«Қалам ұшындағы ғұмыр»

А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасында жазушы, драматург Захардин Қыстаубайұлының 75 жасқа толған  мерейтойына арналған «Қалам ұшындағы ғұмыр» атты шығармашылық кеші өтті.  Кеш барысында қонақтарға «Қаламгер әлемі» атты жазушының шығармашылығына арналған көрме мен жазушыға деген ыстық лебіздерден тұратын баннер таныстырылды. Кешке Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы мен ішкі саясат басқармасы өкілдері, ақын-жазушылар, зиялы қауым,  ғалымдар, белгілі журналистер, студенттер, кітапханашылар қатысты.

Тарихшы Момбек Әбдіәкімұлы жүргізген жиын ұстаз-домбырашы Қалмахан Омар жетекшілік ететін «Ғасырлар үні» домбырашылар ансамблінің орындауындағы күймен басталып, қаламгердің өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін бейнебаян көрсетілді. Мерейлі мерейтойда үзеңгілес достары, қаламгерлер мен зиялы қауым өкілдері ақжарма тілектерін арнап, Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ студенттері жазушының шығармаларынан монологтар оқыды. Захардин Қыстаубайұлы өзінің шығармашылықтағы қызықты естеліктерімен бөлісіп, жастардың сұрақтарына жауап берді.

Журналист, жазушы, баспагер, драматург Захардин Қыстаубайұлының есімі оңтүстік өңіріне ғана емес, егемен елімізге етене таныс. Шығарма – жазушының айнасы. Ол айнадан оқырманға жазушының жақсы жазушылық болмысы жазған шығармалары арқылы көрініп тұрады. Мәселен, оның «Бозінген» повесіндегі Серпер арқылы қазақ ауылындағы бір отбасының тіршілігі мен бозінген күйінің шығуы,  «Жүректегі жүзік» әңгімесіндегі Жандос пен Жайдарманның адал, ақ ниетті алғашқы махаббаттары сөзімізге дәлел. Әрбір шығарманың тілі өте жеңіл оқылатыны сонша, өзің солармен бірге жүргендей сезімде боласың. Сонымен қатар «Алматының ақ жауыны», «Сүйріктің махаббаты», «Бәйтеректер» атты әңгімелер мен повестер жинақтары Зәкеңнің Ж.Аймауытов пен Б.Майлиннің  ізінен келе жатқан қаламгер екенін айшықтайды. 

«Көсем сөздерін ашық та ащы, дәлелді де дәйекті жазды. Шындықты. Көркем сөзде керемет көркемдікпен, астарларымен, терең тебіреністерімен, тек өзіне, қарымды қаламына, Қыстаубайұлына ғана тән сергек те серпінді, сұлу стильмен жүректерге жеткізеді шынайылықты» деп жазушы Мархабат Байғұт айтқандай, жазушымен өткізілген әдеби кеш сезімтал жастардың рухани кемелденуіне ерекше әсер етері сөзсіз.

Айта кетейік, іс-шара өлкемізден шыққан қаламгерлеріміздің шығармаларын насихаттау, оқуға баулу  мақсатында «Republic Day» іс-шарасы аясында өткізілді. 


Ф.КЕНЖЕЕВА,

кітапхана қызметкері.

Пікір қалдырыңыз