Әлеуметтік ахуал жақсарып келеді
Бауыржан ЕРМАН,
«Оңтүстік Қазақстан».
Түркістан облысы құрылғалы бері өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай жақсарып келеді. Мәселен, былтырғы қаңтар-қыркүйек айлары аралығында жалпы өңірлік өнім көлемі 2 трлн. 699 млрд. теңгені құраған. Ал, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 972 млрд. 31,8 млн. теңгеге жетіп, 2022 жылмен салыстырғанда 26,1 пайызға көбейсе, оның 70 пайыздан астамы жеке инвестиция болып саналады екен.
Жалпы, жеке инвестицияның басым бөлігі өнеркәсіп және жылжымайтын мүлік салаларына бағытталса, бюджеттік инвестициялар инфрақұрылым нысандарын дамытуға, жылжымайтын мүлік саласына, әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету саласындағы қызметке тартылған. Бұл туралы ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Нұрқожа Бекжанов мәлімдеді.
Спикердің сөзіне сүйенсек, экономиканы дамыту және халықтың жағдайын жақсарту мақсатында жыл сайын жылжымайтын мүлік саласындағы инвестиция көлемі ұлғайып келеді. Сәйкесінше, былтыр бұл салаға бағытталған инвестиция көлемі 4,3 пайызға көбейіп, 156 млрд. 268,6 млн. теңгені құраған. Одан бөлек, өткен жылы Түркістан облысының Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен өзара сауда айналымының көлемі 735,1 млн. АҚШ долларын құрап, 2022 жылмен салыстырғанда 32,1 пайызға артқан.
Сондай-ақ, былтыр өңірдегі құрылыс жұмыстарының көлемі 407 млрд. 494 млн. теңгеге жетсе, тұрғын үй құрылысына 137 млрд. 101 млн. теңге инвестиция салынған. Нәтижесінде пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі 898,9 мың шаршы метрді құраған.
Сонымен қатар, брифингте еліміздегі шағын және орта кәсіпкерлік субьектілерінің 10,3 пайызы Түркістан облысында екендігі сөз болды. Сәйкесінше, былтыр бұл саладағы өнім көлемі 1 210 422 млн. теңгені құрап, 292 620 адам жұмыспен қамтылған.
Тағы бір айта кетерлігі – Түркістан облысы бала туу көрсеткіші бойынша да республикада көш бастап тұр.
– 2023 жылдың 1 желтоқсанындағы көрсеткіш бойынша Түркістан облысы халқының саны 2 140 926 адамды құрады. Оның ішінде қала халқы – 527 633 адам болса, ауыл халқы – 1 613 293 адам. 2023 жылдың қаңтар-қараша айларында 51 145 сәби дүниеге келген. Оның 26 323-і – ұл, 24 822-сі – қыз бала. Одан бөлек, өткен жылдың қаңтар-қараша айларында 10 826 неке тіркелген. Ал, 2023 жылы тіркелген ажырасулар саны 2022 жылмен салыстырғанда 5,6 пайызға кеміген. Сонымен қатар, өткен жылдың қаңтар-қараша айларында облысқа 35 953 адам көшіп келген. Оның ішінде 35 473 адам – Қазақстанның басқа облыстарынан, 473 адам – ТМД елдерінен, 7 адам – алыс шет елдерден қоныс аударған. Жалпы облыс ішіндегі көші-қон 40 373 адамды құрады, – дейді Нұрқожа Ермекұлы.