Құтты шаңырақ, қазыналы кейуана

Әтіргүл Тәшім,
«Оңтүстік Қазақстан».

Отбасы туралы  жазу керек  болғанда  бірден әріптесім, ХҚТУ-дің медиаорталығының маманы, кәсіби фотограф Нақып Шынтеміровтің отбасы, сол құтты шаңырақтың отанасы Әндиша апамыз еске түсті. Бүгінде жасы 90-ға келген асыл ана 10 перзентті дүниеге әкелген, нағыз алтын құрсақ аналарымыздың бірі де бірегейі. Қазаны оттан түспейтін, дастарқанды шаңырақтың қазынасына айналып отырған апамыздың ғибратты әңгімелерін бойыңа сіңіре білу үшін де үлкен рухани даярлық керек.

Әндиша Шынтемірова  Құдай қосқан қосағы  Шері Шынтеміров екеуі  – 3 ұл, 7 қызды  дүниеге әкеліп,  ұлды ұяға, қызды қияға қондырған жандар. Иә, Әндиша апамыз  өсіп-өнген шаңырақтың отанасы. Шері ақсақалдың өмірден өткеніне де біраз жыл болған.  Жасы 90-ға келсе де қимылы ширақ, зердесі жарқын анамыздың әңгімесі де тетік. 
« ...Мен қарт Қаратаудың етегіндегі  Хантағы ауылында туып-өстім. Шәкең бабайқорғандық еді. Үйленген соң  алғашында біраз жыл Кентауда тұрдық. Ол кезде Кентаудың дүрілдеп тұрған шағы. Балалардың басы көбейген соң ауылға жақындайық  деп 1970 жылы «Коммунизм» ұжымшарына көшіп келдік. Бұрын осы жерлер ұжымшардың аумағы еді, кейін қалаға қосылып кетті ғой. Отағасы  колхозда жұмысшы, мен кеңсенің еден жуушысымын. Таңнан кешке дейін жұмыстамыз. Балаларымыз біріне-бірі қамқор болып, үлкендері кішілеріне қарап өсті. Бәрін  де оқыттық, тоқыттық, үйлі-жайлы еттік. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірдік. Көзге көрінген баланың амандығын тілейміз ғой, 7 қыздың бірі жасында шетінеді, 2 қызым бертінде қайтты. Алланың үкімі шығар  да, қалғандарына ғұмыр берсін» дейді анамыз. Тұңғышы  – Шәрипа есепші болып жұмыс істеп, қазір зейнеткерлік демалыста, Қалипа (өмірден өткен) екі институтты  үздік бітірген бухгалтер-экономист, Сенбайдың – алғашқы мамандығы инженер, кейін ХҚТУ-дің экономика факультетін бітірді. Университет алғаш ашылғанда транспорт бөлімін басқарды, әкімшілік-шаруашылық бөлімінде, кейін мақта компаниясында менеджер болып абыройлы қызмет етіп, зейнеткерлікке шықты. Жақып (әскери дайындық мұғалімі), Нақып (фотограф-мобилограф), Айсұлу – қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, Кентауда тұрады, Құндызай, Ақмарал барлығы да бүгінде үйлі-баранды, немерелі болып отырған жайлары бар. Өсіп-өнген құтты шаңырақтың отанасы Әндиша әжей бүгінде 34 немере, 57 шөбере сүйіп отырған бақытты жан. Осы кезде әңгімеге апаның тұңғышы Шәрипа әпкеміз араласты. 
– Ол кезде біз ұжымшардың үйінде тұратынбыз. Ұжымшар учаскелік жер беріп,  ол осы Шымкент тасжолының бойынан тиіп, әкемнің қатты қуанғаны әлі күнге есімде. Содан жабылып жүріп кесек құйдық. Ол кезде ұста жалдау деген ұғым жоқ.  Әкем ағайын, көрші-көлемді шақырып, асарлатып жүріп бір жазда ол үйді бітіріп кірдік. Сол үйіміз құтты қоныс болды. «Тасжол бір үйді асырайды» деуші еді марқұм әкеміз. Расында, әуелі жол бойына қауын-қарбызымызды шығарып сатудан бастап, кейін 1988 жылы кішігірім шайхана аштық. Күніге-күнәра  әкем базардан бір қой әкеліп сойып, кәуап, қуырдақ жасап өткен-кеткен жолаушылар түсіп, түстеніп шығатын тәп-тәуір шайханаға айналды. Осылай халыққа қызмет көрсеттік.  Сол шайхананың нанын жеп, нәпақасын айырып бір әулет жан бақтық.  Тоқсаныншы жылдардың тоқырауында көп адам ала дорба арқалап кетті ғой. Біз қиналмадық. Таршылық көрмедік. Осының бәрін үйлестіріп, ұйымдастырып, берекелі етіп ұстаған анамыз. Жолдан шаршап келген шопырлар бір уақ тынығып алсын деп  тапшандар құрып, аптап ыстықта жолсоқты болған жолаушы суға түсіп сергіп алсын деп душ қойып, жолаушыларға  қызмет көрсеттік. Бірінің ақшасын алса, бірінің ақшасын алмайтын. «Үйден қырық қадам ұзаған жан мүсәпір деген. Жетісіп жүр дейсің бе, бұл байғұстар. Ақшасын берер, бермесе Алла разылығы үшін құрақ ұшып қызмет жасаңдар» деп отырады. Кейбірін ақы-пұлын да алмай ауқаттандырып жібереді. Жолдың қарсы бетіне университет корпусы түсіп,  2000 жылдардан студенттердің сүйікті асханасына айналған «Жібек жолы» шайханасын аштық, оны кеңейттік. Осы шайхананың жұмысын апам  келіндерімен жүргізді ғой. Ол кезде бір күнде 4-5 қой сойылатын. Соның ішек-қарнын тазалау, етін маринадтап кәуәпқа дайындап, сорпалығынан ас-ауқат әзірлеп, ұсыну – үлкен бейнет. Жабылып, ынтымақпен осылай еңбек етеміз.  