«Созақ – мінез» және кеңестік қоғам қиянаты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде: «Тарихымыздың қайғылы кезеңдерін терең зерделеп, жазықсыз жапа шеккен боздақтарды ақтау ісін жалғастыру – өте маңызды мәселе. Азалы күндерден сабақ алып, мұндай нәубеттің келешекте қайталануына жол бермеу – баршамызға ортақ парыз» деп ерекше атап көрсетті. Бүгінгі әңгіме өткен ғасырдың алғашқы ширегінде қайғылы кезеңді бастан өткізген, жазықсыз жапа шеккен Созақ елінің ауыр да қасіретті тағдыры жайында болмақ.
Созақтың тарихы тым тереңде. Қарт Қаратаудың теріскейінде орналасқан бұл өлкеде 9-12 ғасырларда өмір сүрген ежелгі Баба-ата қаласының орны сақталған. Ал, 16-17 ғасырлардың өзінде қазіргі Оңтүстік Қазақстан өлкесінің даңқын алыс-жақынға танымал еткен Сауран, Сығанақ, Яссы (Түркістан), Отырар, Сайрам (Испиджаб) қалаларының қатарында Созақ шаһарының болуы аймақта мәдени, рухани орталықтың болғанын дәлелдей түседі. XIX-ғасырдың орта шенінде ел тәуелсіздігі үшін жанын шүберекке түйіп, күрес жүргізген, қазақ елінің соңғы ханы Кенесары Қасымұлының жорығы кезінде де азаттыққа ұмтылған бұл Созақтың 20-ғасырда, әсіресе ғасырдың алғашқы жартысында көрген зәбір-жапасы тіпті аз емес. 
Кең-байтақ туған өлкеміздегі Созақтың сыры да, жыры да бөлек қой. Атақты Асқар Сүлейменовтің «Созақ біріншіден – қария, екіншіден – мінез, үшіншіден – өнер» деп келетін қанатты сөздерінің танымы мен талғамын ажыратуға шамамыз кейде жетіп, кейде жетпей жататыны жасырын емес. Созақ – қарияның тарихындағы там-тұмдап кездесетін деректер көне жазбаларда кездеседі, соның ішінде әйгілі «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» жылдарындағы «Қаратаудың басынан көш келеді» деп басталатын әйгілі тарихи жырдағы қасіретті оқиғалардың осы өлкеде өтуі көп жайтты аңғартады. Қазақ хандығының ту тіккен жері айбынды Абылай заманынан кейін-ақ бірде Қоқанның, енді бірде Ресейдің қол астына өтіп, қилы-қилы кезеңді басынан кешірді.
Кеңестік қоғамда Созақ өлкесіндей көп қасірет шеккен аймақты Қазақстаннан табу қиынның қиыны шығар. Біз бүгін 1928-1938 жылдары Созақ өлкесінде өткен басты оқиғаларды, олардың себебі мен салдарын еске түсіргенді  жөн көрдік. 
Созақ ауданы 1928 жылы 17 қаңтарда аудан болып құрылды, орталығы қазіргі Созақ селосы болып белгіленді. 1925 жылы Қазақстанды басқарған Ф.И.Голощекиннің «кіші Октябрь» төңкерісін жүргізгені тарихтан мәлім. Сол төңкерістің алғашқы салқыны Созаққа 1928 жылы-ақ жетті. Аймақтағы байлардың мал-мүлкін кәмпескелеп, өздерін жер аударды. Қолымызда «Түркістан уезінің Созақ болысындағы байлардың тізімі» деген құжат тұр. Жауапты хатшы Волков дегеннің (тізім 1928 жылдың 17 наурызында түзілген) қара тізіміне 53 адам ілініпті. Тізімге іліккендердің ең алдымен ауылы, жылқысы, түйесі, қой-ешкісі, жұмысшылары мен иелігіндегі жері көрсетіліпті. Қара тізімнің ең басында тұрған Мұсаев Жолшының он жылқы, бес түйе, 300 қой-ешкісі, 50 сиыры, 2 жалшысы, 50 десятина жері бар деп көрсетілген. Төрт түлік малының саны 400-ге жетпейтін кісіні бай деп көрсетіпті. Тізімде көрсетілген елу үш байдың жиырмаға жуығының барлық мал саны тіпті 500-ге де жетпейді, Құсбақов Момынайдың малы 198 (157 жылқы, 41 түйе) ғана екен. Ең малы көптері Аппақов Дайырбек (1310), Есенбеков Иманбай (900) екен. Созақ ауданының байлар тізіміне іліккен елу үш адамның барлық малы 29 543-ті құрапты, оның негізгі бөлігі әрине, қой-ешкілер ғана.
