БИОДИЗЕЛЬДІҢ БОЛАШАҒЫ ЗОР


Қазақстанда биодизельдік отынның негізгін құрайтын компонентерінің бірі - рапс майын өндіретін «ЭФКО – Алматы» атты үлкен кәсіпорын бар. Оны біздің жерлесіміз, Шымкенттің тумасы, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің түлегі Маратжан Усманов басқарады. Болашағынан үлкен үміт күттіретін инженер-биотехнолог бұған дейін тамақ өнеркәсібінде, оның ішінде, Snickers, Mars, Twix, Bounty, Orbit, Whiskas, Pedigree және басқа да брендтік өнімдерге иелік ететін американдық Mars компаниясында, Danone сүт өнімдерін өндіруге маманданған компанияда іскерлік тәжірибеден өткен.

-Халықаралық «EFKO» компаниялар тобының құрамына кіретін біздің кәсіпорын Қазақстандағы май өндіретін іргелі кәсіпорындардың бірі. Бүгінгі таңда кәсіпорынның 450 тонна рапс, 500 тонна көлемінде соя өсімдігін өндіруге мүмкіндігі бар. Өндірісті жаңғырту және өндіріске енгізілген жаңа технологиялардың арқасында кәсіпорын соңғы жылдары шикізатты терең өңдеу негізінде жоғары сортты сапалы май шығаруды жолға қойды. Кәсіпорын бүгінде еліміздің ішкі қажеттіліктерін өтеп қана қоймай, отандық өнімді экспортқа шығара бастады. Бізде негізінен соя, рапс сияқты майлылығы жоғары дақылдардан өндірілген өнімдер сатылады. Соңғы жылдары кәсіпорынның өнімді өткізу нарығы біртіндеп кеңейіп келеді. Қазір біздің өнімдерге Қазақстанның ішкі нарығынан бөлек Қытай, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан елдерінен сұраныс мол, - дейді Маратжан Махсатұлы.

Айтса, айтқандай, қазір әлем бойынша биодизельдік отынға сұраныс артып келеді. Өйткені, оның адамға және қоршаған ортаға зияны жоқ, биологиялық тұрғыдан өте қауіпсіз. Жерге аққан жағдайда небәрі үш аптада ыдырап кетеді. Егер су көліктерін биодизельдік отынға көшірер болсақ, өзендер мен көлдердің ластануын барынша азайтуға мүмкіндік берер еді. Оның судағы өсімдіктер мен  су жануарларына да залалы жоқ.

Кәсіпорын басшысының айтуынша, биотын өндірісінде рапс майын кеңірек пайдаланудың маңызы өте зор.

-Қазір компания өнімдерін Еуропа нарықтарына жеткізу географиясын кеңейту бағытында жұмыс істеп жатыр. Тек Еуропа ғана емес, әлем бойынша баламалы энергия көздерін пайдалану өзекті болып тұр. Дегенмен, бұл жерде қоршаған ортаны ластауды азайту, импорттық энергия тасымалдаушыларға тәуелділікті азайту және қалдықтарды қайта өңдеу сынды мәселелер бар. Баламалы энергия көздерінің бірі – органикалық шикізаттан жасалған өнім. Ол биоэтаноль, биодизель және биогаз болып бөлінеді.

Әдетте, биодизель өсімдік майынан жасалып, дизельдік отынмен бір қоспада қолданылады. Оны пайдалану арқылы көмірқышқыл газының, күкірттің шығындыларын азайтуға болады. Биотын суға аққан жағдайда өсімдіктер мен су жануарларына зиянын тигізбей, бір айдың ішінде топырақта ыдырап кетеді. Қазір рапс майы  - Еуропадағы ең танымал биотын шикізатының бірі. Халықаралық тұрақты даму институтының деректері бойынша 2020 жылы өндірілген өнім көлемінің 50 пайыздан астамын рапс майы құраған. Дегенмен, ендігіде арзанырақ пальма майымен бәсекелестікті арттыра түсу керек, - дейді кәсіпкер.



Көпшіліктің көкейінде өсімдік шикізатынан биодизель өндіру мұнай қорларын алмастыра ма деген сауал туындауы мүмкін. Бірден айтайық, мұнай қоры алмастырылмайды. Себебі, қайта қалпына келетін мұндай шикізатты пайдалану, әсіресе, мұнай өңдеумен айналысатын кәсіпорындар үшін өте өзекті. Олар мұнай қалдықтарынан толықтай автономды болуға мүмкіндік беретін жоғары сапалы отын шығара алады. Минералды дизельдік отын күкірт қосылыстарынан тазартылғаннан кейін майлау қасиетін жоғалтса, онда биодизель дизельдік отынға қарағанда күкірт мөлшері аз болса да жақсы жағармай қызметін атқарады. Бұл бір жағынан оттегінің болуына да байланысты. Мәселен, Германиядан келген бір жүк көлігі Гиннестің рекордтар кітабына енгізілген. Өйткені, ол өзінің биодизельді қозғалтқышымен 1,25 миллион шақырымнан астам жол жүрген.

Биодизельдік отынмен жұмыс істегенде іштен жану қозғалтқышы бір уақытта қозғалатын бөліктерді майлап отырады. Осының арқасында қозғалтқыштың өзі және жанармай сорғысының қызмет ету мерзімі 60 пайызға артады екен.

Маратжан Махсатжанұлының пікірінше, Еуропадағы биодизель өндіретін өндіріс көлемі ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз ете алмай отыр.

-Сондықтан биодизельдің бір бөлігі импортталып жатыр. 2022 жылы импорттың ең үлкен көлемі Нидерланды, Испания, Италия және Германияға тиесілі болды. Сол уақытта Германия мен Нидерланды ең ірі экспорттаушылар қатарынан көрінді. Әлемдегі бүгінгі геосаяси жағдай және Украинада рапс майын өндіру көлемінің қысқаруы Қазақстанның еуропалық нарық алаңына өз өнімдерін жеткізу көлемін ұлғайтуға жол ашып отыр. Бұл - биодизель отынын өндіретін «EFKO KAZAKSHTAN» компаниясының маңызы бағыттарының бірі. Биодизель отынын өндіру бір жағынан ауа қабатына шығатын зиянды заттарды айтарлықтай азайтып, біз тыныс алатын ауаның таза әрі қауіпсіз болуына мүмкіндік береді, - дейді кәсіпорын басшысы.

Биодизель отын ретінде қандай артықшылықтарға ие? Енді соған тоқталайық. Айталық, оны пайдаланған кезде ауа қабатына сульфаттардың, көмірқышқыл газының және қатты бөлшектердің шығарылуы азаяды. Жерге төгілген жағдайда құрамындағы заттар үш аптада ыдырап кетеді. Яғни экологиялық қауіпсіздігі тұрғысынан өте пайдалы. Сонымен қатар оның құрамында күкірт мөлшері өте аз, есесіне, жанғыштығы жоғары, көліктің бөлшектерін тереңірек майлайтын қасиеттері бар. Бір сөзбен айтқандай, биодизель – болашақ отынның баламасы. 


Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ,

«Оңтүстік Қазақстан».

     

Пікір қалдырыңыз