Анамыз студенттерге де ылғи жанашыр. «Байғұстар әке-шешелері алыста. Төлейтін тиыны болмай қалса да, қайнап жатқан қазан ғой, ырыстарың кеміп қалмайды, беріңдер» деп қысылып, қиналып тұрған студентке кейде тегін тамақ бергізетін. Қарызға ішіп кетеді.Бірі әкеліп береді, бірі бермей кетеді. Бірақ, анамыз еш қынжылмайтын. Талай ашқұрсақ жүрген студенттің сауабын алдық-ау. Бітіріп кетіп біраз жылдан кейін Түркиядан, Қырғызстаннан, Түркіменстаннан арнайы келіп анамызға сәлем беріп, көйлек-орамалын, қамзолын кигізіп, алғысын айтып кеткендер аз емес. Анамыз өте сабырлы, кеңпейілді жан. Кеңдігі шығар да, апам үш ұлын, үш келінін 15 жыл бір шаңырақта ұстап, сонша жан бір қазаннан ас ішіп, берекелі отбасы болып отырды. (Кейін немере келіндері түскесін енші алыса бастады). Келіндеріміз де шеттерінен алтын, анамыздың өзіне тартқан ибалы-инабатты жандар болды. (Әсіресе, үлкені Сенбайдың келіншегі, Алланың рахымына бөленсін, сондай жақсы жан еді марқұм). Апамның тәртібімен осылай ынтымақпен, еңбекпен тіршілік кешіп жатқан жайымыз бар. Біздің алтын анамыз барлығымызды адал еңбек пен мейірім-шапағатқа, кішіпейілділікке тәрбиеледі. Тәрбиелегенде ол кісі артық-ауыс сөз айтпайды, көп сөйлемейді, өзі бас болып солай істейді. Бала ата-анадан көргенін айна-қатесіз қайталайды емес пе?! Анам 90-ға келсе, мен де 70-ке келіп қалдым. Анамның жиі айтатын сөзі: «Өзі жақсы адамға  бір кісілік орын бар». Бүгінде осылай өсіп-өніп, берекелі шаңыраққа айналып, әрқайсысымыздың  өмірден өз орындарымызды тауып, өз кәсіптерімізді дөңгелетіп, өнегелі отбасы болып отырғанымыз  әуелі Алланың, одан кейін Анамыздың арқасында» дейді Шәрипа әпке. 
– ХҚТУ алғаш ашылғанда әріптестерім, проректорлар (алғашқы басшылар өте қарапайым еді) үйден талай дәм татты. Тоқсаныншы жылдар тоқырауында қалада дұрыс 
қонақүйлер де жоқ, университетке іссапармен келгендер де біздің үйде қона жатып, анамыздың мейіріміне қанып, риза болып аттанушы еді. Апамның қонақжайлылығында шек жоқ қой, енді. Қонақ келмей қалса бұл кісі «ауырып» қалады, көңіл-күйі түсіп кетеді. Анамыздың бізге дарыған қасиеті – еңбексүйгіштігі. Әкемізбен екеуі бізді жастай еңбекке тартты. Сосын мейірімділік пен ынтымаққа баулыды. Ананың мейірімінде шек бар ма?! Әйелім қайтыс болған. Жасым 60-тан асқан, үй-жайым бөлек болса да әлі анамның «қатаң бақылауындамын». Солай ғой, апа! Алтын анашым-ай, сіздің шайыңызға жетпейді ғой, – дейді үлкен ұлы Сенбай  да анасына  еркелей. 
...Иә, саялы бәйтеректей тамырын тереңге жіберген, өрісті, қазаны оттан түспеген ырысты, берекелі, құтты шаңырақтың Ұмай анадай ұйытқысы болып отырған Әндиша анамыздың өмірі жалғыз перзенттеріне ғана емес, қай-қайсымызға да өнеге. Әжейдің әңгімесі, әрбір айтқан сөздері тұнып тұрған ғибрат. «Ел аман, жұрт тыныш болсын». «Елде болса ерінге тиеді», «Бейнет түбі – зейнет» дейді. Еңбектің ақысын Алла жемейді, қарақтарым. Жап-жас адамдар «қызметтеміз, қол тимейді» деген желеумен адам жұмсап, үйіне қызметші ұстайтын көрінеді. Осы үрдіс ұнаңқырамайды» дейді кейуана.  
Елдің ықыласы мен ризашылығына бөленген қазыналы кейуанамен біз де: «Аман болыңыз. Жүз жасаңыз, апа» деген тілеуқор сезіммен жылы қоштасып, аттандық.

5 пікір

  • Рустам
    Рустам

    Молодцы

  • Абдуллаева Мөлдір
    Абдуллаева Мөлдір

    Қарты бар үйдін, қазынасы бар. Сиз биздин қазынамызсыз. Алла тағала узак ғұмыр берсин. Денсаулығыныз мықты болсын. Биз сизди мақтан тұтамыз!

  • Аруна
    Аруна

    Алланың берген жасын жасай беріңіз! Көз қуанышымыз , берекемізсіз әже.

  • Даурен
    Даурен

    Ақ жаулықты Әжем аман болсын

  • Мадина
    Мадина

    ????????????

Пікір қалдырыңыз