«Тарихта атың қалсын, бабаларым!»

Ордабасы ауданы, Бадам елді мекеніндегі С.Мұқанов атындағы орта мектепте Ұлы Отан соғысынан қайтпай қалған сарбаздарды еске алу және еліміздің өркендеуіне үлес қосқан атпал азаматтардың еңбектерін насихаттау мақсатында «Тарихта атың қалсын, бабаларым!» атты іс-шара өтті. 

Тағлымы мол іс-шара барысында жоғары сыныптар арасында тәрбие сағаты ұйымдастырылды. Мектептегі заманауи үлгіде жабдықталған сынып бұрышына екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагер аталардың суреттері, тұтынған заттары қойылды. Тәрбие сағатының тағы бір ерекшелігі, кейіпкерлердің алыстағы  ұрпақтары өз лебіздерін бейнеқоңыраумен білдіріп, оқушылардың сұрақтарына жауап берді.
– Ерлік пен батырлық қасиетін бойына дарытқан бабалардың жанкешті ғұмырларын бүгінгі ұрпақтың санасына сіңіруде ұстаздардың алатын орны ерекше. Соғыстан оралмаған сарбаздардың қан майданда жүрген жолдары, көрсеткен ерліктері ешқашан ұмытылмайды. Шәкірттерге бабалардың өткен тарихын баяндай отырып, отаншылдыққа, адамгершілікке баулу – біздің басты міндетіміз, – деді  С.Мұқанов атындағы орта мектеп директоры Нәзира Табылды. 
Жиынға 97 жастағы соғыс ардагері  Кәлмен  Мұратов қатысып, қан майданда басынан кешкен ауыр да қиын кезеңдерді еске алды. Сұрапыл жылдардың зардаптары қаншама өмірді қиғанын айтқан қария мұндай соғысты ендігі ұрпақ көрмесе екен деп тілейді. Ғасыр жасаған Кәлмен ата бүгінде 32 немере, 84 шөбере сүйіп отыр. Өзге де соғысқа қатысып, ерлік көрсеткен  Кеттебек Тастанбеков, Уәлиханқажы Райбеков, елге жаралы болып оралған Сейілбек Тасболатов және Әшір Тасымбеков, Рақымберді Жайықбаев, Маханбетжүсіп Абжалұлы, Рақымберді Омашев, Мауаш Құдасбеков, Керімбек Өтегенұлы, Рысбек Бекманов, Рсымбек Қуатбеков, Кәдірбек Үсіпбайұлы, Пердебек Бөтенбайұлы, Ұлықбек Әлназаров сынды аталарымыздың ерліктері ескерусіз қалмақ емес. Соғыс жылдары елдің әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін кеңшар, ұжымшарларда жұмыс істеген азаматтардың да есімдері елдің есінде. Мәселен, революционер  Сыбан Жорабеков, тыл ардагері Тілеубек Ташов, еңбек ардагері Зияда Тасболат, Керімбек Мәнтайұлы, Медеухан Сатхан-ұлы, ардагер  ұстаз Шапай Омашев тоқырау жылдары елдің әлеуметтік проблемаларын шешуге атсалысқан болса, халықты бірлікке жұмылдырып, тығырықтан алып шыққан Дайрабай Ыбыраев, осы мектепті бірнеше жыл басқарған ұлағатты ұстаз Бақыт Меңліқұл аталардың да еңбектері орасан.  
Іс-шарада ауданға белгілі тұлғалар, атап айтқанда, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті физика кафедрасының профессоры Гаухар Омашева, ардагер ұстаз Мереке Фазылова, аудандық білім бөлімінің әдіскері Ұлтусын Мұратбек, Шымкент қалалық жер ресурстарын басқару департаментінің инженері Нұрбек Ұлықбекұлы, Батыр ана Зәуре Кеттебекова сөз сөйледі. Сондай-ақ, Астана қаласынан телефон арқылы бейнеқоңыраумен алғыс жолдаған 1987-1989 жылдардағы КСРО халық депутаты, ауыл түлегі Қарлығаш Тасболатова да жүрекжарды тілегін айтып, шәкірттерге ақ батасын берді. Мектеп өнерпаздарының концертімен өрілген іс-шара соңында бабалар рухына Құран бағышталды. 

Гүлфайруз ТАСБОЛАТ, 
С.Мұқанов атындағы орта мектеп мұғалімі. 
 Ордабасы ауданы.
Пікір қалдырыңыз