Зиялы жан
Зиялылық – адамның жоғары мәдениеттілігінен, ақыл-парасаттылығынан, адамгершілігінен көрініп тұрады. Кейінгі кезде «зиялы жандар азайып бара жатыр» дегенді жиі айтқанымызбен, ондай жандар айналамызда аз емес. Тек оларды тани білсеңіз болғаны.
Осындай мәдениеттілігімен, білімділігімен көзге ұратын зиялы жандардың бірі – Есенгелді Өміржанұлы Медеуов. Есенгелді ағамен таныстығым өткен ғасырдың 90-шы жылдарының аяғында басталған еді.
1998 жылдың 24 наурызында Қазақстан Республикасы Үкіметінің №256 қаулысымен Оңтүстік Қазақстан техникалық университеті мен Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық университеті біріктіріліп, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті құрылды. Осылайша тек Оңтүстік өңірінде ғана емес, еліміздегі ең ірі жоғары оқу ордаларының біріне айналған көп салалы, іргелі оқу орны дүниеге келді. Осы университеттің ректоры болып Е.Ө.Медеуов тағайындалды. Бұл тағайындауға дейін Есенгелді Өміржанұлы 1996 жылы құрылған М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық университетінің ректоры болып қызмет атқарып жүрген болатын. Университет Әл-Фараби атындағы Шымкент педагогикалық мәдениет институты, Шымкент педагогикалық дене тәрбиесі институты және Халықаралық қазақ-түрік университеті Шымкент бөлімшесінің бір бөлігінің бірігуі нәтижесінде құрылған еді. Қарашаңырақ М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің 80 жылдық тарихына көз жіберсек, сөз жоқ, оның алған асуларына, жеткен жетістіктеріне Есенгелді Өміржанұлының да қосқан үлесі қомақты.
Үлкен ұжым басшысы ретінде нәтижелі еңбегі, өмірлік бай тәжірибесі, адамдармен қарым-қатынасы оны ғылым мен білім саласындағы білікті басшылар қатарынан көрінуіне септігін тигізді.
Мен ол кезде Оңтүстік Қазақстан техникалық университеті Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі едім. Жоғарыда аталған университеттерде де осындай кафедралар жұмыс істеп тұрған. Олардың да мен сияқты меңгерушілері бар еді. Олар да осал емес, мықты мамандар. Міне осы, кафедралар қосылып, бір ғана кафедра қалу керек болатын. Менде енді қалай болар екен деген күдік те жоқ емес еді. Осылай жүргенімде бір күні ректор өзіне шақырды.
«Сейдехан, сені Алматыда ҚазМУ-ды бітірген деп естідім. Сен туралы жалпы, ұжым жақсы пікірде екен. Қазақстан тарихы кафедрасына меңгеруші етіп сені ұсынып отырмын» деді. Ректордың кабинетінен шығысыммен көңілім марқайып, жүрегім алып-ұшып, қуанышты сезімде болғанымды жасыра алмаймын. Әрине, алдымда тұрған жауапкершілікті де сезіндім. «Жақсыдан – шарапат» дейді ғой дана халқымыз. Жүзі жылы, жаны жайсаң, іс-әрекетімен жан-жағына нұрын шашқан осындай абзал азаматпен қызметтес болу мен үшін үлкен мәртебе еді. Тек мен ғана емес, ұжымның көпшілігінің ол кісіге деген ықыласы айрықша болатын. Оның басшы ретінде үш-төрт жыл ішінде еңбек ұжымын бірлікке, еңбек тәртібін сақтауға, әркімнің өз міндетіне жауапкершілікпен қарауға баса назар аударғанын ұмытқан жоқпыз.
Жаңа ректор оқу орнын заман талабына сай жасақтап, қиындықтарға қарамастан университетті қайта жаңғыртуға, жаңалықтар енгізуге барынша маңыз берді. Біліктілігі жоғары, сапалы білімді кадрларды сақтап қалуға үлкен көңіл бөле отырып, жаңа жағдайда туындаған мәселелерді шешу жолдарына көп мән берді. Әсіресе, оқытушы-профессорлар құрамының әлеуметтік жағдайына ерекше назар аударып, оларға қосымша жалақы, үстемеақы төлеу жүйесін енгізген басшы болды.
