Зиянкестерге қарсы күрес бәсеңдемеуі тиіс

Өсімдік те бала сияқты ерекше күтімді керек етеді. Жылда облыс аумағында егілетін ауыл шаруашылығы дақылдарын зиянкестерден, аурулардан және арамшөптерден қорғау мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. Бұл жұмыстар әрбір зиянды нысанның биологиялық даму ерекшеліктері мен оның экономикалық зиян келтіру деңгейін ескере отырып жүргізіледі.

Облыс әкімінің өкімімен, аса қауіпті зиянды организмдермен күресу үшін арнайы штаб құрылып, қадамдық іс-шаралар және техника түрлері бойынша іс-жоспарлар түзіліп, Марокко шегірткесіне қарсы химиялық күрес шараларына дайындық жұмыстары тиянақты жүргізілді. 
Өткен жылы Марокко шегірткесінің жер бетіне шығуы Сарыағаш ауданында 28 наурызда, Келес ауданында 31 наурызда, Арыс ауданында 2 сәуірде тіркелген болатын.
Оған қарсы күресте облыстық аумақтық инспекциясынан 18 қызметтік автокөлік және 32 мемлекеттік инспектор, «РФДжБӘО» РМ Түркістан облысы филиалынан 40 автокөлік және 86 маман, сонымен қатар, жергілікті анықтаушы органдардан 183 анықтаушы осы жұмысқа жұмылдырылды. Облыстың Арыс, Бәйдібек, Қазығұрт, Төлеби, Шардара, Келес, Ордабасы, Сауран және Сарыағаш аудандарында Марокко шегірткесіне қарсы экономикалық зиянды шегінен асқан 71,563 гектар алқапта химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді.
Көршілес Өзбекстан Республикасымен бірлесе түзілген ынтымақтастық бағдарламасына сәйкес, шекаралық аймақтарда аса қауіпті шегіртке тектес зиянкестердің таралуын бақылап, экономикалық зиянды шегінен асқан жағдайда тиісті шараларды қолға алып, тараптар бір-біріне қажет кезде хабарлама сигналдар беру арқылы жұмыстар атқарды. 
Мақта дақылының негізгі зиянкестеріне мақта көбелегі, өрмекші кене және кіші жерүсті (карадрина) көбелегі жатады. Ал, мақтадағы мақта көбелегіне және өрмекші кенеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары, фитосанитарлық іс-шаралар шаруалардың өз қаражаты есебінен жүргізіліп, қолданылған биоагенттері мен пестицидтер жергілікті атқарушы орган тарапынан субсидияланады. 
Мақта алқаптарындағы жазғы зерттеудің қорытынды мәліметтеріне сәйкес, өрмекші кене бойынша 405 мың гектар, мақта көбелегінің жұлдызқұрты бойынша  499 мың гектар алқап экономикалық зиян шегінен асқаны анықталған.
ҚР-ның «Өсімдіктерді қорғау туралы» Заңының талаптарының сақталуын бақылау мақсатында облыс аумағында өсімдіктерді қорғау саласы бойынша 80 ұсыным рәсімделіп, зиянды организмдердің таралуына жол берген 2 кәсіпкерлік субъектісіне айыппұл салынып, 14 нұсқама берілді, олар толығымен орындалды.
Биыл облыста аса қауіпті зиянкестермен, оның ішінде үйірлі шегірткелерге қарсы өңіріміздің 10 ауданында барлығы 271,575 мың гектар алқапта химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Осыған орай, облыс әкімі өкімімен «Аса қауіпті зиянды организмдермен күресу үшін ұйымдастыру, үйлестіру жұмыстарын жүргізетін штаб» құрылып, жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмыс жоспарлары және қадамдық іс-шаралар түзілді.
Облыстық аумақтық инспекция тарапынан Марокко шегірткесіне қарсы іс-шараларының сапалы орындалуын бақылауға және ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуге аудандар бойынша химиялық өңдеу жүргізуге 42 инспектор және 23 автокөлік жұмылдыруды жоспарлап отырмыз. Химиялық өңдеу жұмыстарына әлеуетті өнім берушілердің 3 АН-2 ұшағы, 1 ұшқышсыз ұшу аппараты, 6 аспалы бүріккіш,  71 жерүсті желдеткіш бүріккіш агрегаттарын жұмылдыру жоспарланған. Химиялық өңдеу жұмыстары сәуір айының алғашқы онкүндігінде басталмақ. 
Марокко шегірткесіне қарсы жүргізілетін химиялық күрес шаралары кезінде имидаклоприд және фосфоорганикалық тобындағы улы препараттарды қолданады. Улы химикаттар шегіртке зиянкестерін құртумен қатар (адамдар, үй жануарлары, балықтарға, құстарға, бал араларына) зиян екенін ескертеміз. Сол себепті 7 күн мерзімде улы химикаттар қолданылған аумақтарда мал жаюға болмайды. Адамдар 4 күнге дейін ол жерлерде болмауы қажет екендігін еске саламыз.
Көктемгі-жазғы мониторингтік анықтау-зерттеу жұмыстарының нәтижесіне сәйкес химиялық күрес жұмыстары тиісті деңгейде жүргізіліп, өңіріміздің фитосанитариялық ахуалы тұрақты деңгейде болуына баршамыздың да атсалысқанымыз абзал. 

Нұрман БИГЕЛОВ,
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті Түркістан облыстық аумақтық инспекциясы өсімдіктерді қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекция бөлімінің басшысы.

Пікір қалдырыңыз