АЛТЫН ҚҰРСАҚ ОҢТҮСТІКТЕ МЕКТЕП ЖЕТІСПЕЙДІ


Ертеңін ойлаған ел инвестицияны білімге салады. Оның өміршең болатындығына тарихта мысалдар сансыз. Басқа басқа, Азия елдерін ғана алсаңыз бергісі Қытай, одан әріректе Жапония мен Оңтүстік Корея мемлекеттеріндегі бүгінгі жағдайды елдің экономикасын көтерген білімді жастармен өлшеуге болады.

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қазақстанды құрудағы мақсатының бірегейі етіп жас ұрпақтың саналы білім алуы екендігін күн тәртібіне шығарды.

Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында сыбайластықпен байыған шенеуніктерден тәркіленген қаржының бірінші кезекте мектеп салуға жұмсалатындығын айтты. Жолдауда «Жалпы, мектеп салу үкімет пен әкімдіктердің басты міндеттерінің бірі болуы тиіс» деп атап көрсетті.

Үкімет отырысында да Премьер-Министр Әлихан Смайылов жемқорлық бойынша тәркіленген ақшадан 70-тен астам мектеп құрылысына қаражат бөлінетінін және бұл шара барлық өңірді қамтитынын атап өткен болатын.

Осыған байланысты мен ҚР Премьер Министрінің орынбасары Алтай Сейдірұлы Көлгіновке депутаттық сауал жолдадық. Бүгінде Түркістан облысында орта білім беру мекемелерінің саны 961 болғанымен өңірде мектеп жетіспеушілігі өзекті мәселе күйінде қалып отыр.

Алтын құрсақ Оңтүстік елімізде туу өсімі бойынша көшбасшылардың бірі. Биылдың өзінде жыл соңына дейін 60 мыңға жуық сәби дүние есігін ашады деген болжам бар. Өткен жылы 54570 бала мектеп табалдырығын аттаған. Кейбір мектептерде 1-сыныпқа барған балалардың саны 300-ден асып кеткен. Жекелеген сыныптағы оқушылардың саны 40-тан асады.

Мұндай жағдайда сапалы білім туралы сөз қозғауға бола ма? Облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының мамандары жаңа оқу жылында 1-сыныпқа 55 мыңнан аса бала барады деп отыр. Сондықтан да Түркістандағы орта білім беру саласындағы қордаланған мәселені шұғыл шешпеске болмайды.

Біздің анықтағанымыздай, оңтүстіктегі 15 аудан мен 2 қала бойынша 117 мектеп күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді қажет етеді. Бүгінде бірінші кезекте 25 мектеп тұр. Сол сияқты саман кірпіштен өрілген 40 апаттық оқу орны мектеп жетіспегендіктен әлі де жұмыс істеп тұр.

«Жаман айтпай жақсы жоқ», техникалық қауіпсіздігі күмәнді осы ғимараттардың аяқ астынан апатқа ұшырамасына ешкім кепілдік бере алмайды.

Түркістан облысындағы орта білім беру мекемелері жағдайы өте өзекті және шұғыл араласуды қажет етеді. Осы мәселенің негізінде, Мемлекет басшысының және Премьер-Министрдің тапсырмаларына сәйкес, оның ішінде 35 мектеп (бірінші кезекте) апатты екенін ескеріп, «Білім беру инфракұрылымын қолдау қорынан» заманауи талаптарға сай келетін, үлгілік жоба бойынша 121 мектептің құрылысын жүргізуге тиісті қаражат бөлу қажет.

​​​Қайрат Балабиев,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.

Пікір қалдырыңыз