Венгриялық инвестор Түркістаннан зауыт салғысы келеді

Түркістанға іссапармен келген венгриялық делегацияны облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қабылдап, олармен әріптестік орнатуға, жобаларға қолдау көрсетуге дайын әрі жаңа жұмыс орындарын көбейтуге мүдделі екенін жеткізді.
– Тарихи Түркістанға қош келдіңіздер! Алты жыл бұрын Түркістан облысы құрылды. Бұрын Оңтүстік Қазақстан облысы деп аталатын. Түркістан қаласы жаңа облыс орталығы болып бекітіліп, шаһардың жаңа дәуірі басталды. Біздің өңір тұрғындарының 80 пайыздан астамы ауылдарда тұрады. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласы – басым бағыттардың бірі. Венгрияның үздік тәжірибелерін айналымға енгізуге, әріптестік орнатуға дайынбыз. Венгрия – біз үшін бауырлас әрі серіктес ел, – деді Дархан Амангелдіұлы.
Венгрияның Алматыдағы бас консулы Саболч Карой Сёке екі мемлекет арасындағы достық және экономикалық байланыс өте жоғары деңгейде екенін айта келе, Венгрия инвесторларын Қазақстанға шақыруға, көмек көрсетуге дайын екенін атап өтті. Ал, «UBM Group» компаниясының бас директоры Хорват Петер жылы қарсы алған өңір басшысына алғысын білдірді.
– Біз Түркістан облысы аумағынан заманауи үлгідегі құрама жем зауытын салуды жоспарлап отырмыз. Бұл – ауыл шаруашылығының дамуына серпін береді. Жаңа жұмыс орындары ашылады. Бұдан өзге де жобалар бойынша әріптестік орнатып, талқылауға дайынбыз, – деді венгриялық инвестор.
Айта кетейік, 1996 жылы құрылған «UBM Group» компаниялар желісі – Венгриядағы жем өндіретін жетекші сала. Жылына 450 мың тонна өнім шығарады. Олардың
4 құрама жем зауыты бар, Венгриядағы егін шаруашылығы өнімдерінің ең ірі трейдерлерінің бірі. Астық, майлы дақылдар саудасының айналымы – жылына 1,5 млн. тонна. Өнімдерін 15 елге экспорттайды.
Алдағы уақытта Венгрия инвесторы облыс аумағынан құрама жем зауытының құрылысын бастамақ.
Пікір қалдырыңыз