«Бір дәуірдің мөлдіреген аспаны едік»

Жалынды жастық шағын, бал татыған балалық кезін аңсамайтын адам жоқ шығар, сірә. Бүгінде жасымыз жетпістен асқанда сол бір күндерді сағынышпен еске алып отырамыз. Сыныптастарымыздың әрқайсысының орны бөлек. Әсіресе, достыққа адал, уәдеге берік марқұм Саттархан достың жөні бөлек еді-ау... Онымен тай-құлындай тебісіп бірге өстік. Саттархан тау қозғалса да қозғалмайтын сабырлы-тұғын. Байыпты, байсалды болатын.

Саттархан орта мектепті осыдан 55 жыл бұрын тәмәмдап, ауылда бір жыл жұмыс істеп, 1970 жылы Өзбекстандағы Ғафур Ғұлам атындағы мемлекеттік педагогикалық институттың орыс тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түсті. Сәкең екеуміз бір топқа қабылдандық. Группамызда отыздан аса студент бар. Арамыздағы «атаманымыз» – Жақыпбек. Кейіннен ол группамыздың старостасы болды. Бертін келе топбасшылық тізгіні Бақтиярға бұйырды. Қасымбек Хаметов комсорг ретінде танылды. Домбыраның құлағында ойнайтын Көбекбайдың әншілігімен қоса ақындығы да бар еді. Гитарада керемет ойнайтын Мұхтар деген жігіт болды. Бақтияр екеуі таңды таңға жалғап анекдот айтудан жалықпайды. Тобымыздың төресі, спорт саңлағы Әкбарды айтпай кетуге әсте болмас. Спорт десе бір иығын беріп тұратынның нақ өзі. Сол қызығушылық оны құлағынан айырды. Күресемін деп жүріп құлағын сындырды. Ал, Мұрат деген группаласымызды бәріміз кәріс дейтінбіз. Ол өте төзімді жігіт еді. Оған «Беломорканалы» таусылып қалмаса болды. Шәріп ойын-сауыққа әуестігімен ерекшеленсе, Палуанбек тұйықтау мінезімен есте қалыпты. Керімбектің бізден бірер жас үлкендігі бар еді. Ал, Тоқтамұрат аса сәнқой, кербез жігіт болатын. Әбдәшімге келетін болсақ, оның жүріс-тұрысы мен қимыл-қозғалысына қызықпайтын қыз жоқ. Туфлиін сүртетін барқыт матасын жанынан тастамайды. Осынау достар арасында Саттарханның сыйы да, жөні де, жүрісі де бөлек еді. Шаш күтімін айтсайшы... Саттар спортқа қызығатын. Жас болған соң күнде, күнәра басқосу-жиын болады. Сөйтіп жүргенімізде студенттік бес жыл зымырап өте шықты. Бір жақсысы, біздің жігіттер өздерінің өмірлік жолдастарын сырттан іздеп әуре болған жоқ, көбісі өзіміздің бір-бір сұлуға сырға салды. Дәлірек айтсақ, Жақыпбек Сәулеге, Мұхтар Гүлзатқа, Әбдәшім Бақтыгүлге, Шәріп кіші Сәулеге, Саттархан Жаңылсайға, Қалдыбай Набатқа үйленді. Арадан жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де көңіліміз сол баяғыдай, әлі де әзіліміз жарасып, бір-бірімізді іздеп тұрамыз. 

Біздің осы ортадан елге белгілі азаматтар шықты. Қасымбек Хаметов іріленген Мақтаарал ауданын абыроймен басқарып, «Құрмет» орденімен марапатталса, Әбдәшім ширек ғасыр мектеп директоры болды. ГүлжауҺар білім беру ісінің үздігі атанды. 

