Қытайдан үйренеріміз аз емес

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бастаған делегация таяуда Қытай Халық Республикасына іссапармен барып қайтты. Түркістан облысы мен ҚХР арасында бүгінде тығыз қарым-қатынас орнаған. Осымен екінші рет ұйымдастырылған жұмыс сапарында облыс делегациясы Қытайдың бірнеше провинциясы мен қалаларындағы алпауыт компаниялардың жұмысымен танысады. Жергілікті билік басшыларымен екіжақты байланысты нығайту, әріптестік туралы меморандумға қол қою көзделген.
Түркістан облысының әкімдігі, Қытайдағы Қазақстан елшілігі мен Бас консулдықтың бірлесіп ұйымдастыруымен Шэньси провинциясында ауқымды іс-шара өткізу жоспарланған. Бағдарламаға сәйкес облыс әкімі Дархан Сатыбалды бастаған делегация мен Қазақстан Республикасының Сиань қаласындағы Бас консулы Жошыхан Қыраубаев Шэньси провинциясының Вэйнань қаласында орналасқан «Chian Chuangshi Construction Group» компаниясына тиесілі «Weinan Jianguo» қонақүйіне барды. Түркістанда
дәл осы жобамен бес жұлдызды қонақүй кешені мен аквапарк және бейне бақылау камераларын шығаратын кәсіпорын салынбақ. Жобаның жалпы құны 270 млн. АҚШ долларын құрайды.
Сондай-ақ, делегация көпсалалы аурухана мен ардагерлерге арналған сауықтыру орталығында болды. Құрылысы енді біткен әлеуметтік жоба аурухана, мейірбике орталығы, қарттар үйінен тұрады.
Медициналық және сауықтыру кешені ерекше күтім мен қауіпсіздікті басты қағида ретінде ұстанады. Орталық ыңғайлы жиһазбен, қажетті құрал-жабдықтармен толық жабдықталған. 5 миллионға жуық тұрғыны бар қалада ерекше үлгідегі, қолжетімді және бизнес кластағы тұрғын үйлер кешені орналасқан. Солардың басым бөлігі осы компанияға тиесілі.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды өңіріміздегі инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылау үшін Вэйнань қаласы халық үкіметінің қала әкімі Чен Сяоюн мен Шэнси провинциясының халықаралық достық қоғамы төрағасының орынбасары Цао Хуэймен кездесті. Тараптар өңір әлеуетін таныстырып, инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша мәселелерді талқылады.
Кездесу қорытындысында Түркістан қаласы мен Вэйнань қалалары арасындағы әріптестік байланысты нығайту, экономикалық қарым-қатынастарды орнату туралы меморандумға қол қойылды.
Түркістан облысының делегациясы Шэньси провинциясының Вэйнань қаласындағы жұмыс сапары барысында аймақтағы ірі өнеркәсіп орындарын аралады. Жұмыс тобы мен Қытайдағы ұн шығаратын ең ірі Wudli Group Weinan Flour Co. компаниясының жұмысымен танысты. Компания жоғары сапалы бидайдан күніне 70 мың тонна, жылына
27 млн. тонна ұн шығарады. 35 жылдық тарихы бар өндіріс алыбы дүние жүзі бойынша алдыңғы қатардағы ұн шығару компаниясы болып табылады. Ғимараты 6 қабатты зауыттың электронды басқару орталығын
4 адам басқарады.
Zhongken Huashan, Ltd. кәсіпорны жыл сайын 300 мың тонна сүт өнімдерін шығарады. Фермада 48 мыңнан астам австралиялық сиыр бар. Тәулігіне 200 тонна сүт өнімдерін шығаратын зауытта 200 адам жұмыс істейді.
Сондай-ақ, сапар барысында облыс делегациясы мақсары майын өндіретін зауытта болды. Weinan Changanhua Grain and Oil Co., Ltd. кәсіпорны күніне 400 тонна, жылына 150 мың тонна мақсары майын шығарады.
Сапар аясында жұмыс тобы индустриалды аймақ жұмысымен танысып, ауыр техника бөлшектерін шығаратын Shaanxi Zhonglian Earthmoving Machinery Co., Ltd. зауытын аралады. Алпауыт компанияның жылдық айналымы 500 млрд. теңгеге жуық. Салмағы 3 тоннадан 450 тоннаға дейінгі ауыр техникаларды әлемнің көптеген елдеріне саудаға шығарады. Зауытта экскаватордың, бульдозердің сан алуан түрі шығады, 9 елде бөлімшелері жұмыс істейді.