Атақты жазушы Ғ.Мүсіреповтің «Оянған өлке» романындағы 17 мың жылқы айдаған Жұман бай мен 12 мың жылқысы бар Игіліктердің қасында бұл кісілерді бай деп айтудың өзі ұят. Тек қана Дайырбек байда ғана 550 жылқы бар екен, одан басқа 100-ге толатын жылқысы барлары екеу ғана, тізімде аты-жөндері көрсетілгендердің негізгі байлығы қой-ешкі болған.
Келесі бір құжат «Сырдария округінің Созақ ауданы бойынша 1928 жылдың 1 қаңтарындағы конфискацияға ілінген байлар туралы мәлімет» деп аталады және ол мәліметті округтік комиссия бекіткен. Мұндағы қара тізімге іліккендер саны төртеу ғана. Олар Оспанов Көкібай, Исаев Жанәділ (бұл екеуі неге екені белгісіз жоғарыдағы тізімде жоқ), Аппақов Дайырбек, Тіленшин Дүйсенбай.
Тағы бір назар аударатын мәселе, ОГПУ-дің «ерекше құпия» деген бұрыштамасымен осы аталған төртеуіне жеке парақ толтырылыпты. Құпия қағаз 1928 жылдың 10 тамызында орыс тілінде толтырылған. Ендігі кезекте осы қызыл қағаздағы кейбір деректердің қазақша үлгісін оқырмандарға таныстыра кетсек. Аппақов Дайырбек алпыс жаста, Сырдария округіне қарасты Созақ ауданы, №10 ауылындағы Кеңгір деген жерде тұрады. 920 ірі қарасы 1700 ұсақ малы бар. 7 десятина жерге егін егеді, алты жалдамалы жұмысшысы бар. Малын жасырады және оларды кедейлер мен туыстарына таратып береді. 
Исаев Жанәділге тағылған айыптар тым ауыр. 45 жастағы №6 ауыл тұрғынының мал-мүлкін көрсетіп қана қоймай, оған саяси айыптаулар да іледі. Оны 9 жылға жуық уақыт болыс болып, байлар мен атқамінерлердің үгіт-насихатын жүргізді, байлар тобының аса беделді, сыйлы өкілі, діндарлығы арқылы көпшілікке ықпал етуші жан ретінде көрсетеді. Сөз түйінін «барымтаға қатысушы және ұйымдастырушы» деп аяқтайды. 
Көнекөздердің айтуынша, Жанәділ болыс аса сыйлы, құрметті кісі болған. Азамат соғысы жүріп жатқан аласапыран жылдары Сәкен Сейфуллинге жолыққан. Мал-мүлкі тәркіленіп, Орынборға жер аударылған аяулы азамат елге аман-есен оралып, алпысыншы жылдары Сарыағаш  өңірінде қайтыс болады. 
Созақ өлкесіндегі аса ірі бай Дайырбек те сол айдаудан аман оралып, Келес өңірінде жетпісінші жылдары қайтыс болыпты. Дайырбектен кейінгі аса ірі бай болған Иманбайдың да көп ғұмыры өзге елде өтті. Жер ауып, бас сауғалаған ол Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан жерінде жүріп, Қазақстанға 1956-1957 жылдары ғана оралады, ал, туған елі Қаратау, Бақырлыға 1969 жылы көшіп келді, 1974 жылы күзде Сарыжазда қайтыс болды.
Қайран Созақ 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінен, ақпан-қазан төңкерісінің дауылынан, 1918-1920 жылдардағы азамат соғысынан аман қалса да, кеңестік өкіметтің тәркілеуіне төтеп бере алмады. Қаймағы бұзылмаған қалың елдің сыйлы, дәулетті, ырысты адамдары айдауға ұшырады, мал-мүліктері тәркіленді, аузын үріп, аяғынан тұрғызған малын зорлықпен тартып алған қоғамға не дейсің?! 
