Көптеген ауқымды жобаларды жүзеге асырудамыз

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті талай тағдырлы кезеңдердің, әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің куәсі болды. Бүгінде халықаралық байланыстары нығайған университет әлемдік білім кеңістігінен өз орнын айқындап, еліміздегі жоғары оқу орындары арасында көшбасшылар қатарынан табылып келеді. Аталған оқу орны 85 жыл ішінде талай асулардан, күрделі кезеңдерден өтіп, бүкіл оңтүстік өңірінің «ұстаздар ұстаханасына» айналды. 

Қай кезеңде де адам өзін-өзі дамыту үшін білім алып, сол біліміне сай мамандыққа машықтану керек.  Мамандық – бұл әрбір адамның жарқын болашағы. Жоғары білім берудің негізгі міндеті маманды тек қана біліммен қаруландырып қоймай, сонымен қатар, олардың жеке бастарының жан-жақты қалыптасуына, дамуына, шығармашылық қабілеттерінің жетілуіне, кәсіби мәдениетінің қалыптасуына өз  дәрежесінде  көңіл бөлу, мүмкіндік жасау болып табылады. Студентке тек болашақ маман ретінде ғана қарамай, оны өз қоғамының азаматы, шығармашылық тұлға, келешектің иесі, тірегі ретінде тану қажет. 
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық  университетінің ағылшын тілі кафедрасы аударма ісі, шетел тілі: екі шетел тілі педагогін даярлау бағдарламалары бойынша білім береді. Оқу орнында студенттердің оқуы мен бос уақытын ұйымдастыру мақсатында көптеген іс-шаралар жүзеге асырылуда. 
Шетел тілі кафедрасы 1994 жылы құрылған. Бүгінде ол ағылшын тілі кафедрасы болып өзгертілген. Ол – шет тілі мамандарын даярлайтын филология факультетінің негізгі кафедраларының бірі. Оның қалыптасуы мен дамуы ұзақ мерзімді қамтиды. Кафедра филология факультетінің құрамында ашылып, білім беру қызметінің бакалавриат, магистратура, докторантура секілді үш сатылы жүйесінде жұмыс істеп келеді. 
Кафедраға әр жылдары педагогика саласының  белгілі  ғалымдары басшылық жасады, Атап айтсақ, А.Яцухин, Т.Абдуалиев, Н.Жарқымбекова, Г.Абрамова секілді ғалымдар жетекшілік етті. Сонымен қатар филология ғылымдарының докторы, профессор Несіпбай Авазбаев,  доцент Лола Файзиева, филология ғылымының кандидаты, доцент Жақып Тұнғатаров,  доцент Виктор Лобин, филология ғылымдарының докторы, профессор Виталий Редькин сияқты ғалымдар  кафедрада тер төкті.
Әр жылдары ағылшын тілі кафедрасына белгілі педагогтар мен атақты ғалымдар шақырылды. Олардың қатарында Юрген Асмус, Фрэнсис Шандера, Стивен Ибелли, Джозеф Перри, Джанел Янг, Брайан Рэндалл, Джоти Равал, Вальтер Фризен, Ойген Айхельберг, Джошуа Дуфо, Дарби Онил сияқты  Германияның Лейпциг, Постдам қалаларынан шақырылған визитинг-профессорлар бар еді.
Бүгінде елімізде ғалымдар үшін гранттар бөліне бастады. Оқу-білімге құштар, ғылыммен айналысқысы келетін талапты да ізденімпаз жастардың алдынан кең көкжиектер ашылуда. Болашақ жас мамандарды заман 
талабына сай біліммен қаруландыру мақсатында ағылшын тілі кафедрасында көптеген ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Бүгінде біздің түлектеріміз еліміздің әр түкпірінде, шетелдерде жемісті қызмет атқарып жүр. 
        
 Ғазиза СМАНОВА,
Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ-дың доценті 
міндетін атқарушы, 
педагогика ғылымдарының кандидаты.
Пікір қалдырыңыз