Түркістан театрында алғаш рет музыкалық комедия сахналанады

«Беу, қыздар-ай!» спектаклі көрерменге ұсынылмақ.

Бұл туралы бүгін Түркістан музыкалық драма театрында өткен баспасөз жиынында жаңа қойылым режиссері Олжас Жақыпбек мәлімдеді. Оның айтуынша жарты ғасыр бұрын жазылған шығарманы театрдың жас актерлары мен балет әртістері қайта жандандырады. Сонымен қатар, басты рөлді сомдайтын өнер иелері мен шығармашылық топ журналистердің сұрақтарына жауап берді.

 

Қанабек Байсейітов пен Қуандық Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай!» комедиясы – Кеңес заманында  Социалистік Еңбек ері Зылиха Тамшыбаеваға арнап жазылған шығарма.  Заманауи өзгертілген «Беу, қыздар-ай! » спектаклінің көтерген тақырыбы әлеуметтік желінің белең алуы, ауылдағы білікті мамандар тапшылығы, қыздарға өзіне лайық  теңін табудың қиындығы сияқты келелі мәселелер болып саналады.   

 

Спектакльді замануи сахналаған талантты, жас режиссер  және композитор – Олжас Жақыпбек, театрдың көркемдік жетекшісі – Айнұр Көпбасарова, балетмейстер – Мадина Мұратбекова, гримм бойынша суретші – Адэль Нұрқасымова, қоюшы суретші – Нұрлан Төлешов. Әубәкір рөлін  Данияс Нұрқабден мен Рамазан Өмірзақ сомдаса, композитор Сұлтан – Мұзафар Ғалымжанұлы мен Айбек Боранбаев және режиссер Хасен – Шерхан Саматұлы және Болатбек Оспан, Айсұлу рөлін Шұғыла Жәнібекова мен Ақбөпе Жеңсікбай ойнайды.

 

Айта кетейік, 1-2 және 7-8 мамыр күндері Түркістан музыкалық драма театры алғаш рет музыкалық комедия – «Беу, қыздар-ай!» спектаклінің  премьерасын көрерменге ұсынбақ. Сахнаға шыққанына қанша уақыт өтсе де, «Беу, қыздар-ай!» көрермені көп, құндылығын жоғалтпаған туынды.

Пікір қалдырыңыз