Замандас SMM-ші Данагүл
Бүгінде электронды жүйенің дамығаны сонша, адамдар
әлеуметтік желіде отырып-ақ ақша таба бастады. Солардың бірі – Данагүл Әкім жас
та болса өз еңбегінің жемісін көріп отыр. Қазір Данагүл тек SMM саласында жұмыс
істеп қана қоймай, өзі сияқты жастарды оқытып, олардың да табыс табуына күш
салып жүр. Біз Данагүл Нұржанқызымен жолығып, мамандығының қыр-сыры жөнінде
сұрап білген едік.
–Осы кәсіпке бет бұруыңа не түткі болды? Сұрағымызды осыдан бастасақ...
–Студенттік шақта ақшадан тарығып, қысылып жүретін кездер
көп болады ғой. Мен де басқа студенттер сияқты күніне 2000 теңге табу үшін
жұмыс істедім. Пәтерақы, күнделікті шығындарым бар дегендей. Күніне 2000 теңге
тапсам, оның 600 теңгесі жолға кетеді. Алғашында өзім оқыған колледжде даяршы
болып жұмыс істедім. Ата-анамнан алыста тұратындықтан, олардан ақша сұрауға
қысылатын едім. Негізі SММ туралы 3 жыл бұрын естіген едім. Бірақ аса мән берген
жоқпын. Ақшадан қатты қысылған соң бір кісіден SММ-нің қыр-сырын үйренетін
болып шештім. Әрине, басында оңай болған жоқ. Менің SММ саласына келуім осылай
басталды.
-SММ маманының орташа табысы қанша? Бір жылда қанша табыс табуға болады?
–Бастапқыда 200 мың теңгедей таптым. Кейін жұмысым
дөңгеленіп, 1 000 000 теңгеге
дейін табыс табатын болдым. болды. Өзім студент болғасын бұл ақша маған өте көп
болып көрінетін. Бірақ, мен жұмысты таргеттен бастадым. Ал, таргеттен сіз көп
ақша таба алмайсыз. Қазір құдайға шүкір орташа табысым 3-4 миллион тенгеге
жуықтайды.
-Осыдан бір жыл бұрынғы Дана мен қазіргі Дананың айырмашылығы қандай?
–Иә, үлкен айырмашылық бар деуге болады. Менің қазір
өмірге деген көзқарасым өзгерді. Алдыма мақсат қойып, ептеп жылжып келемін.
Қазір ортама көбірек мән беремін. Себебі, адамды өзгертетін орта ғой. Дегенмен,
өз басым мұндай өзгерісті күтпеген едім.
Қазір SMM-нің осы маркетинг саласына қызғушылық білдіріп
жатқандар өте көп. Бәсекелестік артып келеді. Адам көбейген сайын жұмыс та еселене
түседі. Қазір бұл салада жүргендер тек үлкен қалаларда ғана жұмыс істейді. Сауда-саттық
дегеннің өзі қаншама ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан дүние ғой.
–Сауда-саттық деп қалдыңыз, демек, SMMдегеніміздің өзі сатумен байланысты
болып тұр ғой...
–Иә, дәл солай. SММ белгілі бір затты әлеуметтік желілер
арқылы сатады. Қазір онлайн дүкендерге әлеуметтік желілерде отырып-ақ тапсырыс
берген әлдеқайда тиімді. Осы тұрғыдан келгенде, SММ мамандар онлайн сауданы
жандандырып отыр деуге болады.
–Сенің SММ ғана емес, инфобизнеспен де айналысатыныңды білеміз. Дегенмен,
бұл саланы түсінбейтіндер көп. Жұмыс істеу қиын емес пе?
–Жұмыстың ауыр-жеңілі жоқ. Инфобизнес те бұрыннан келе
жатқан сала. Уақыт өте бұл да актуальды салалардың бірі болатынына сенімдімін.
–Өзің осы салада тәжірибе жинақтап жүрген білікті мамандардың бірісің.
Бесаспап маман болу үшін қандай қасиеттер қажет?
–Әрине, бұл саланың да өз қиындығы бар. Ең бірінші
жауапкершілік болу керек. Екіншіден, креатив керек. Қазір адамдарды таңқалдыру
қиын, сол себепті қиялдың ұшқырлығы қажет. Үшіншіден, үнемі ізденісте болуыңыз
қажет. Төзімді бола білудің де артықтығы жоқ. Кейде барлығы біз ойлағандай бола
бермейді. Сол себепті адамдарға мықты төзім қажет. Ең соңғысы, сіз өз
кәсібіңізді сүйе білуіңіз керек. Тек ақшаға жұмыс жасайтын болсаңыз, ертең
қиындықтар туындауы мүмкін. Ал, кәсібіңізді жақсы көріп істесеңіз, жұмыстан ешқашан жалықпайсыз. Осы бес
қасиетті атар едім.
–Өзің сияқты жастарға қандай кеңес берер едің?
–Кез келген жұмысты қорықпай бастау керек. Сосын дәл осы
салада жұмыс істейтін адам өзімшілдіктен аулақ болуға тиіс. Жақында тапқан
табысыма шетелде демалып келдім. 15 жасар кәсіпкер баланың сол жақта демалып
жүргенін көргенімде, кәсіп бастауға жастың кедергі болмайтынын аңғардым. Ол
адамның өзіне байланысты дүние. Не дегенмен, жас кезде қиялың ұшқыр, күш-қуатың
тасып тұрады ғой. Есейгенде сол еңбегіміздің жемісін көреміз деген үміттемін.
–Әңгімеңізге рақмет, жұмысыңызға табыс тілеймін!
Әңгімелескен Қымбат
ЖАРЫЛҚАСЫН
Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық
қатынастар және Әлем тілдері университетінің 2-курс студенті.