Декларация Оны кімдер және қалай тапсырады?

Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, «Салық туралы» кодексінде көрсетілгендей, жалпыға бірдей декларациялау төрт кезең арқылы жүзеге асырылады. Оның алғашқы кезеңінде, яғни 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар мен олардың жұбайларына, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген және оларға теңестірілген азаматтар мен олардың жұбайларына декларация тапсыру көзделген. Бұдан өзге «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы», «Сақтандыру қызметі туралы», «Бағалы қағаздар нарығы туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тиісті адамдар да декларация тапсыруы тиіс. Бірінші кезеңде міндеттелген 35 546 жеке тұлға 2021 жылы активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны табыс етті.

Ал, былтыр жеке тұлғаның кірістері мен мүлкі туралы декларацияны 36 681 жеке тұлға тапсырып, көрсеткіш 98 пайызды құрады. Дегенмен, жеке тұлғаның кірістері мен мүлкі туралы декларацияны тапсыруға міндеттелген 593 жеке тұлғаның тиісті құжаттарды мерзімінде өткізбегендігі анықталып, аталған азаматтарға хабарламалар жолданды. 191 тұлғаға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 272-бабының 1-тармақшасына сәйкес, ескерту жасалды. Бұдан бөлек 56 жеке тұлғаның құжаты өзге аумақтарға тіркелгендігі анықталып, кері қайтарылды. Сондай-ақ, 346 жеке тұлғаның мекенжайларына пошта арқылы ұйғарымдар жолданды.

Екінші кезеңге сәйкес, биылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері мен олардың жұбайларына, сондай-ақ, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жұмыскерлері мен олардың жұбайларына активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны өткізу міндеттелген. Осыған байланысты, облыс көлемінде екінші кезеңде тізімде тұрған 1 757 мемлекеттік мекеме мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің 148 532 қызметкері мен олардың жұбайлары декларация тапсыруға міндеттеліп отыр. 

Үшінші кезең бойынша 2024 жылдан бастап заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары (қатысушылары) және олардың жұбайлары, дара кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары декларация тапсырады. 2025 жылы қорытынды кезеңде азаматтардың қалған санаттары, яғни елдің барлық ересек халқы декларация тапсырады. Ескерте кететін жайт, оны қағаз түрінде 2023 жылғы 15 шілдеге дейін, электронды түрде 2023 жылғы 15 қыркүйектен кешіктірмей тапсыру қажет. Жеке тұлғалар жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне қатысудың алғашқы жылында активтері мен міндеттемелері туралы декларациясын ұсынуға міндетті. Кейінгі жылдары кірістері мен мүлкі туралы декларация тапсырады.

Айта кетерлігі, Қазақстан Республикасының уәкілетті органдарында тіркелген жылжымайтын мүлік және көлік құралдары туралы мәліметтерді декларацияда көрсетудің қажеті жоқ. Себебі, бұл мәліметтер мемлекеттік кіріс органдарының базаларында бар. Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны үйден шықпай-ақ электронды түрде салық төлеушілер кабинеті (cabinet.salyk.kz), «электронды үкімет» порталы (egov.kz), сонымен қатар, eSalykmobil және eGovmobile мобильдік қосымшалар арқылы тапсыруға болады.

Ерұлан МЫРЗАТАЕВ,

Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары.

2 пікір

  • Тұрғанбай Тұрғыт
    Тұрғанбай Тұрғыт

    "Дикларатция"- деп үйі жоқ жұмысы жоқ адамға не қажеті бар? Жолдасым тех персанал боп жұмыс істейт. Оған декларатцияның не қажеті бар соны түсінбейм???? 500-мың кредиті бар ет соның бір айы қалды сомен бітет

  • Малинбанва Тажихан
    Малинбанва Тажихан

    Декларацияны бай-бағланнан талап етіңіздер, шетелге тыққан дүние мүлік, жылжымайтын нысандарына есеп берсін!

Пікір қалдырыңыз