«Созақ – қария, Созақ – мінездің» тарихындағы келесі бір «ақтаңдақтар» – ол Созақ көтерілісі. Бала күнімізде, білім қуып өзге аймақтарда жүргенде осы көтеріліске қатысты талай-талай айыптауларды, кінә таққанды көріп өстік, кейде өзіміздің созақтық болғанымызға өкінетінбіз. Кең дала, азат өмір, өнердің ордасы болған Созақ тәркілеу мен айдаудың ащы дәмін татқаннан кейін «мінез» көрсетті, оған себеп пен салдар да жеткілікті еді. 1930 жылдың 7-17 ақпан аралығында көтеріліске шыққан ашулы жандардың қолынан аудандық партия комитетінің хатшысы Күдербек Жүнісбеков бастаған 18 адам қайтыс болды. Атқару комитетінің төрағасы Қаңлыбаев, халық соты Темірбаев, тергеуші Бегалиев, инспектор Чилибаевтан өзгелерінің бәрі өзге ұлт өкілдері екен, дәлірек айтқанда,  есепші, инспектор, фельдшер, жұмысшы, бухгалтер, меңгеруші, темірші, жылқы қора меңгерушісінің бәрі де славян тектестер. Тағы бір таңқаларлығы, олардың бірде-біреуі Созақ өлкесінің азаматтары емес, сондай-ақ тек алғашқы жауапты қызметтегі төртеуі ғана партия мүшесі мен кандидаттары. Бұл кейбіреулер айтып жүргендей, «созақтық көтерілісшілер барлық коммунистерді қырып салды» дегенге келмейді. 
Созақтағы «көтерілісші-бандиттерді» басуға алдымен Шымкент отряды шұғыл түрде жолға шықты. 53 адамнан құралған отрядтың командирі болып Исаев тағайындалды. Сонымен қатар Түркістаннан 50 коммунар, Қызылордадан пулеметі бар 50 солдат жолға шығады. Қолдарында санаулы ғана бердеңкесі мен қолдан жасалған қарулары бар көтерілісшілер мұздай қаруланған әскерлерге төтеп бере алмады, бас көтеру аяусыз басылып-жаншылды. Көтерілісшілер қолынан мерт болғандар да аз емес. Осы ретте Ф.И.Голощекиннің 1930 жылы 1 наурызда И.В.Сталинге берген ақпаратына, құпия хатына сүйенсек, коммунарлардан 50-ге тарта адам өлсе, көтерілісшілердің 400-ден астамы қаза тапты. («Ақиқат», №1, 1992 ж).
Кеңестік жүйенің қиянатына қарсы болған (1929-1930 жылдар аралығында) 400-ге жуық көтерілістің ішіндегі ерекше орны бар бұл көтерілісті бағалау былай тұрсын, аса қатты айыптаумен күн кештік. Керісінше, сол қандас бауырларымызды қанға бөктірген жендеттерге, Клоков бастаған коммунарлардың басына алау жағып, қаншама ұрпақ тағзым етіп өсті. 
Әйгілі бас көтеруге қатысқандарды қырып-жоюға алдымен өзге ұлт өкілдерінен жасақталған отряд шығарылды, олар аса бір өшпенділікпен әрекет етті, ақ-қараны айырмады. Олардың дені ойдан-қырдан құралған құрамалар еді, дегенмен, көпшілігі бұл жазалауға еріксіз барды. Архив деректерінде олардың дені агент, қойма меңгерушісі, мақта зауытында қара жұмысшы, кондуктор, инструктор, тағы басқа да кәсіптің айналасында жүрген қарапайым жандар делінген. Олар жүйенің қолшоқпары болып өздерін де, өзгелерді де аямай әрекет етті. Отряд командирі Исаевтың осы мерт болған коммунарлардың бәріне берген мінездемесі бар, әсіресе, Клоковты ерекше әспеттеген, ал, енді М.Н.Трегубовқа берген аса құпия саналатын мінездемеде былай делінген: «Айта кету керек, кейбір коммунарлардың айтуы бойынша, Трегубов соғыс алдында қалтасынан жарты бөтелке арақты суырып алып, дем алмастан тартып салады және қатты атыс болғанда Трегубов түрегеліп тұрып сарайға қарай оқ атады, осы уақытта оны жұлып кетеді» («его сшибли») деп мінездеме берген. Біздің көзсіз бас иіп, ұлттық деңгейдегі батыр етіп, тағзым етіп жүрген Трегубовтың  сиқы осындай, оны біз емес, командирі Исаев айтып отыр.
Көтеріліс аяусыз басып-жаншылды. «Жұт жеті ағайынды» дегендей, Созақ даласына енді аштық алапаты келіп жетті. Қазақстандағы 40 миллионға жуық малдың 5 миллионға дейін кемігенін ескерсек, отызыншы жылдары аштық алапатынан халықтың 2,5 миллионға азайғанын айтқанда аза бойың қаза болады. Республикада болған бұл аштықтың азабын Созақ өңірі де қатты тартты. Күні кеше ғана көтеріліске шыққан халықты кеңес өкіметі одан әрі жаншып, езе түсті. Осы қолдан ұйымдастырылған аштыққа себеп болды-ау дейтін біршама «ерекше құпия» немесе «жариялауға жатпайды» дейтін архив материалдарымен танысқанда көп нәрсеге көзіміз жетті. Аштықтың араны ашылып тұрған 1932 жылы Созақ ауданы дайындауға тиісті экспорттық мүлікті, мал өнімдерін көрсең төбе шашың тік тұрады.