Саттарханның Жаңылсайға үйленуінің өзі бір қызық. Ішкі сезімін сөзбен айтып жеткізуге жүрексінетін Саттарханның хатын алып, Жаңылсайға кеткен Асқар достың жолын тосып отырамыз. Досының махаббат дертіне шалдығып, ішқұса боп жүргенін мәдениетті түрде жеткізген Асқар ол жақтан да жылы хабар алып, желдей есіп жетеді. Асекең қызға не айту керек екенін біледі. Яғни Саттар серінің мақтауын жеткізіп қана қоймай, оның отбасынан да аз-кем мағлұмат бере кетеді. Әкесі Орынбекті, анасы Ұлмекенді жөнімен мақтайды. Ал, Ұлмекен анамызға сырғалы сұлу Жаңылсайды жер-көкке сыйғызбай мақтауын келістіреді. Осылайша екі арада елші болып жүрген ол бір күні әңгіме әбден пісіп-жетілді-ау деген кезде Жаңылсайды Саттардың үйіне «вешірге» шақырады. Осылай ақ босаға аттаған Жаңылсайдың отбасылық өмірі басталады. Одан бері де елу жыл өтіпті. 

Жастар отау құрып, өмірге перзенттері келді. Сәкең келіншегімен әуелі өз қарашаңырағында тұрды. Жаңылсай Жданов орта мектебіне мұғалім болып орналасты, ал, Саттархан болса көрші Мырзашөл аудандық комсомол комитетінің нұсқаушысы. Көп ұзамай жас отбасы Шардараға қоныс аударды. Іскер де алғыр азамат қаладағы құрылыс материалдары комбинатына шебер болып орналасады. Бірақ, көп ұзамай оларды Сүткент кеңшарындағы мектеп директоры Әділхан Абылбеков қызметке шақырады. Саттархан интернат меңгерушісі, ал, Жаңылсай орыс тілі пәні мұғалімі болып қабылданады. Бұл кезде жас шаңырақта Жұлдыз, Марат, Балхадиша есімді бүлдіршіндер өсіп жатқан еді. Сол кездерде «Главриссовхозстрой» тресінің бастамасымен күре жолдың бойында жаңадан кеңшарлар ашылып жатты. Жас мамандарды енді «Қазақ КСР-інің 60 жылдығы» ұжымшарының директоры Зұлпыхар Момынов аттай қалап шақыртып алады. Жас отбасының жайын ойлап, үй береді. Ол жерде Саттарханды жанар-жағармай құю бекетінің меңгерушісі, Жаңылсайды балалар бақшасының меңгерушісі етіп тағайындайды. 

Сол жылдары «60 жылдықтағы» мектеп директорының орынбасары ретінде бала досым Саттарханмен жиі араласып жүрдік. Кейіннен мен көршілес Жетісай ауданына қоныс аудардым. Көп ұзамай Саттар дос отбасымен Шымкентке көшіп кетті. Балалары осы қалада өсіп жетілді. Қазіргі таңда Жұлдыз, Балхадиша мен Ақмарал тұрмыста. Үйлі-жайлы, балалы-шағалы. Ал, ұлы Марат қарашаңырақта. Оңтүстік индустриалды аймақтарды басқару компаниясының басқарма басшысы. Бала досымыздың немерелері де ер жетіп, үлкен азамат болды. Бірақ, бір өкініштісі, бұл бақытты досымыз көре алмады. Саттархан досымның түтінін сөндірмей, отын өшірмей, ұрпағын жалғап отырған Жаңылсайдың арамызда жүргенінің өзі көңілге жұбаныш ұялатады. 

Соңғы қоңырау соғылатын уақыт, мектеп бітіргеніне бірнеше ондаған жыл болатын сыныптастар сағына кездесетін кезде мен Саттархан досым мен жоғарыда аталған достарымды еске аламын. Иә, біздер бір дәуірдің мөлдіреген аспаны едік... 


Жеңіс СЕРІКБАЙҰЛЫ.

Жетісай ауданы.

Пікір қалдырыңыз