АЭС салу мәселесі: халықаралық тәжірибе не дейді?

Өткен жылы 1 қыркүйекте ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС салу мәселесін жалпыұлттық референдумға шығаруды ұсынған болатын. Осы орайда біз бейбіт атомды кәдеге жаратып, электр қуатының мол көзінің игілігін көріп отырған елдердің тәжірибелерін шолып шығып, сарапшылардың пікірін бөліскенді жөн санап отырмыз.

Энергетикалық қауіпсіздік саласындағы сарапшы, «Қазақстанның энергетикалық аспектілері» зерттеу орталығының директоры Алмас Әбілдаевтың пікірінше, Қазақстан үшін АЭС салу көптеген мүмкіндіктерге жол ашады.
Маманның айтуынша, бүгінде біздің еліміз халықаралық энергетикалық нарықтың белсенді әрі маңызды қатысушысы болып табылады. Соған қарамастан еліміздің энергетикалық әлеуеті әлі де ашылмаған күйінде қалып отыр. Қазақстанның осынау мол әлеуетін ішкі энергетикалық емес нарықтарды дамытуға бағыттауға болар еді. Сондай-ақ, энергетикалық инфрақұрылымын дамыту арқылы еліміздің халықаралық саудадағы, қаржылық және инвестициялық ынтымақтастықтағы рөлін әлдеқайда арттыруға болады.
Бүгінде Қазақстанның алдында тұрған ең маңызды мәселелердің бірі – атом электр стансасын салу кезінде қай елдің технологиясын, қай елдің мердігер компаниясын таңдаған дұрыс деген сауал. А.Әбілдаевтың айтуынша, бұл жерде екі мәселеге баса назар аударған жөн. Біріншіден, технологияның барынша жетілген әрі қолжетімді болуы, екінші фактор – саяси-әскери егемендік мәселесі.  
Сарапшының пікірінше, технологиялары Қазақстанда АЭС салу үшін ең қолайлы елдердің бірі – Ресей. Ол, әсіресе, әлемдік атом технологиялары нарығының үлкен бөлігіне иелік етіп отырған «РосАтом» компаниясының мүмкіндіктері мол екенін алға тартады.
– Менің ойымша, мердігер ретінде екі елдің біреуін, Ресей мен Францияны қарастыруға болар еді. Әрине, Францияны таңдасақ, құрылыс сәл қымбатырақ болады. Бірақ, ондағы мамандардың құзыреттері өте жоғары. Сонымен қатар  АЭС құрылысының мердігерін таңдау кезінде еліміздің әскери-саяси егемендігін сақтау мәселесі де өте маңызды. Айталық, біз мердігер ретінде  Оңтүстік Кореяны да таңдауымызға болар еді. Олардың да технологиялық, қаржылық мүмкіндіктері зор. Бірақ, күні ертең геосаяси жағдай күрт өзгеріп кетсе, оңтүстіккореялықтардың Қазақстанмен жұмыс істеу кезінде қандай ұстанымда болатынын болжау қиын. Сондықтан да осы саяси факторға ерекше назар аударған дұрыс дер едім, – дейді ол.
Сарапшының айтуынша, өз атом электр стансаларының болуы мемлекеттің тұрақты дамуы мен өркендеуіне ықпал етіп, оған ғылыми, экологиялық, экономикалық және стратегиялық тұрғыда бірқатар артықшылықтар береді.
А.Әбілдаевтың айтуынша, Ресей, Франция, АҚШ, Оңтүстік Корея және Қытай секілді елдер атом энергетикасы тұрақты дамуды қамтамасыз ететін шешуші фактор екенін әлдеқашан түсініп, бұл саланы дамытуды қолға алған. Аталған елдердің тәжірибесіне қарап отырып, атом энергетикасы экономикалық өсуге ықпал етіп қана қоймай, энергетикалық теңгерімді қамтамасыз ету мен атмосфераға көмірқышқыл газының бөлінуін азайту арқылы экологиялық ахуалды оңалтуда
да маңызды рөл атқаратынын көре аламыз.
Расында, атом энергетикасының маңызды артықшылықтарының бірі – оның парниктік газдардың, әсіресе, көмірқышқыл газының бөлінуін азайта алатындығы. Атом энергетикасына көшу арқылы еліміз қазба байлықтарға, соның ішінде көмір мен мұнай сияқты отындарға тәуелділігін азайта алады. Мұнай өңдеу зауыттары және көмірмен жұмыс істейтін жылу электр стансалары – көмірқышқыл газын көп мөлшерде бөліп шығаратын негізгі ластаушылар екенін ескерсек, АЭС салынуы қоршаған ортаның ластануын азайтатыны сөзсіз. Ядролық реакторды салу, пайдалану және ядролық қалдықтарды жою кезінде де ешқандай қалдық бөлініп шықпайтынын ескерсек, АЭС экологиялық тұрғыда ең таза энергия көздерінің бірі болып қала береді.
Біздің еліміз үшін зиянды қалдықтар мәселесі өте маңызды. Мемлекет басшысының өзі біздің еліміз 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуі тиіс екенін айтты. Олай болса, атом энергетикасын дамыту біздің экологиялық стратегиямызбен де толықтай үйлеседі. Иә, әзірге елімізде екі оқу реакторы ғана бар. Оның бірі – Ұлттық ядролық орталық та, екіншісі Ядролық физика институтында орналасқан. Әрі алғашқы АЭС салынған күннің өзінде ол еліміздің электр қуатына деген сұранысының 12 пайызын ғана өтейтін болады. Соған қарамастан қазіргі уақытта қалыпты ойлайтын, нағыз білікті мамандар мен сарапшылар АЭС салу жөніндегі бастаманы қолдап отыр. Өйткені, ол тұрақты, үздіксіз және сенімді энергиямен қамтамасыз етудің бірден бір көзі болып отыр, – дейді Алмас Әбілдаев.
Сонымен, дамыған елдердің тәжірибесін саралай отырып, атом энергетикасы қазіргі энергетикалық саясатта шешуші рөл атқаратынына көз жеткіздік. Бұл экономика мен энергия теңгерімін қамтамасыз етудің маңызды факторы ғана емес, сонымен қатар ауаға көмірқышқыл газының таралуын азайтудың тиімді құралы екенін де білдік. Демек, озық технологияларды қолданып және экологиялық қауіпсіздік нормаларын қатаң сақтай отырып, атом энергетикасын одан әрі дамыту арқылы Қазақстан қазба байлықтарына тәуелділіктен арылып, орнықты дамуға қарай сеніммен қадам басады және декарбонизация мәселесі бойынша да алға қойған мақсат-міндеттеріне қол жеткізеді.
