Ауыз су мәселесі оң шешімін тауып келеді
Сарыағаш ауданында ауыз су мәселесі оң шешімін тауып келеді. Елді мекендерге су құбырын тарту жұмыстары жылдан-жылға қарқын алуда. Шалғайда орналасқан елді мекендердің барлығына да ауыз су тарту мәселесі аудан әкімі Арман Абдуллаевтың тікелей бақылауында.
Жуырда аудан әкімі Арман Абдуллаев Жібек жолы ауылдық округіне арнайы барып, Зортөбе, Жаңақұрылыс, Қарабау елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысын бақылады.
Қазіргі таңда Жаңақұрылыс елді мекенінде 71 дана су құдықшалары мен 8 дана өрт гидранты орнатылып, су құбырларын ішкі көшелерге жүргізу жұмыстары аяқталған. Қарабау және Зортөбе елді мекендерінде магистральды және ішкі ауыз су құбырлары толық тартылып бітті.
Сонымен қатар аудан әкімі Сарқырама елді мекенінде су қоймасының құрылысын бастау үшін жер телімін көріп, жобалау-сметалық құжаттамасына өзгерістер енгізу бойынша тапсырмалар берді.
Аудан басшысы бүгінгі күнге дейін атқарылған құрылыс жұмыстарының жағдайын саралай отырып, жауапты мердігер мекеме басшысына бірқатар ескертулер айтты. Ауыз су құрылысын жоспарға сәйкес мерзімінде және сапалы жүргізуді тапсырып, алдағы уақытта құрылыс жұмыстарының барысын қадағалап отыратынын жеткізді.