Ел деп соққан жүрегі

Есімі елге етене таныс Орынбай Рахманбердиев аға туралы өз ойымды қағаз бетіне түсіруге келгенде көп толқыдым. Тау тұлғалы азаматтың жанында өзімді тау баурайында жүрген баладай сезінгендіктен шығар, бәлкім. Әйтеуір ерекше күйде болдым. 
Орынбай Рахманбердиев 1943 жылы 20 қазанда бұрынғы Алғабас ауданы, Шаян ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. Білімі жоғары. 1964 жылы  Жамбыл жеңіл өнеркәсіп және технология институтын, 1983 жылы Алматы жоғары партия мектебін инженер-технолог, саясаттанушы мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын лаборант болып бастаған Орекең 1966 жылы Шаян астық қабылдау кәсіпорны директорының орынбасары болып тағайындалады. 1969 жылдан бастап партия, кеңес, кәсіподақ қызметінде болған. 1978-1980 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің партиялық ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, бөлім бастығының орынбасары болып қызмет атқарды. 1980 жылы Түркістан қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы, ал, 1985 жылы Шардара аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланған.  1988–1990 жылдары облыстық астық қабылдау бөлімінде бас маман, 1990–1999 жылдары Төлеби ауданы, Леңгір қаласындағы астық қабылдау комбинатының директоры, «Ақмаржан» акционерлік қоғамының президенті болып қызмет атқарды. 1999 жылы облыстық мәслихаттың депутаты, Оңтүстік Қазақстан облысы мәслихатының хатшысы, 2002 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып ел аманатын арқалады.
Орынбай ағамен  қызметке араласқан жылдары таныстым. 1987 жылдың тамыз айы болатын. Алғабас аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Исмат Тұрсынқұлов ағамыз мені шақырып алды. Ол кезде аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысымын. – Шардара ауданындағы шөпшілерге өкіл болып барасың. Онда «Красная Нива» кеңшарының жастары кино көруге барамыз деп түнде жол апатына ұшырапты. Абырой болғанда, барлығы аман. Олар енді мұндай жағдайға душар болмас үшін сол жаққа барып қайт. Жастарға  қызмет көрсететін  бригада алып кеткін, – деді.
Тапсырманы алған соң, түскі үзілістен кейін аудандық мәдениет бөлімінен автоклуб, киномеханик, аудандық денсаулық бөлімінен бір-бір қызметкер және аудандық ішкі істер бөлімінен бір қызметкер алдым. Бірінші хатшыға қайта кіріп, «тапсырмаңыз бойынша бара жатырмын» деп  айтып шықтым.
Исмат ағамыз күнде таңертең аудандық партия комитетінің екінші хатшысы М.Мыңбаевқа қанша мал азығы дайындалды, қанша техника жұмыс істеп жатыр, қанша мал азығы ауданға жөнелтілгендігі жөнінде он бір шаруашылықтың мәліметін беріп отыруды тапсырды.
Штаб Шардара ауданы, «Қазақстан» кеңшарында орналасқан екен. Түнге қарай жетіп, келесі күннен бастап жұмысқа кірістік. Жұмысты реттеп алғаннан кейін Шардара аудандық партия комитетінің бірінші хатшысына баруға бел будым. Орекеңе – бірінші хатшы Орынбай Рахманбердиевке кіріп біраз мәселелер жөнінде айтып шықтым. Кейбір шаруашылық басшыларының біздің шөпшілерге қырын қарап жүргенін, шөбі нашар шыққан жерлерді оруға бергенін айттым сөз арасында. Ол кісі қағазына түртіп алды. «Басқа да проблемалар болса, ауыл шаруашылығы бөліміне айтып қоямын. Тікелей сол бөліммен жұмыс істей бер» деп мені шығарып салды. Орекең ағамызды сырттай білуші едім. Бірақ бірінші рет жүздесіп, қабылдауында болып, ауданға мал азығын дайындауда қордаланған мәселелерді шешіп алғаныма өзім іштей риза болдым. Әсіресе, ағаның қамқорлығы мені ерекше әсерге бөледі. Арада бір айдай уақыт өткенде маған жүктелген жұмыстар тиянақталып, ауданға 