Ұжым болған соң кейбір келеңсіз іс-әрекеттер болып қалады. Оған ренжігенімен, қатаң жазаға көп бара бермейтін. Қолынан іс келетін жастарды қолдап, демеп отырды. Ешкімді алаламады. Сондай тектілігімен көптің жүрегіне жол тапты.
Университеттегі оқу үдерісін жолға қойып, оны қадағалауды ұсақ-түйек деп санамайтын. Жастардың, келешек ұрпақтың елге, жерге деген сүйіспеншілігін, отаншылдығын оятуға Отан тарихының алар орны ерекше екенін түсіне білді. Осы ретте өзім куә болған мына бір жайтты да айта кетуді жөн көріп отырмын. Бірде Қазақстан тарихынан мемлекеттік емтихан өтіп жатқан. Емтихан тапсырушылар бірінші курстың студенттері, қай мамандық екені есімде жоқ. Мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағасы профессор Әнуар Исмайлұлы Исмаилов болатын. Сол сәтте емтиханға ректорымыз Есенгелді Өміржанұлы кіріп келді. Емтиханда отырған студенттер түгілі бүкіл комиссия мүшелері бір сәт дағдарып қалғандай болдық. Ол кісі аман-саулықтан соң жайғасып отырып, студенттердің жауабын тыңдай бастады. Жауап беріп отырған жас жігіттің билеттегі сұрағы жаңылмасам И.Тайманұлы мен М.Өтемісұлының бастауымен болған көтеріліс турасында болуы керек. Студент жауабын аяқтаған соң Есенгелді ағамыз жас жігітке қарап отырып, «Махамбеттің Жәңгір ханға айтқан өлеңін білесің бе? Бізге айтып берші» деді. Сол кезде студент: «Ағай, сіз басын бастаңыз, мен жалғастырамын» демесі бар ма?! Бәріміз бір сәт қысылып қалдық. Не дерімізді білмей отырмыз. Аудиторияда ауыр тыныштық орнады. Мұндайды күтпеген Есенгелді ағамыз өзінің сабырлы қалпымен, асықпай өлеңді бастап берді:
Хан емессің, қасқырсың,
Қас албасты басқырсың,
Достарың келіп табалап,
Дұшпаның сені басқа ұрсын!
«Ал, жалғастыра бер», – деді жай ғана жымия. Әлгі студент:
«Хан емессің, ылаңсың,
Қара шұбар жылансың.
Хан емессің, аярсың,
Айыр құйрық шаянсың!» – деп өлеңді іліп әкетті.
Бәрімізде іштей уһ деп терең дем алдық. Сосын бәріміз де ойланып қалдық. Студент ректорға «Сіз бірінші бастаңыз» деп, әдейі сынап айтты ма, әлде шын мәнінде өлеңнің басын ұмытып тұрды ма, ол жағы бізге белгісіз.
Есенгелді ағамызды біраз жылдардан бері байқағаным – ол кісі алғашқы көргенімде қандай болса, қазір де сол қалпында, әр кез сергек, жинақы, шымыр қалпында жүретіндігімен ерекшеленеді. Ол сонау кеңес заманынан салауатты өмір салтын ұстанып, спорттық іс-шараларға белсене қатысып, өзі оқытушы-профессорлар құрамына бас болып, ұдайы волейбол ойнап, спорттық жарыстар ұйымдастырып тұрды.
Танымал математик, академик Есенгелді Өміржанұлы Медеуов жемісті еңбегі үшін «Құрмет», «Ұлы Петр» ордендерімен марапатталып, «ҚР Білім беру ісінің үздігі», «ҚР ғылымына еңбегі сіңген қайраткер» төсбелгісінің иегері атанды. Сонымен қатар, бірнеше монографиялардың, оқулықтар мен оқу құралдарының авторы. Жүзден астам мақалалары көкейкесті мәселелерді көтерумен ерекшеленеді, оның ғылыми жетекшілігімен бірнеше кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғалды.
Сейдехан ӘЛІБЕК,
тарих ғылымдарының докторы,
М. Әуезов атындағы ОҚУ колледжінің директоры.