Ұлттық өнер ұлықталған күн

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Әр мезгілдің өзіне тән әсем көрінісі болады. Сол көріністі, сол көркем табиғатты тиімді пайдалана білген дана халқымыз әр мезгілдің ерекшелігіне қарай көңіл көтеретін түрлі ойын-сауықтар ұйымдастырып отырған. 

Қазақтың осындай ерекше салт-дәстүрлерін қайта жаңғырту мақсатында таяуда салт-дәстүр және әдет-ғұрып орталығының ұйымдастыруымен Төлеби ауданына қарасты Кеңесарық ауылының тау бөктерінде аңшылық мерекесі – салбурын ұйымдастырылды. Мерекеге түрлі қоғамдық ұйым өкілдері мен мектеп оқушылары, саятшылық өнеріне қызығатын жастар мен ауыл тұрғындары қатысты. 
Аталған орталықтың директоры Бақтияр Спановтың айтуынша, жастарды ұлтжандылыққа үйретіп, салт-дәстүрді тереңірек тануына жол ашатын мұндай іс-шараларды олар жылда ұйымдастырып отырады екен. 
– Саятшылық дәстүрін дәріптеу мақсатында салбурын мерекесін біз жылда өткіземіз. Бұған қызығушылық танытатындар да жыл өткен сайын көбейіп келеді. Табиғаттың осындай тамаша мезгілін тиімді пайдаланып, бүгін осында жиналып отырмыз. Біздің салт-дәстүр және әдет-ғұрып орталығының құрылғанына биыл он жыл толып отыр. Содан бері салт-дәстүрді қайта жаңғыртып, әдет-ғұрыпты кеңінен насихаттауға біздің орталық қызметкерлері лайықты үлестерін қосып келеді.  Әр мезгілді тиімді пайдаланып, алдағы уақытта да жастардың танымдық көзқарасын қалыптастыратын мұндай шараларды көптеп өткізетін боламыз, – дейді Бақтияр Әбілұлы. 
Иә, айтса айтқандай, көпшілік мұндай іс-шаралардан саятшылық, құсбегілік, тазы жүгірту,  мергендер сайысы сияқты ұлттық өнерлерді тереңірек меңгеруге мүмкіндік алатыны анық. Айталық, сол күні Кеңесарық ауылынан келген саятшы Жомарт Кеуенов бастаған бір топ аңшылар мен құсбегілер бекзат өнердің үлгісін көрсетіп, көпшілікті тәнті етті. Әсіресе, «Бірінші мамыр» ауылындағы балалар үйінен келген тәрбиеленушілер салбурынның қызығына кенеліп, қуаныштарында шек болмады. 

Суреттерді түсірген 
Қайсар ШЕРІМ.
Пікір қалдырыңыз