Бүгінгі таңда Түркістан облысында Қытай капиталының қатысуымен жалпы сомасы 110 млн. АҚШ долларын құрайтын 4 ірі жоба іске асырылды. Сонымен қатар, бірқатар маңызды жобаларды іске асыру бойынша келісімдер жасалды.
Түркістан облысының әкімі
Дархан Сатыбалды бастаған ресми және іскерлік делегациясының сапары аясында Қытайдың Сиань қаласында Бас консулдықтың қолдауымен сауда-экономикалық форум өтті. Бизнес-форумда екі елдің 80-нен астам кәсіпорнының өкілдері арасында B2B форматында екіжақты кездесулер өткізілді.
Бизнес-делегациясының құрамында білім, денсаулық сақтау, IT, құрылыс, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, білім беру салаларының өкілдері болды. Бетпе-бет жүздесіп, бизнес бастауға арнайы жиналған барлық кәсіпкерлерге алғыс айтқан Дархан Амангелдіұлы әр бизнес бастаушымен жеке жұмыс істейтінін жеткізді. Мұндай кездесулердің жаңа жобаларды іске асыруға жол ашатынын айтып, екі елдің экономикалық ынтымақтастығы мен іскерлік серіктестігінің дамуын үлгі етті. Өңір басшысы инвесторлар үшін барлық жағдай жасалған Түркістан облысының инвестициялық әлеуетімен таныстырды. Сауда қатынастарын орнатып, инвестициялық жобаларды табысты жүзеге асыру үшін қажетті қолдау көрсететінін жеткізді. Тек экономиканы дамытуға ғана емес, мәдениет, туризм, білім салаларын дамыту тетіктерінің қарастырылатынын айтты.
– Көріп отырғандарыңыздай, біздің өңірдің ынтымақтастық алаңы кең! Біз екі өңір арасындағы өзара байланысты арттыруға бағытталған маңызды жобаларды іске асыруға ниеттіміз. Мемлекет тарапынан инвесторларға преференциялардың ауқымды түрлері ұсынылады. Баршаңызды киелі Түркістан өңіріне шақырамын, – деді облыс әкімі.
Бизнес-форумда екі елдің кәсіпкерлері өз компанияларын таныстырды. Екіжақты кездесу қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа қол қойылды. Бірлескен жобалар арасында ауыл шаруашылығы саласында пайдалануға ыңғайлы дрондар шығару, халықаралық үлгідегі мектеп салу, IT, құрылыс, ми ауруын емдейтін аурухана ашу, құрылыс материалдарын өндіру зауытын салу, цифрландыру арқылы ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру, травертин өндіру туралы келісімге келіп, меморандумға қол қойылды.
Сондай-ақ, өңір басшысы инвесторлармен кездесіп, бірлескен жобалар бойынша маңызды келіссөздер жүргізді. Атап айтқанда, Мяньян қалалық партия комитетінің тұрақты комитет мүшесі және вице-мэрі Ву Хао бастаған делегациямен жүздесіп, құрылыс материалдарын шығаратын зауыт салу туралы, ауыл шаруашылығы, медицина, білім, туризм салаларын дамыту бойынша бірқатар келіссөз жүргізді. Түркістан облысында жаңа көкөніс қоймасын салу жөнінде де келісім жасалды.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды сапар барысында жергілікті көкөніс пен жемістің сату мерзімін ұзарту мақсатында Shaanxi Foreign Economic and Trade Group компаниясымен меморандумға қол қойды. Жоба құны – 1,6 млн. АҚШ доллары. Құрылыс 3 кезеңнен тұрады. Нәтижесінде Түркістан облысында еліміздегі ең ірі көкөніс қоймаларының бірі салынады.
Кездесу соңында өңір басшысы әкімдік тарапынан өзара тиімді байланыстардың маңыздылығын қуаттай отырып, одан әрі бірлесіп жұмыс істеуге, өнеркәсіптік ынтымақтастықты кеңейтуге ниет білдірдi.
Аталған шаралар екіжақты достық қарым-қатынастың одан әрі өрбуіне жол ашпақ. Қытайға сапар  барысында облыс делегациясы бірнеше өндіріс орындарында болуды және басқа да іс-шараларға қатысуды жоспарлап отыр.
Пікір қалдырыңыз