Генерал Бәрімбек Бейсенов Созақта өскен

Мақсат ҚАРҒАБАЙ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Бәрімбек Бейсенов 1925 жылы Сарысу ауданы, Сарысу–Қаракеңгір өзендерінің қиылысындағы Құйылыс деген жерде дүниеге келген. Ұлы Отан соғысына ертерек бару үшін жасын ұлғайтып, туған жылын 1923 жылы деп жаздырған екен. Б.Бейсенов кейін әділет генерал-майоры атанды.  Алматы заң институтын бітірген. Заң ғылымдарының кандидаты. Алматы қалалық прокуратурасында тергеуші, аға тергеуші, прокурордың көмекшісі болып жұмыс істейді. 1969-1985 жылдары Бәрімбек Бейсенов КСРО ІІМ Қарағанды жоғары мектебінің негізін қалаушылардың бірі және алғашқы бастығы болды. Ол – көптеген монографиялардың, оқу-әдістемелік кұралдардың авторы. ҚР Жоғарғы соты, ҚР Конституциялық соты, Бас прокуратура, ІІМ ғылыми-консультациялық кеңесінің, Жоғарғы Кеңестің қылмыстық кодекс жасау жөніндегі комиссиясының мүшесі болды.
2001 жылы Үкімет қаулысымен өзі негізін қалаған ҚР ІІМ Қарағанды заң институтына Бәрімбек Бейсеновтің есімі берілді. Б.Бейсенов атындағы ІІМ Қарағанды академиясы тергеу және анықтау, криминалистика мамандығы бойынша оқытады. 
Бәрімбек Сәрсенұлының аталарының түбі жаңарқалықтар болатын. Генерал Сперанский Сібір қазақтарын біріктіру үшін жергілікті қазақтарды отырған мекендерінен жер аударып, 1100 отбасыны Созақ, Сарысу аудандарының аралығындағы алқапқа әкеліп орналастырады. Осы үргіншілікте анасы Рымбала балаларын ертіп Созақ ауданындағы «Қызыл әскер» ұжымшарына ағайындарының ортасына көшіп келеді. Рымбала ұжымшарда бұзау бағады. Бұлар отырған «Қызыл әскер» ұжымшарының мал жайылымы  Сарысу ауданына жақын болды. Сондықтан Бәрімбек Сарысу мен Созаққа тел өскен ұл. Ол Байқадамдағы мектепте білім алады. 1930 жылы Созақ көтерілісі бұрқ ете қалып, соған қатысқандар қамалып, атылып жатқандықтан, Бейсеновтер отбасы Созақты ауыздарына алғысы келмеген сыңайлы.
– Алматы малдәрігерлік институтында оқып жүргенімде Бәрімбек ағаның әпкесі Дәмеш тәтеміздің үйінде тұрдым. Дәмеш Бейсенова Қазақ КСР Сауда министрінің орынбасары болатын. Абай көшесінің бойында тұратын. Мұхтар Әуезовпен көрші тұрды. Күйеуі Алматы қаласындағы түрменің бастығы болған екен. Олардың перзенттері болмады.  Ал, Әлия тәте мен Серік Қирабаев көкеміз Сәтбаев көшесінің бойында 4 бөлмелі үйде тұратын. Серік көкемізге Қазақстан Жазушылар одағының атынан қала сыртынан саяжай берілген. Сол жерде Сырбай Мәуленов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Мұхамеджан Қаратаев сияқты белгілі ақын-жазушылармен көрші тұрды. Серік көке мен Әлия тәтеміздің үлкен ұлы Нұр 1949 жылы дүниеге келген, академик, Мәскеудегі М.Ломоносов атындағы  мемлекеттік университетті бітірген. МГУ-дің бірінші проректоры болған. Екінші ұлы Әділ Ішкі істер саласында  қызмет етіп жүріп көлік апатынан қаза табады. Үшінші ұлы Әлім Қирабаев Қазақстанның Польша Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі болды. 1957 жылы туған. 2007 жылы Әлия Бейсенова апамыз Созақ ауданының құрметті азаматы атанды. Апамыз, жездеміз академик Серік Қирабаев көкеміз екеуі екі-үш жыл сайын елге келіп, жаз жайлауда апталап жатып қымыз, саумал ішіп қайтатын. Ол кісілерге арнап бөлек үй тігетінбіз. Сонда демалатын, – дейді өткен жылдан естелік айтқан бауыры Мырзағали Жақаев.
Демек, Бәрімбекті оқытқан Дәмеш апамыз. Ол Қызылорда қаласындағы жоғары оқу орнын бітірген. Содан кейін Шолаққорғанда түрлі қызметтер атқарған. Бәрімбек Қызылордада Дәмештің қолында оқып жүргенде оның отбасы Шолаққорғанда тұрған. Немересінің үлкені болғандықтан Бәрімбек атасы мен әжесі Рымбаланың қолында өседі. Әлия апамыз Бәрімбектің әкесі Сәрсеннің қарындасы. Бірақ, Бәрімбектің жасы одан үлкен және олар бір үйде ағалы-қарындас болып бірге өседі.
– Бәкеңнің әкесі Сәрсен Сәкен Сейфуллинмен Ақмоладағы үш кластық орысша бастауыш мектепте бірге оқыған.  Көпті көрген, қиын күндерді бастан өткерген жан. Мал бақты. Бірақ, балаларына жақсы тәрбие берді. Бәрімбек 1942 жылы қазақ орта мектебін бітірген соң әскер қатарына шақырылды. Белоруссияның Гомель қаласындағы әскери училищенің қысқа мерзімді курсын бітіріп, 1943 жылы Украина майданының 3-ші танк армиясы құрамында соғысқа кіріп, Берлинге дейін барған, – дейді жары Дардан Хусайнова өз естелігінде.
Ал, Әлия апамыздың «Өмір өткелдері» атты кітабында «Бәрімбек ағам соғыс жасына жасы жетпесе де құжатын 1923 жылы деп жаздырып, Созақ аудандық партия комитеті екінші хатшысының Оразәлі деген ұлы екеуі Шолаққорғаннан майданға аттанды. Біз жылап-сықтап ауылда қалдық. Рымбала апам сай-сүйекті шымырлатып жылағаны әлі есімде» деп жазады. Сол кітапты парақтап отырсаңыз көп мәліметке қанығасыз. 
Демек, белгілі ғалым, әділет генерал-майоры Бәрімбек Бейсенов біздің жерлесіміз болып шықты ғой. Біз бүгінде «Бәрімбек Бейсенов жерлесіміз» деп мақтанамыз. Иә, жақсы адам бәрімізге ортақ. Бұл мақалада бүкіл қазақстандықтар қадірлейтін қадірлі азаматтың Созаққа да қатысы бар екенін айтқымыз келді.
Пікір қалдырыңыз