Төлебиліктердің қарқыны жоғары

Төлеби ауданында астық ору науқаны басталды. Биыл ауданда 22302 гектар аумаққа дән егілген. Одан 50 мың тоннаға жуық астық жинау жоспарланып отыр. Қазіргі таңда оның 2177 гектары орылып, 4789,4 тонна өнім жиналды.
Аудан әкімі Төлеген Телғараев Бірінші Мамыр ауылдық округінде орналасқан «Ақбұлақ» ӨК-нің егіс алқабына арнайы барып, шаруалардың жұмысымен танысты.
Аудан басшысы өндірістік кооператив төрағасымен тілдесіп, егінжайдың мәселесін сөз етіп, адам баласы еңбек етсе ғана табысты болатынын тілге тиек етті. Кооператив меншігіндегі техникалардың жай-күйіне көңіл бөліп, егіс алқабында бидай орымының куәсі болды.
Айта кетейік, осы жылы ауданда 14957 гектарға бидай егіліп, «Стекловидная–24», «Интенсивная», «Память–47» және «КРВ–210» сортынан жалпы 34401,1 тонна өнім жинау жоспарлануда. Сондай-ақ, 7240 гектар алқапқа арпа себіліп, қазіргі таңда 4558 тонна өнім жиналды. Аудан шаруалары мақсары егуден облыста үздік атанған. Бүгінде 10796 гектардан 14142,8 тонна өнім алу жоспарлануда.

Облыс әкімінің
баспасөз қызметі.
Пікір қалдырыңыз