Мобильді аударым: түбіртексіз сауда жасауға болмайды

Мобильді аударымдардың қазақстандықтардың күнделікті өміріне еніп кеткені соншалық, кейінгі кезде қолма-қол, яғни қағаз бен тиын ақшалар қолданыстан шығып барады. Тіпті, мобильді қосымшалардың көмегімен көптеген қаржылық мәселені де тез арада шеше алатындай жағдайға жеттік. Дегенмен, кейбір кәсіпкерлер мұны салық төлеуден жалтаратын құрал ретінде пайдаланады. Сол себепті банктер бұдан былай мобильді аударымдар туралы ақпаратты мемлекеттік органдармен бөлісуге міндеттейді. Бұл жұмыс кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ.

Шымкент қалалық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Сапарбек Ешенқұловтың айтуынша, қазір кей кәсіпкерлер сатылған тауарына мобильді аударымдар арқылы ақы алады. Бірақ, ол үшін ешқандай чек берілмейді. Яғни бұл – көптеген кәсіпкерлер бақылау-касса машиналары мен POS-терминалдарды пайдаланбайды деген сөз. Заң жүзінде бұған әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Егер заң бұзушылық тағы да қайталанса, кәсіпкерге 15-тен 50 АЕК-ке дейін айыппұл салынады.
– Ата Заңға сәйкес, салық төлеу – әркімнің міндеті. Бұл бастама заңсыз кәсіпкерлікті көлеңкеден шығару мақсатында қолға алынып отыр. Келесі жылдан бастап банктер жеке кәсіпкерлердің мобильді аударымдарға қатысты барлық деректерін мемлекеттік органдарға береді. Мәселен, үш айдың ішінде 100 және одан көп әртүрлі адамдардан мобильді ақша аударымдары түссе, күдік туындауы мүмкін. Егер жүйе әртүрлі адамдардан түскен мобильді аударымдарды анықтаса, онда оларды тиісті органдар тексереді.
Былтыр бақылау-касса машиналарын қолдануды жеңілдету үшін оның функцияларын екінші деңгейдегі банктердің POS-терминалдарымен біріктіретін пилоттық жоба басталған болатын. Жобаға «Каспий банк», «Халық банк» және «Банкцентркредит» банктері қатысып жатыр. Мұның тиімді тұсы, бақылау-касса машиналары мен POS-терминалдан бір ғана чек беріледі, – деді Сапарбек Еркінбекұлы.
Қазіргі таңда осы чек бермеу фактілерін анықтау мақсатында «Азаматтық бақылау – чекті талап ет!» акциясы өткізіліп жатыр. Егер мобильді аударымға қатысты заң бұзушылар анықталса, «Wipon cashback» тегін мобильді қосымшасы арқылы хабарлауға болады. 
Бұл өзгерістер салықты мерзімінде төлейтін адал салық төлеушілерге әсер етпейтінін айта кеткен жөн. Жеке адамдар бұрынғыдай туыстарына, достарына, ата-аналары мен балаларына мобильді аударымдар жасап, олардан ақша қабылдай алады.   

Д.ЖҮСІПОВ. 
Пікір қалдырыңыз