қайттық. 
Орынбай ағамен екінші рет 1999 жылы Бәйдібек ауданы әкімі болып қызмет атқарған кезімде жүздестім. Жексенбі күні жұмыста қағаздарды қарап отыр едім, Жансейіт Түймебаев  кіріп келді. Ол кезде Жансейіт Қансейітұлы Президент аппаратында шеф протокол қызметін атқаратын. Амандық-саулықтан соң Жәкең:
– Ағыбетке нағашыларыма кетіп бара жатыр едім, онда анам Ұлмекеннің шешесі Бибісара апамыз тұрады. Сені жұмыста отыр деген соң кіріп шығайын деп келдім. Біздің жастық шағымыз Ағыбетте өткен. Ол жақ бізге «Артек» балалар лагері сияқты еді. Қолың бос болса жүр, бірге барып қайтайық, – деді. 
Сонымен, Ағыбетке шықтық. Онда үш жарым жыл «Майбұлақ» кеңшары партия ұйымының хатшысы болып еңбек еткенмін. Ол жақтың ой-шұңқырына дейін жақсы білемін. Автомашинамыз зырылдап келіп ең қарт коммунист Бибісара Шоңжігітова  апаның үйінің алдына келіп тоқтады. Апамыздың жасы 104-ке келсе де әлі ширақ.  Бірақ тұратын үйі сол баяғы қазақы қоржын там екен. Апаның шайын ішіп болған соң қайтып кеттік.
Дүйсенбі күні «Ақмаржан» акционерлік қоғамының президенті Орекеңе шығып, болған жағдайды түсіндіріп айтып, өтініш жасадым. Сол жылы жаңа үйдің құрылысы басталып, Бибісара апаның 105 жасқа толу кұрметіне баспана келер жылы пайдалануға берілді. Айта берсек, бір сөзді, уәдеге берік Орынбай ағамыздың осындай шарапатты істері көп-ақ. Атпал азаматты елге танытқан, абыройын асқақтатқан, көптің ыстық ықыласына бөлеген осындай игі істері болар.
Бұдан бөлек, Орынбай Рахманбердиев Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып жүрген кезде де ауданға көп қолдау көрсетті. 2008 жылы аудандық кұрылыс бөлімінің бастығы М.Төлегенов еді. Ол №19 Шаян көпсалалы колледжінің жобалық-сметалық құжаттарын дайындап, Астана қаласына алып барды. Орекең М.Төлегеновті сол кездегі ҚР Білім және ғылым министрі Ж.Түймебаевқа, ҚР Экономика және жоспарлау министрі Б.Сұлтановқа алып кіріп, 1,7 млрд. теңге тұратын Шаян көпсалалы колледжінің жаңа ғимаратын 2009 жылғы жоспарға кіргізіп, республикалық бюджеттен қаржыландыруға енгізуге тікелей ықпал етті. Қазір Шаянға кіреберістегі еңселі ғимаратта қаншама аудан жастары білім алып жатыр! Колледж алдынан өткен сайын Орынбай ағаның елге тигізген пайдалы тірлігі еске түседі.
Орынбай аға өнегелі өмір жолында елге қызмет етті. Қарапайым да парасатты мінезімен үлкен абырой, беделге ие болып, ел ағасы атанды. Қай кезде болса да көпке танымал азаматқа баға бергенде оның елге, туған жерге сіңірген еңбегі бірінші ауызға ілігеді. Орынбай ағаның елге сіңірген еңбегі лайықты бағаланып, «Құрмет», «Парасат», «Барыс» ордендерімен марапатталды, Бәйдібек ауданының құрметті азаматы атанды.
Мен абзал аға жайлы өзім куә болған жәйттерді ғана әңгімеледім. Орынбай ағаның азаматтық келбеті, ғибратты өмірі туралы  замандастары мен қызметтес болған інілерінің айтары көп екені белгілі. Бір сөзбен айтқанда, жомарттығы, мейірімі мен мәрттігі тау тұлғалы ағаның абыройын асқақтата берері сөзсіз. Жүзіңізден шуақ, деніңізден қуат кетпесін дегім келеді.

Жамбыл БАЙҒОНОВ,
Бәйдібек, Ордабасы,
Сарыағаш аудандары мен Түркістан қаласының құрметті азаматы.                               

Пікір қалдырыңыз