өңі де сынық көрінді. «Сен туралы горкомда қауесет тарап жатыр. Өзің ұлтшыл екенсің ғой» деді салған жерден. Мұның Арсеньевтен шыққан әңгіме екенін бірден ұға қойдым. Қысқасы, жұмысқа ала алмайтынын емеурінмен білдірді. Сол аралықта «горкомдағылар» ПМК мекемелерінің біріне басшылық қызмет те ұсынып үлгерді. Осылай әрі-сәрі күйде жүргенімде бірде көшеден комсомолда бірге қызмет істеген Әмирдин Әлішевті кезіктіріп қалдым. Мән-жайға қаныққан соң «Керімхан-ау, мен қазір облыстық атқару комитетінде референтпін, бастығым Дүйсенкүл Боповамен сөйлесіп көрейін, бізге жұмысқа келсеңші» деп әдеттегідей жан баласына жаттығы жоқ пейілін білдіріп жатты.    
Екі-үш күннен кейін «Сізді облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары Дүйсенкүл Бопова шақырып жатыр» деген хабар да жетті. Бұл кісіні ара-тұра жиналыстардан көргенім болмаса, араласқан адамым емес. Дегенмен, Дүйсенкүл апай мені өте жылы қарсы алды. Жақсы қызмет те ұсынды. Сөз арасында соңғы жағдайларды бүге-шігесіне дейін жасырмай айтып бердім. Әу баста неге айтпадың деп сөге ме деп те ойладым. Бірақ, Дүйсенкүл апам басқаша мінез танытты. «Олар көлеңкесінен қорқып жүре берсін, бізге өзің сияқты ұлтшыл жігіттер керек» деп қарамағына референт қылып алды. Әмирдин Әлішевпен бірге Ғабит Нысанов дейтін жігіт референт болып істейтін. Кейін марқұм болып кетті. Бұлардың қатарына үшінші болып мен қосылдым. Міне, Дүйсенкүл апамның бір ауыз сөзі менің кейінгі өміріме жол ашқандай болды. Сол кісіден алған өнегенің арқасында Халық депутаттары облыстық кеңесінің ұйымдастыру-кеңсе жұмысы және тұрақты комиссиялар бөлімінің меңгерушісі, Төлеби ауданы әкімінің орынбасары, Шымкент қаласы әкімі аппараты көші-қон және демография басқармасының бастығы, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы, Әл-Фараби ауданының әкімі, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы, Түркістан облыстық мәслихаты аппаратының басшысы сынды қызмет сатыларынан өттім.                           
Әрине, мұның бәрі біреуге қалыпты жағдай сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ, мен үшін бұл өмірімдегі қайталанбас сәттер. Дүйсенкүл Бопованың қазақ әйелдеріне тән қарапайымдылығына, аналық қамқорлығына, әр нәрсеге өте сергек қарайтын қасиетіне сырттан емес, жанында жүріп куә болдым. Ол кезде заман дәл қазіргідей дүбірлі, дүрбелеңді емес еді. Әсіресе, Асанбай Асқаровтың бұл кісіге ықыласы ерек-тін. Жиналыстарда ерекше құрмет көрсетіп отыратын. Ол кісінің ең бір ерекше қасиеті әр мәселені бүге-шігесіне дейін зерттеп, содан нәтиже шығаратын. Соны шешпей жаны тынбайтын. Бізден де өнімді жұмысты талап ететін. Дүйсенкүл Бопованың тағы бір асыл қасиеті қанағатшылдығы мен қарапайымдылығы еді. «Бастықпын» деп ешқашан кеуде соқпайтын. Үйде де, қызметте де сол қарапайымдылығынан танбай кетті. Жанында жүргенде апайдың осы қасиеттерін бойыма сіңіруге тырыстым. Ол кісі де қызметтен кеткенше мені баласындай мәпелеп, бар білгенін үйретуден танбады. Сондықтан Дүйсенкүл Бопова сынды ардақты жанның сеніміне ие болуым кез келген адамға бұйыра бермейтін сәт деп білемін. Және оны үнемі мақтаныш етіп жүремін. 

Керімхан ҚАДЫРБЕКОВ, 
«Құрмет» орденінің, 
«Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалінің иегері,
Төлеби ауданының құрметті азаматы.  
Пікір қалдырыңыз