Бейбіт атомды пайдаланудың қаншалықты тиімді екенін бірқатар елдердің тәжірибелеріне сүйене отырып бағалауға болады. Мәселен, А.Әбілдаевтың айтуынша, Ресей мемлекеті атом энергиясы саласы бойынша бүкіл әлемде маңызды рөл атқарады. Солтүстік көршімізде энергия теңгеріміндегі атом электр стансаларының үлесі 20 пайызды құрайды. Бұл бүкіл елді тұрақты және сенімді электрмен жабдықтауға мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар, Ресей ядролық отынның ірі экспорттаушыларының бірі екенін де естен шығармаған жөн.
Сарапшының айтуына қарағанда, Ресей бүгінде Арктика аймағында атом энергетикасын дамытуға ерекше мән беріп отыр. Бұған мұздақты аймақтың стратегиялық маңыздылығы және ол жерде табиғи ресурстардың едәуір қорының шоғырланғандығы себеп. Сонымен қатар, Ресейде атом энергетикасы саласында жаңа технологияларды ендіру бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, орыс ғалымдары атом стансаларының қауіпсіздігін, тиімділігін және экологиялық тұрақтылығын арттыруға бағытталған инновациялық шешімдерді әзірлеу және оны өндіріске енгізу бойынша айтарлықтай табыстарға қол жеткізгендерін атап өткен жөн.
Сарапшының сөзіне сүйенсек, Ресейдің атом энергетикасы саласындағы қызметінің маңызды аспектісі басқа елдермен ынтымақтастық болып қала береді. Бір сөзбен айтқанда, Ресей халықаралық ядролық қоғамдастықтағы негізгі фигуралардың бірі болып қала береді және бұл ел өзінің атом секторын одан әрі белсенді дамытуды жалғастырып жатыр.
Атом электр стансаларын өзінің энергетикалық жүйесіне сәтті енгізген елдердің бірі – Оңтүстік Корея. Атом энергиясы бұл елде тұтынылатын барлық электр қуатынының 30 пайызын құрайды. Бұл ел – атом технологияларын экспорттау бойынша да әлемдегі көшбасшылардың бірі. Осының арқасында Оңтүстік Кореяда электр энергиясына арзан тарифтер белгіленген. Ал, бұл өз кезегінде өнеркәсіптің де, экономиканың басқа салаларының да дамуын ынталандырып, халықтың өмір сүру деңгейінің жоғарылауына әсер етіп отыр.
Ал, АҚШ-тың энергия балансындағы атом электр стансаларының үлесі 20 пайызды құрайды. Құрама Штаттарда атом энергетикасының дамуы жұмыс орындарын құруға және ядролық технологияларды дамытуға ықпал етіп келеді. Сондай-ақ, Америка дайын ядролық реакторларды да экспорттауымен де ерекше басымдыққа ие.
Қуат көздеріне деген ішкі қажеттілігін өтеу кезінде атом энергиясын ең көп қолданатын ел – Франция. Бұл елде атом электр стансалары елде тұтынылатын қуаттың шамамен 70 пайызын өндіріп тұр. Олар елдің энергетикалық жүйесінің негізі болып табылады. Бұл Франция аумағында көмірқышқыл газының таралуын едәуір төмендетіп, халық пен өнеркәсіпті тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етуге жол ашып отыр. Сонымен қатар Франция – АЭС-те өндірілген электр энергиясын өз қажеттілігіне ғана жаратпай, сыртқа экспорттайтын бірден бір мемлекет.
А.Әбілдаевтың айтуынша, Қытай да атом технологиясының дамуынан шет қалып жатқан жоқ. Аспан асты елі де соңғы жылдары бұл саланы жылдам игере бастаған.
Бұларды аз десеңіз, Түркияның энергетика министрлігі «Аккую» атом электр стансасының алғашқы ядролық реакторы таяу арада іске қосылатынын мәлімдеді. Түріктер іске асырып жатқан бұл жоба қуаттылығы жағынан әлемдегі ең үлкен АЭС салуға бағытталған. Онда 4 ядролық реактор болады және жиынтығы 4800 МВт/сағат электр энергиясы өндіріледі деп күтілуде. Ресми Анкараның мәліметі бойынша, 4 реактордың толық іске қосылуы 2028 жылға жоспарланған. Сол кезде Түркия өзінің электр қуатына деген сұранысының 10 пайызын осы станса арқылы өтейтін болады. Бұл түріктерді жыл сайын сырттан 7,2 миллиард текше метр газ сатып алу мәжбүрлігінен құтқарып, ауаға таралатын көмірқышқыл газының мөлшерін жылына 30 миллион тоннаға қысқартуға мүмкіндік береді екен.
А.Әбілдаев Қазақстанда да АЭС салуға қажетті әлеуеттің жеткілікті екенін алға тартты. Сарапшының айтуынша, Қазақстан әзірге АЭС арқылы электр қуатын өндірмегенімен, еліміздің жалпы атом энергетика саласында мол тәжірибесі бар. Біздің елімізде кеңестік кезеңде қалыптасып, тәуелсіздік жылдарында нығая түскен ғылыми, кадрлық әлеует және айтарлықтай жетілген инфрақұрылым бар. Атап айтқанда, Үлбіде төмен байытылған ядролық отын зауыты жұмыс істеп, ядролық отынды әлемнің көптеген елдеріне экспорттап жатыр. Сондай-ақ, елімізде Ядролық физика институты мен осы салаға қатысты 3 ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс істеп тұр. Жыл сайын Атом энергетикасы халық- аралық агенттігінің (МАГАТЭ) ең маңызды деген конференциялары мен іс-шараларының Алматы қаласында өтуі бекер емес. Оған қоса Қазақстан уран қоры бойынша да әлемде алдыңғы қатардағы мемлекет екенін ескерсек, еліміздің атом энергетикасын дамытуға мүмкіндігі зор.

