ЖЕҢІМПАЗДАР АНЫҚТАЛДЫ

Пернебай САПАР,

«Оңтүстік Қазақстан».

Түркістанда театр тарланы Райымбек Сейтметовтың 85 жылдығына орай «RAIYMBEK FEST» І республикалық театр фестивалі мәресіне жетті. Төрт күнге созылған фестивальға КСРО Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек ері Асанәлі Әшімов, профессорлар Бақыт Нұрпейіс пен Меруерт Жақсылықова,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бахыт Сраилов, актер Балтабай Сейітмамытов, Қадыр Мырзалиевтің жары Сағатай Мурзалиева қонақ болып келді.

Сонымен бірге Райымбек Сейтметовтың жары Нинель Малдыбекқызы мен  ұлы Азат, Қазақстанның Еңбек ері Асанәлі Әшімов сөз алып режиссер жайлы әдемі естеліктерімен бөлісті.

Өнер майталмандары жиналған айтулы жиында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілі Мөлдір Оңдасынова ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің құттықтау хатын оқып, табыстады. Сондай-ақ Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев, Ясауи атындағы ХҚТУ-нің ректоры Жанар Темірбекова Райымбек Сейтметов жайлы лебіз білдірді.

Бұл өнер сайысына еліміздің әр өңірінен 11 театр ұжымы қатысты. Нәтижесінде Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театры «Көрермен көзайымы» номинациясына ие болды. Алматы қаласының «Жаңа ғасыр» театры «Қазылар алқасының арнайы жүлдесін» алды. «Екінші пландағы үздік ер адам рөлі» номинациясын Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының әртісі Абзал Төленов иеленсе, «Екінші пландағы үздік әйел рөлі» номинациясы Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының әртісі Анар Сағымбековаға бұйырды. Ал «Үздік әйел рөлі» номинациясы Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының әртісі Жауһар Еркінова, «Үздік ер адам рөлі» номинациясы Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театрының әртісі Асланбек Шайсұлтанов бұйырды.

Абай облысының «Дариға-ай» жастар театры «Заманауи тақырыпты игергені үшін», Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры «Үздік көркемдік шешім», Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры «Үздік актерлік ансамбль», Жамбыл облыстық орыс драма театры  «Үздік режиссерлік шешім», Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театры «Райымбек Сейтметов атындағы арнайы сыйлық» номинацияларымен марапатталды.

Түркістан облысы әкімдігі мен облыстық мәдениет және туризм басқармасы ұйымдастырған өнер бәйгесі жоғары деңгейде өтті.

Пікір қалдырыңыз