Ұлыбританияда Алатау-Тамшыбұлақ деген әулет өмір сүруде
Аспанынан тұман арылмайтын Ұлыбритания елінде қазақтың Алатауымен аттас әулет тұрады десек, онымызға біреу сенер, біреу сенбес. Бұл әулет атақты саяхатшы-ғалым, суретші Томас Уитлам Аткинсонның ұрпақтары.
Томас Уитлам Аткинсон әйелі Люсимен 1848-1852 жылдары Қазақстанның бірқатар өңірінде болып, тарихи-этнографиялық, географиялық зерттеулер жүргізген.
Саяхатшының 1858 жылы Лондонда жарық көрген «Шығыс және Батыс Сібірдегі зерттеулер» атты екі томдық еңбегі жарыққа шыққан. Аталмыш кітапта Семей, Аягөз, Қапал, Алматы қалалары мен бекіністері туралы, бұл жерлерді мекендеген халықтың айналысатын шаруашылығы мен күнкөрісі, қазақ халқының тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы, би-болыстардың арасындағы талас-тартыстар ашық баяндалған. Сондай-ақ, кең байтақ қазақ жерінің ғажайып табиғаты, қазба байлықтары, Шыңғыстаудағы күміс кені туралы, Зайсан көлі мен оның байлығы жайлы көптеген мәліметтер берілген.
Томас Аткинсон 1860 жылы «Әмудария бойымен саяхат» атты кітабын жарыққа шығарған. Кітапта қазақ қоғамының сол кездегі бейнесін ашып көрсеткен. Өз еңбегінде «Қазақ қоғамын іштей жегідей жеп жатқан «барымта» дегеннің куәсі болдым» дей келе, «Түнгі ауылға шабуыл», «Аттылы қырғыздардың ұрысы» атты суреттерді қоса жариялаған. Суреттерінде қазақтардың сол кездегі айбалта, найза секілді қару-жарағын, киім үлгісін, ас-ауқаты мен киіз үйін суреттеп, бірнеше этнографиялық гравюралар, көп мағлұматтар қалдырған. Алатаудың солтүстік беткейінде, Зайсан мен Балқаш аралығында кездескен түрлі обалар мен көне зираттардың құрылысын сипаттап жазған.
Т.Аткинсон сондай-ақ дала тұрғындарының ақындық рухына, Қаркөл, Қалмақтау, Ақтас, Ертіс сияқты түрлі жер-су атауларына байланысты аңыз-әңгімелерді жинақтаған. Сүйік пен Айғанымның сүйіспеншілігі, Сүйіктің Айғанымды алып қашуы, Айғанымның қамысты көл жағасында жолбарыстың шабуылынан опат болуы туралы халық арасында ертеден келе жатқан аңызды жазып алып, өз жинағына енгізген. Қазақ халқының рухани әлеміне, ауыз әдебиеті үлгілері мен мәдениетіне көңіл бөліп, зерттеп-жинақтауы оның тұрғылықты халыққа деген сүйіспеншілігін білдірсе керек.
Ғалым Жоңғар Алатауы мен оның жағасындағы Тамшыбұлақты ерекше зерттеген. Тамшыбұлақтың сұлулығына ғашық болғаны соншалық, қазақ жерінде дүниеге келген тұңғыш ұлының есімін Алатау-Тамшыбұлақ деп қойған. Бүгінде бұл есім Англиядағы үлкен бір әулеттің тегіне айналып отыр. Қазақ даласына табаны тиген саяхатшының алтыншы ұрпағы – Пипа Алатау-Тамшыбұлақ ханым қазіргі таңда Лондон маңындағы елді мекендердің бірінде тұрады.
Аткинсонның ұрпақтары Ұлыбританиядан Тамшыбұлаққа арнайы келіп, аталарының кіндік қаны тамған жердің ауасымен тыныстап, саяхат жасауды дәстүрге айналдырған.
Әзірлеген Бақтыгүл АУДАНОВА.