Айдар ҚҰЛЖАНОВ,
журналист.

1 пікір

  • polkmnoipk
    polkmnoipk

    МЕНІҢ КУӘЛІМДІ ОҚЫҢЫЗ Менің атым Алия Ахмед, қазақстандық, жалғыз басты, күйеуім қайтыс болғанға дейін бізге сонша қарыз қалдырды, мен қатты қарызды қалай өтерімді білмей, абдырап қалдым. Бір күні интернетті ақтарып отырып, мен Мариямның Albaker несиелік фирмасының несие алуға қалай көмектескені туралы куәлігін көрдім. Сондықтан мен компанияның поштасы арқылы 5 жылға 85 000 доллар несие алуға өтініш бердім ( albakerloanfirm@gmail.com ). Мен үшін не істегенін әлем білсін, мені таң қалдырды, 48 сағаттан аз уақытта менің несием 2% пайыздық мөлшерлемемен бекітілді. Қазір күйеуімнің қарызын өтеп, жеке өмірімді, бизнесімді бастадым. Мен жай ғана уәдемді орындадым. Сонымен, кем дегенде 2% несиенің кез келген түрін алғыңыз келсе, Albaker несиелік фирмасына оның электрондық поштасы арқылы хабарласыңыз ( albakerloanfirm@gmail.com )

Пікір қалдырыңыз