Отыз екінің ашаршылығы саяси қуғын-сүргінге ұласты. Архив деректеріне сүйенсек, партия ұйымын тексеру, тезден өткізіп отыру аудан құрылған кездегі алғашқы жылдардан-ақ басталған екен. 1929 жылғы 28 тамызда Сырдария округі, Созақ ауданы, №1 бастауыш партия ұйымының тізімі берілген және осы тізім бойынша 55 адам тексерістен өтіпті. Соның ішінде тексеруден өткені – 13, сөгіс берілгені – 8, партиядан шығарылғаны – 15, келмегендері – 6,  қалғандарына «сауатсыздығын жойсын» деп қаулы шығарылған. Тексеруге түскен 55 адамның басында төңкеріс кезінде көтерілісшілердің қолынан қаза тапқан Жүнісбеков Күдербектің өзі тұр екен. 
Облыстық мемлекеттік архивтің №2274 қорындағы №1 істің 3-тізбесі былай деп аталады: «30-40 жылдарда репрессияға ұшырап халық жауы, бай ретінде партиядан шығарылған коммунистердің тізімі». Шешімді облыстық партия комитеті 1937 жылы шығарған. Ол кісілердің аты-жөндері мен оларға тағылған айыптар төмендегідей: 
Сатыбалдиев Тасыбай – халық жауы.
Ахметов Зейнулла – партия және халық жауы.
Тұранов Зекен – халық жауы.
Бейсенбаев Мейірбек – саудагер және болыс.
Рахматуллин Нұртаза – тұрмыстық іріткі салу мен ысырап қылу.
Халық жауларын анықтауға арналған келесі архивтің анықтамасымен  де танысудың сәті түсті, бұл да сол 2274 қордың №2 ісі, №3 тізбесі. Көрсетілген анықтамалардың шешімі тым қатал, адам өміріне балта шабатындай ауыр. Солардың кейбіреулеріне ғана тоқталсақ: Айсарин Сүлеймен 1907 жылы №1 ауылда туған, 1929 жылдан партия мүшесі, партия билеті №1589101. Созақ аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып жұмыс істейді. КСРО Жоғарғы әскери сотының 1938 жылғы 5 наурыздағы шешімімен сотталып, ең жоғары жазаға кесілді»  деп көрсетілген. Осындай аса ауыр жазаға кесілгендер сапында Ахметов Зейнулла, Әлімбаев Ахмет, Жүсіпбеков Әбдірахман, Сатыбалдиев Тасыбай, Туғанов Қыстаубай, Үсенбеков Темірбай, т.б. азаматтардың аты-жөндерін кездестірдік. 
Қолда бар дереккөздеріне сүйенсек, тек қана партия мүшелері мен жауапты қызметте жүргендер ғана емес, қарапайым халық та аз зардап шекпеген, сондай аяулы жандардың бірі – Шерияздан Сапарбаев. Созақ аудандық НКВД бастығы Тұрғанбаев берген анықтамада 63 жастағы бұрынғы бай, болыс, 1931 жылы сотталған, Созақ көтерілісіне қатысқан, бірақ ол туралы жасырып келген, сонымен бірге кеңес өкіметі туралы жаулық ниетті әңгіме айтқан Сапарбаев «өзінің кінәсін мойындайды» деп аяқталады.
Әрине, Созақ өлкесіне кеңестік жүйенің жасаған зұлымдықтарын бір мақаламен айтып жеткізу мүмкін емес. Сондай зұлматты, қиянатты көріп жүрсе де ата-бабаларымыз өр рухынан танған жоқ. Кең даланың төсінде жүріп ата-баба дәстүрімен мал өсірді, өнер-білімге ұмтылды. Біздің жылдар бойы күткен бостандығымыз да келді. Туған өлкеміздің түтіні түзу шығып, кешегі көрген теперіштер тарихқа айналып келеді. Бәріне шүкір, кешегі көрген қиянаттан белі бүгілмеген бабаларымыздың аманатын алға жетелеп, жазықсыз өмірден өткен сол аға буынды ұмытпай, рухына тағзым етіп отырсақ, бүгін де, келешек те нұрлы болмақ. 

Нариман НҰРПЕЙІСОВ,
филология ғылымдарының кандидаты, доцент,
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан 
педагогикалық  университетінің оқытушысы,
Созақ ауданының құрметті азаматы.

Пікір қалдырыңыз