Ғаламшардағы жеті қазақ отбасы
Жазушы-фантаст Жүніс Сақұрпағының өткен жылы Астанадағы «Идеал» баспасынан жарық көрген «Кеңістік көшпенділері» атты сериялы ғылыми-болашақтық романының он алтыншы «Сөз сөндіруші» және он жетінші «Үркер үйірінде» атты бөлімдері оқырманға жол тартты.
«Сөз сөндіруші» ғылыми-болашақтық романының бірінші «Ауадағы сөз қоқысы» бөлімін «Жұқарған жүйке», «Жануарлар бағында», «Мекемеде айтылған жаңалық», «Тынымсыз ой толқыны», «Бақтағы байқампаздар», «Қоғамдық көлікте», «Қауіпті адам», «Үйдегі реніш», «Ұқсас адам», «Қапылыстағы қоршауда», «Ауадағы сөз қоқысы» тараулары құрайды. Онда бас кейіпкер, талантты өнертапқыш Ардан Аңсағанұрпағының өзі құпия түрде жасап алған сөз сөндіруші құралын жануарлар бағындағы жыртқыш аңдардың даусын өшіру үшін сынақтан өткізгені баяндалады.
Екінші «Қабілетті адам» бөлімін құрайтын «Жиналыстағы жағдай», «Түн мезгіліндегі қоңырау», «Ұқсас адамдар», «Үйдегі тыныштықта», «Құпия кеңес», «Жан-жақтан төнген қауіп», «Өнертапқыш іздеушілер», «Шақырылмаған мейман», «Бейнестудиядағы әбіржу», «Алғашқы жүздесу», «Ашық әңгіме» тарауларында Арданның сөз сөндіруші құралын сынақтан өткізу жолындағы іс-әрекетінің күрделілене түскені байқалады. Жануарлар бағында сөз сөндіруші құралымен арыстанның даусын бір сәтке өшіргенін сезіп қалған Торыбай Жоламанұрпағы бастаған бір топ жігіт Арданның ізіне түседі.
Торыбай бастаған топ қолдарына түсірген сөз сөндіруші құралының көшірмесін «Саяхатшылар үйі» мекемесінің басшысы Әліш Мәлкенұрпағына сыйға тартады. Ол оны өзінен жоғарыда отырған Бақберген Санатұрпағына береді. Осылайша бұл жаңалық ел басшысы Жансерік Жасарұрпағына жетеді.
«Қиын қақтығыстарда» деп аталған үшінші бөлімін құрайтын «Таудағы тыныштықта», «Еске түскен оқиға», «Күтпеген дағдарыс», «Қайта оралған бейтаныс топ», «Ұйқысыз өткен түн», «Шұғыл қойылған шарт», «Бөлмедегі үнсіздік», «Қолға түсірілген көшірме құрал», «Үні өшкендер» тарауларында Ардан аталмыш құралын ана тілінен өзге тілде сөйлеген қазақтарға қолданады. Бірде оны аңдығандар төс қалтасына салып алған сөз сөндіруші құралының көшірмесін алып қояды. Алайда, өнертабыс бір жұмыс істеп, бір өшіп қалып, одан адамдар зардап шегеді.
Ғылыми-болашақтық романның төртінші «Сөз сөндіруші» бөлімін құрайтын «Түпнұсқа құрал», «Шулы әлем», «Үнсіз айтыс», «Аса қымбат сыйлық», «Екінші әрекет», «Түндегі күзет», «Ерекше қабілет», «Саналы келісім», «Өзгерген пікір», «Қысқа дәурен», «Сөз сөндіруші» тарауларында Арданның ана тілінде сөйлемеген қазақтарға жасаған әрекеті жалғасын тауып, бұл құрал ел басшысы Жансерік Жасарұрпағының қолына тиеді. Ол қала маңындағы үлкен таудың биік жотасына сөз сөндіруші стансасын орнатқызады. Ардан Аңсағанұрпағын қабылдап, оған стансаның жақсы жұмыс істеп тұрғанын айтып, ризашығылын білдіреді. Ғылыми-болашақтық романның шарықтау шегі осындай үлкен жетістікпен аяқталады.
Ал, «Үркер үйірінде» ғылыми-болашақтық романындағы «Аспан ажары» бөлімін «Өзгеше шешім, «Ең әсерлі кеш», «Жол дастарқаны», «Жер төңірегінде», «Үркер жерге түскенде», «Жемісті жаз», «Кейінге сапар», «Жерден келген жаңалық» тараулары құрайды.
Екінші «Өзге өңірде» бөлімі «Ғажайып ғаламшар», «Аспан адамдары», «Байыпты бейтаныстар», «Қайтуға дайындық», «Құбырдағы кілтипан», «Бақтағы жүздесу», «Аспаннан келген кеме», «Уақыт талабы» атты тараулардан тұрады.
Сондай-ақ, «Қырандар елінде» деп аталған үшінші бөлімде «Кішкентай достар», «Күн көмкерген елде», «Алапат кеме», «Жанданған араласым», «Ұзатылған жеті қыз», «Тамаша сапар», «Жұлдыз жаңбыры», «Айрықша құрмет» атты тараулар қамтылса, романның төртінші «Бақыт ордасы» бөлімін құрайтын «Қимас сәтте», «Күтпеген хабар», «Қызғаныш қиянаты», «Екінші кеме», «Көрші ғаламшардағы қауышу», «Кезекті қауіп», «Қала маңындағы жарыс», «Жер жігіттері», «Бақытты шақ», «Бақыт ордасы» тарауларында қазақтың жеті жігіті мен жеті қызының ғарыш кемесімен саяхаттағаны, сол Шағырма ғаламшарындағы Қазақ еліне ұзатылғандары тартымды суреттеледі.
Д.ТОЙЛЫБАЙҚЫЗЫ.