Өзбекәлі аға сыйлаған кілем

Мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт жанашыры Өзбекәлі Жәнібектің есімін барша қазақстандықтар құрмет тұтады. Ол кісінің кеңес дәуірінде мемлекеттік қызметтерді атқара жүріп, ұлтымыздың салт-дәстүрін, қолөнерін, сөз өнерін, яғни ауыз әдебиеті маржандарын сақтауға сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Оңтүстік өңіріндегі тұңғыш жоғары оқу орны – Шымкент педагогикалық институтына, Өзбекәлі Жәнібектің есімінің берілуі ұлт жанашырына деген халықтың құрметі деп білеміз. Осы оқу орнында жуырда «Рух сардары» деген атпен өткен айтыста Нұрбол Жауынбаев есімді айтыс ақыны:
Кеңестің кезеңінде «Наурыз» тойын,
Біраз жыл тойлай алмай қалып едің.
Ат шаптырып балуан белдестірмей, 
Көженің де ұмытты дәмін ерін. 
Кім қайтарды десеңіз наурыз деген, 
Жұртымның рухани жәдігерін? 
Ол сенің – Өзбекәлі Жәнібегің.
«Қазақ тілі» қоғамын құрған екен, 
Ел санасы жатқанда мүлгіп, қалғып. 
«Ана тілі» газетін аштырыпты, 
Жаңалықты қазақша білдік барлық. 
Тіл туралы заңды да бекіттірді,
Саясатта көрсетіп сұмдық дәлдік, – деп жырлапты. 
Осы жыр жолдарынан біліп отырғанымыздай, Өзбекәлі Жәнібектей ұлт перзентінің халқымыздың ұмытылып жоғалуға айналған тілін, ділін, ұлттық құндылықтарын қайтару мен дамытуда ерен еңбек еткенін көреміз. Ал, тағы бір айтыс ақыны Мейіржан Жарылқаптың: 
Ескінің көзі болып отырсаң да, 
Жастарға үйретесің жаңашаны. 
Өзбекәлі ордасы аман тұрса,
Әлі талай көреміз тамашаны. 
Тұлғаның табиғатын ашар кезде, 
Мұртаза Шерханнан кім әрі асады, 
Өзбекәлі киелі адам деген, 
Сөзімен барша қазақ санасады, – деп жырлады.
Расында, Өзбекәлі Жәнібектің ел руханиятына сіңірген еңбегі орасан зор. Бұған оның  Шаяндағы Аппақ ишан мешіт-медресесін тарихи жәдігер ретінде кеңестік заманның өзінде республикалық дәрежеде тіркетіп, «Қазақстандағы кілем және кілемнен жасалған бұйымдар мұражайын», яғни ұлтымыздың кілем, тоқыма өнеріне арнаған  музей ашуы бірден-бір дәлел. Осы бастаманы қолға алып, жұмысы басталар кезеңде өзінің атынан сыйлаған тарихи жәдігер – кілемін музейімізге ат басын тіреген көпшілікке көрсетіп, мақтаныш етеміз. Бұл кілемді Өзбекәлі атамыз  1982 жылы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданынан кәдесый ретінде мұражайдың негізі болсын деп  әкелген екен. 
Өзбекәлі Жәнібек ағамыз өңірімізге іссапармен келгенде аудан басшыларына  «мал баққандарың, оны көбейткендерің әбден мақұл, бірақ ұлтымыздың тарихында мәңгі қалатын ұлттық құндылықтарымызды күтіп сақтауымыз керек» деп айтып жүретінін көнекөздер әлі ұмытпаған.  Сонау бір қиын жылдарда күтімсіз қалып, бұзылып, тозуға айналған мешіт-медресе сол кездегі аудан әкімі Жамбыл Байғоновтың көпшілікті ұйымдастыруының нәтижесінде қалпына келтіріліп, бұл күнде халыққа өткен замандар тарихын таныстыруда қалтқысыз қызмет етуде. Бізде жинақталған мол мұраның ортасында кезінде Өзбекәлі Жәнібек атамыз сыйға тартқан кілем ерекше жарқырайды.

Айгүл ҚАЛАУБАЕВА,
музей мұрағатшысы.
Бәйдібек ауданы.
Пікір қалдырыңыз